Өлең оқып, жаттасаң шешен, алғыр боласың

Поэзия әлемінде біздің елдің алып ақындары ойып тұрып орын алады. М.Мақатаев, Ф.Оңғарысынова, М.Шаханов сияқты ата-апаларымыз әдебиет әлемінде өшпес із қалдыра білді. Келешек ұрпақ саналы, білімді, шешен, алғыр болғысы келсе осындай ақындардың кітабын оқып, өлеңін жаттау керек. Сол кезде біздің елдің жастары білімді, шешен болып өсетініне сенімім мол!

Менің де сүйіп оқитын ақындарым бар. Мұхтар Шаханов атамыздың өлеңдері оқырманның назарын ерекше аудара біледі. Ол кісі қазақ тарихын, ел зиялыларын өлеңмен жеткізе білетін нар тұлға! Өлеңдерін оқыған кезде сол кездегі батырлар әлеміне сапар шегіп, тамаша әсер аламын. «Отырар дастаны» деген өлеңін қанша оқысам да жалықпаймын! Ол өлеңді атамыз ерекше ынтамен жазғаны анық байқалады. Сол кездегі Отырардың ержүрек, қайтпас қайсар батыры, қолбасшысы Қайырханның ерен еңбегі баяндалады. Отырарды қалайда болмасын қорғаймын деген асқақ арманын Қарашоқы деген сатқын бейшара аяқ асты етеді.
Шағатай деген моңғол батыры, Шыңғысханның ұлы Қарашоқыға қақпаны ашуды және ашқан жағдайда оны өзінің көмекшісі қылуға, ат басындай алтын беруге уәде етеді. Осындай құр сөзге мастанған Қарашоқы келісе кетеді. Осы кезде Отырардың мұңлы, зарлы кезеңі басталады. Моңғол әскерлері екіқабат әйел, бала-шаға, кемпір-шалға дейін өлтіріп, Отырарды басып алады. Қайырханды тұтқындап, Шыңғыс ханның алдына әкеледі. Шыңғыс оның ерлігіне риза болғанын айтады және сатқын Қарашоқының басын алуға бұйрық береді. Ең қызығы – Қайырхан Қарашоқының әкесін алдыртуын сұрайды. Әкесін алдыртқан соң көп ұзамай әкесі әңгімені бастайды. Қарашоқының бала кезінде өз өңірінде тұрмай, тіл қадірін, ел қадірін сезінбегенін сөз қылады.
Қайырхан сонда біткен іске өкінудің керегі жоқтығын айтады. Оның өкініші Отырардың мықты қала болғанын, батырларының ержүрек болғанын жазатын ешқандай ақын қалмағаны еді. Сонда Қарашоқының әкесі ол соғыс болып жатқан кезде бір баланы босатып жібергенін Қайырханға баяндайды. Сонда Қайырхан қатты қуанып, мақтанады, алайда ол баладан ұрпақ өсіп, ақын туылып, өскенше талай ғасыр өтетінін айтады. Жеті ғасырдан соң Қазақ елінде Мұхтар Шахановтай ақын туылып, осы ерлікті баяндау мақсатында «Отырар дастаны» деген өлеңді жазады. Міне осындай ақындарымыздың тарихи өлеңдерін көптеп оқысақ біздің санамыз керемет жетіледі.
Тағы бір даңқты ақын М.Мақатаев атамыздың өлеңдері де жаныма жақын. Ақын патриоттық сезімді тербеп, ұрпақты елді, жерді, халықты жақсы көруге шақырады. Атамыз осыған орай «Үш бақытым» деген өлеңді жазып, ұрпаққа қалдырған. Мұқағали ақын бірінші бақытының өзінің халқы екенін, халықтың қашанда өзінен биік тұратынын, халқы болса өзі де әрқашан солармен бірге болатынын жеткізе білген.
Екінші бақыты деп өзінің баға жетпес, ешқандай затқа ауыспайтын Тілін айтады. Кей кезде дүниенің ауыр мұңынан, қасіретінен шаршап, түңіліп кетсе де, ешқашан да қасиетті тілінен түңілмегенін өлең шумақтары арқылы тыңдаушының назарына ұсынады. Ал үшінші бақыты өзінің өсіп-өнген кең даласы, оттан да ыстық Отаны екенін, ол үшін кез келген уақытта жанын тапсыратынын айтады.
Осындай нар тұлға ақындарымыздың өлеңін жаттап өссек елімізге пайдасы тиер азамат болып өсетініміз айдан анық.

Ернар МАРАТОВ, жас тілші, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ