Өміріңді бағала!

Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, жарқ етіп өте шығады. Әрбір өтіп жатқан сәт сен үшін қымбат. Барлық қатені танып, түзетсе, орнын толтырса, кешірімділікпен қаралады. Бірақ біз бір рет қана өмір сүреміз. Сондықтан да, әр күніңді ардақта.  Кейде уайым жетегіне түсіп кетуің мүмкін. Әлдененің жетіспеушілігіне налып, немесе кемшіліктерді көтере алмай жатуың мүмкін. Өмірден түңіліп жүргенде, өмірдің тамашасы мен кереметін ұмытып кетпе. Барлығын ысырып тастап, өмірге тек сол қиындық көзімен қарап, түймедейді түйедей қылудан аулақ бол!  Өмір  қиындықтан ғана тұрмайтындығын, әр нәрсенің шешімі барын есте сақта. Қатерлі қадамға бармау үшін сені тыңдайтын, түсіністікпен қарайтын адаммен сөйлес. Өз-өзіңді бағала, құрметте. Қиындықтың бәрі өткінші. Ата-анаңмен сөзге келіп қалсаң, немесе мұғалімнен сөгіс естісең, кездейсоқ қылмыстық іс жасап алсаң, бұл дүниеден түңіліп, өз-өзіңе қол жұмсауға ұмтылма!.

Өз-өзіне қол жұмсау қылмыс, мұндай шешім қабылдайтын адам өз ғұмырын ғана қиып қоймай, ата-анасын орны толмас өкінішке қалдырады. Сонымен бірге, бүкіл әулетіне қара дақ келтіреді. Басыңа түскен қиындықтан өлім арқылы құтылам деп ойлау қателік. Соңында зар илеп жылап қалатын ата-ана, бауырлары, туыстары бар. Ислам діні өмірдегі қиыншылықтарды жай ғана Алланың сынағы деп түсіндіреді, оның артынан жақсылық болатынына сендіреді.  Алладан үміт үзбей, сабыр сақтап, өзін-өзі өлтіруден сақтандырады. Мұсылман діні өз-өзіне қол жұмсаған адамды жақтамайды. Ислам дінінде суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнәға жатады. Өйткені адамдардың өзін-өзі өлтіруі шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең екен. Алла Тағала былай дейді: «…өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» («Ниса», 29, 30). Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Алла Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады. 

Бүгінгі таңда біздің қоғамды өз-өзіне қол жұмсайтын жастардың көбейіп бара жатқаны толғандырып отыр. Англияда өзіне өзі қол жұмсаған адамды жазалайды екен. Ұлыбританияның заңы бойынша, бір бала сондай қа­дамға барса, қылмысқа барды, әке-шешесіне ұят келтірді деп есептейді. Яғни, өзін өзі өлтіру – қылмыс. Бірақ кейбір балалар өзіне қол жұмсауы арқылы ата-анамды жазаладым деген қате түсінікте болады. Сондықтан Англияда баланы кішкентай кезінен ондай қылмысқа бармау үшін тәрбиелейді. Әңгімелесіп отырып түсін­ді­реді. Англияда өзіне өзі қол жұмсайтын адамдардың саны өте аз.

Біздің елде балаларға кеңдікпен, мейірімді көзқараспен қарайды. Өлімге, өмірден түңілуге мажбүрлемейді. Қоғам болып, адамдар болып баланың тірі жүруін, өмір сүруін қолдайды. Психикалық тоқырау, тосын жағдайға ұшыраудан барынша сақтандырады. Сөйлесу, ақылдасу, кеңесу арқылы кез-келген тығырықтан шығуға жол бар. Бір сәттік соққыдан есеңгіреп кетуге, түңіліп қашуға асықпаған жөн. Ашуға, ызқорлыққа, намысқойлыққа, эмолоцияға беріліп бәрінен «құтылу» деген ақымақтыққа апарады. Суицид жасаған адам өзіне ғана зардап тудырмайды. Ол ата-анаға, туыс-туғанға қайғы-құасірет әкеледі. Алда болатын не керемет жақсылықтыардан мақұрым қалады. Әулетке, шаңыраққа қара күйе, айықпас азап арқалатады. Өзіне-өзі қол жұмсау қоғам құптамайтын, адамдар ұнатпайтын, жақындарың жақсы көрмейтін өте абройсыз шешім. Ол дерттен өмірлік терең көзқарасы бар, тіршілік дүниесіне сүйіспеншілікпен қарайтын, өмірге құштар жандар ғана аулақ болады.

Ата-анаға кеңес:

Жасөспірім деген сөздің мағынасы өзі латын тілінен аударғанда «ер жету» дегенді білдіреді. Осы кезеңдегі күрделі күйзеліс немесе стресс өмірлік өшпес із қалдырып, тұлғалық қасиеттірдің қалыптасуына әсер етеді. Ата-аналар балаларының стресстік күйлерімен күйзеліс жағдайларына байқампаздықпен қарап мүмкіндігнше себептерімен күресуі қажет. Стресс жасөспірімнің эмоциялық, психикалық және физиологиялық саулығына әсер етіп кей жағдайларда баланың мінез-құлқында девиацияның пайда болуына ықпал етуі мүмкіндігі басым. Ата-анаға баласының бойындағы өзгерістерді байқау қиын емес, стресске ұшыраған жасөспірімдердің көңіл күйлерінің төмендеуі, мінезінің тұйықталуы, агрессивті жауаптардың қылықтардың көбейеді, кенеттен оқуға деген ынтасының жоғалуы, ұмытшақтық, шаршау, ұйқысыздық немесе шамадан тыс ұйқы, тәбетінің жоғарылауы немесе болмауы. Жасөспірімдік күйзелістің басты кемшілік тұсы- зиянды заттарды пайдалануға әкеліп соғуы, шылым шегумен қатар, жат әдеттерге әуестендіруі мүмкін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, жақсы сөз бен жылы лебіз адамға әрқашан да емдеу. Жаныңдағы жақындарыңмен достарының, отбасы мүшелерінің қолдауы, күш беретін пікірлері әрбір жанның денсаулығы үшін ауадай қажет. Өзіңе өзің сенімді болсаң, жеңбейтін қиындық жоқ, кез-келген қиындықтан жол табасың, ең бастысы түймедейді түйедей етіп көрсетуден, асқан кінәмшілдіктен аулақ бол, ешқандай мұңға берілме, өзіңді нық ұстай біл, қандай сәт болсын, қорқыныш сезімін жеңуге білуге тырысу қажет.
Ата-ана күйзеліске түскен жасөспірімдерге сезімдерін ашық айту оңай болмайтынын және өздеріне не болып жатқанын түсінбеуі мүмкін екенін ескеріңіз.Өз-өзіне қол жұмсау жайлы айтса не соған меңзесе, бұған немқұрайлы қарамаңыз. Балаңыз күйзеліске ұшырады деп ойласаңыз, бұл жай мұңаю емес, күрделі жағдай деп ойласаңыз мұны анықтау үшін дәрігердің кеңесіне апарғаныңыз дұрыс.

Суицидтік әрекет көбінесе, жасөспірімнің сабақ үлгермеушілігі, оған ынтасының төмендеуі, ересектермен қарым-қатынасының шектелуі, сезім тұрақсыздығынан байқалады екен. Тәрбиедегі ақаулық, дене жазасының басымдылығы, балада эмоциялық тұрақсыздықтың дамуына, эмоциялық қимыл-қозғалыс деңгейінің жоғарылауына әкелетіні жиі кездеседі. Ата-аналардың отбасындағы кикілжіңі, олардың намысқа тиетін ұятты қадамдарының отбасында әшкерелекніп қалуы, жағымсыз мінездерімен балаға жаман ықпал тудыруы, онан сырт тым қаталдығы, олардың өз беделдерін басты орынға қоюы немесе балаға шектен тыс қамқорлық жасау – жасөспірімге кері әсерін тигізеді.

Ата-ана, ұстаз өз кезегінде әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, оның шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақытында көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін, отбасын, жалпы өмірді сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелеп шығарымыз сөзсіз. Жасөспірімдерге өмірді бағалауға тек махаббат, түсіністік және қолдау көрсету көмектеседі. Жасөспірімдерді қатерлі қадамнан тек өзін тыңдайтын, түсіністікпен қарайтын адаммен сөйлесу мүмкіндігі ғана құтқара алады.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ