«Өнер-білім бар жұрттар…»

Астанадағы «BINOM SCHOOL Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-лицейінде «Бүкіл әлем сөйлейді нақты ғылым тілінде» атты апталық өтті. Апталықтың мақсаты – информатика мен физика сабақтарында және сабақтан тыс іс-шараларда оқытудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың білім алуға қызығушылығын арттыру, ой-өрісі мен таным белсенділігін жан-жақты жетілдіру.
Апталық аясында 1-ден 11 сыныпқа дейінгі қызығушылық танытқан барлық оқушылар қамтылып, өздерінің ғылыми бағыттағы ұсыныстары мен жобаларын таныстырды. Ғылыми әдістемелік жұмыс бойынша директордың орынбасары Дидар Қаирова: – Апталық 2022-2023 оқу жылының бірінші жартыжылдығы мен екінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдыққа жоспарланған аптада оқушыларға жұмыстың бағыт-бағдарын ұсынамыз, келесі жартыжылдықта қорытындысын шығарамыз. Осы аралықта оқушылар өздерінің ұсыныстары мен жобаларын аяқтайды. Мектебімізде «Робототехника», «STEM технология», ғылыми жобалар бойынша және басқа да түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ғылыми жобалармен айналысатын оқушылар бар. Оқушыларды ғылымға ынталандыру, зерттеушілік қабілетін дамыту, meta танымдық дағдыларына назар аудару мақсатында жан-жақты білім беруді қамтимыз. Бүгінгі күні оқушы тек пәннің аясында қалып қоятын болса, бір сарынмен шектеледі. Білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан бірінші міндет – кешенді білім беру арқылы оқушылардың таным көкжиегін кеңейту және әр оқушының өзіндік таным қабілетін қалыптастыру. Мысалы, егер оқушы робототехникамен айналысатын болса, физика, химия, биология, цифрлық қажеттілікті дамытуға арналған тапсырмалар арқылы бір жұмыстың аясында бірнеше ғылымды қамтитын жобаларды бастау, яғни оқушының meta таным дамыту. Бұл біздің мектептің негізгі бағыты,- дейді.


BINOM мектептер жүйесінің негізгі ерекшеліктеріне тоқталғанда алдымен оқушылардың ХХІ ғасырда нақты ғылымдарға бейімделу дегеннің не екенін түсінуіне, білімге деген қажеттілік неден туындайды, адамға білім не үшін қажет, ғылым деген не деген нақты сұрақтарды саналы түрде түсінуіне бағыт-бағдар бере отырып, әр баланың өз қабілетін толық ашуына, одан әрі интеллектуалды, индивидті тұлға тәрбиелеуге басымдық беретінін атап айтуымыз керек. Сонымен қатар әрбір ұстаздың, педагог маманының мәртебесін шығармашылық тұрғыда жетілуіне жағдай жасайтынын назардан тыс қалдыруға болмайды.
Дегенмен, былтыр ғана ашылып, әр тараптан оқушылар жинап, бүгінде нақты мақсат-міндет биігінде жұмыс істеп жатқан мектеп ұжымы оқушыларды қаншалықты деңгейде қызықтыра алды. Мектепте өтіп жатқан апталық жұмысына оқушылардың қатысу белсенділігі қандай деген сұрақтар да туындайды. Дидар Қаированың айтуынша, оқушылар көбіне қолға ұстап көретін, STEM технологиялары бойынша жасампаз дүниелерді жақсы көреді. Физика, химия, биология пәндерін лаборатория кабинетінде зерттеу жүргізуге, тәжірибе жасауға қызығушылықтары өте жоғары.
Ал Әдістеме бірлестік жетекшісі Миргуль Қажитаеваның айтуынша, апталықтың бірінші жартыжылдыққа жоспарына сәйкес оқушыларды ғылыми жобаларға көбірек тарту, олардың қызығушылығын арттыру бойынша ұстаздар нақты тапсырмалармен жұмыс істеген. Нәтижесінде апталықтың ғылыми зерттеушілік және тәжірибе алмасу бағыты жоғары деңгейде өткен. Жұмыстар келесі жартыжылдықта қорытындыланып, есебі берілетін болады. – Апта бойына «Ой талқы», дизайн, 10-11 сыныптар арасында «IoT технология» шеберлік сыныбы, STEM олимпиада, «Сынып жетекшісі және ата-ана» чат-бот құру, Квест, Голдберг кубгы, Робот жарысы, физикалық марафон, Лессон стади кіріктірілген сабағы, BINOM мектептері арасында Скретч олимпиадасы, коучинг, физика информатика пәндерінен STEAM жобалар сайысы ұйымдастырылды. Мысалы: Оқушылар қолдарына берілген құралдардын өз идея, қиялдарымен ұзындығы 10 см мен 60 см аралығында заттар құрастырды. Сонымен қатар жұмыртқаны 2 метр биіктіктен лақтырғанда жарылмау техникасы бойынша әдіс-тәсілдер көрсетілді. Оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылығы мен инженерлік қабілетін дамыту, бағдарламалау бойынша сайыстар болды. Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Дүниеде жоқ нәрсені ойлап табуға деген ұмтылыстары мықты,- дейді.
Көріп отырғанымыздай ХХІ ғасыр – ғылым мен ақпараттық технология қарыштап дамыды. Алақандай смартфонға ғаламды сиғызған адам миының мүмкіндіктері ғылыми негізде қиял-ғажайып болып саналған сан алуан құбылыстарды шындыққа айналдырып жатыр. Қазақстан республикасында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаңғыру» сынды ұлттық жобалар негізінде халықтың, әсіресе жастардың білім, ғылымға ұмтылуын, ұлттық шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін қолдау, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Әсіресе соңғы жылдары заманауи үлгіде оқушыларды білім мен ғылымға баулудың жаңа тәсілдеріне сүйенген BINOM мектептері секілді таңдаулы жүйе іске қосылды. Оқыту тәсілі отандық модельмен қатар Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбританияның озық халықаралық жүйесіне бейімделген мұндай мектептердің әлеуеті зор. Мұндағы педагогикалық орта оқушыларды ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектеріне негізделген «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қағидасы тұрғысында оқытып, тәрбиелейді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойында еліміз дамуының бірден-бір жолы ғылым екенін айтып, адамзат баласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне тоқталған-ды. Мемлекет басшысы: – Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. «Адамзаттың екінші ұстазы» – Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі, — деген болатын. Жоғарыда айтқанымыздай, BINOM мектептері халқымыздың білім-ғылымдағы сабақтастығын жалғап, заманауи негізде жетілдірудің даңғылын бағыт-бағдар етіп алды. Мектепте ұйымдастырылған «Бүкіл әлем сөйлейді нақты ғылым тілінде» атты апталық негізінде оқушылар ғылыми жобаларға старт алды. Биылғы оқу жылының екінші жарты жылдығында оқушылардың ғылыми жұмысының қорытындылары шығарылып, нәтижесі жарияланатын болады. Бұл жоба келесі оқу жылында да жалғаса отырып, оқушыларды нақты ғылымға баулудың алғашқы баспалдағы болмақ. Сондай-ақ пән мұғалімдерінің де шығармашылығын шыңдауға, озық тәжірибелерін әріптестермен бөлісуіне мүмкіндіктер жасалады.
Қазақтың ағартушы-ұстазы, ақын Ыбырай Алтынсарин:
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды…» деп білім мен ғылымға ұмтылған елдердің ХХ ғасырдың басында-ақ ғылыми технологияның артықшылықтарын көре бастағанын насихаттап, қазақ халқының өркениетті, дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін алдымен жастарды оқу-білімге шақырғанын білеміз. Ендеше мемлекет тарапынан білім-ғылымға нақты қолдау, жағдай жасалып отырған қазіргі уақытта оқушыларымыз бен жастардың ғылым, білім биігінде бағындырар шыңдары көп болатынына сенеміз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ