“Оқырманыңыздың бірі едім”
«Сәукелелі сұлу қыз», «Жанарым», «Жастық шақ», «Кекілді қыз» атты әндерімен танылып жүрген жас әнші Дәурен ТҰРСЫМЕТ редакциямыздың қонағы болып, сұқбаттасудың сәті түскен еді.
— Алдымызда отырған әнші Дәурен қандай бала болды екен? Балалық шаққа саяхат жасасақ?
— Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір қаласының перзентімін. Балалық шағым да осы қалада өтті. Үйдің кенжесімін, екі әпкем бар. Маған әншілік өнер нағашы жұртымнан дарыған екен. Анамның да дауысы керемет, жас кезінде әнші болуды армандаған, бірақ қыз балаға өнер жолы деген қиын ғой. Анамның арманы менің арманыма айналып, қазір өнер жолында жүрген жайымыз бар. Бала кезде сотқарлау болатынмын. Өзім оқыған № 1 гимназия-мектептің мұғалімдерінен бұзықтығым үшін талай ұрыс естіп, тіпті мектептен шығарамыз деп те қорқытқан. Бұл жерде өзімнің кінәм да бар. Сыныптас балалармен алысып жүріп, сыныптағы апайдың құжаттары салынған шкафты тас-талқанын шығарғаным бар.
— Естен кетпес қызықты оқиғаң?
— Мына бір оқиға есімнен кетер емес, 1-сыныпта оқып жүрген кезім. Ол кезде кішкентай баламыз, күш деген жоқ. Таңертең сабаққа келіп, біз оқитын сыныптың есігін ары тартам, бері тартам ашылмайды. Е, есік жабық, сабақ болмайтын шығар деп үйге қайтып кеткем. Үйге келсем, әкем жұмысқа жиналып жатыр екен. «Балам, сабақ қайда?» деп сұрайды, мен сабақ болмайды, сынып жабық деп қоям. Сосын әкем мені мектепке қайта айдап салды. Сөйтсем, сабақ жоқ емес бар, мен есікті аша алмаған екенмін, әлім жетпеген. Апайыма бәрін түсіндіріп, кешірім сұрап, бір күлдіргенім бар. Кішкентай баланың қылықтары тәтті болады емес пе, бала кезімнен неше түрлі оқиғаларға тап болып жүретінмін. Маған бәрі ойын сияқты көрінетін, мектепке бару дегеніміз –балалармен ойнап қайту деп түсінетінмін, бала-бақшадағы сияқты. Сөйтсем, қайдағы, бәрі басқаша, алғаш мектепке барғанымда, балалар неге ойнамайды, ойыншықтар қайда деп таң қалғанмын.
— Әншілік өнерге қалай келдің?
— Бұл да бір қызық оқиға. 2-сыныпта оқитын кезіміз. Бір мейрам қарсаңында апай сыныпта оқушылардан кімнің қандай өнері бар деп сұрап жатыр. Біреуі би билеймін десе, біреуі өлең оқимын дейді. Сонда менің артымда отырған сыныптас бала ән айтамын деді. Тақтаға шығып бір әнін шырқап жіберді, мен қызығып, ол айтқанда мен неге айта алмаймын деген оймен тақтаға шығып, мен де ән айттым. Не жатқа бір ән де білмеймін. Келесі күні апай әнді сөзі мен музыкасын әкеліп, екеумізге айтқызды. Сонда менің беріліп айтқаным соншалық, даусым қасымдағы сыныптас баланыкінен қатты шығып, мені таңдап алған екен. Осылай мектеп бітіргенше ән шырқап шықтық қой (күлді). Ән айтумен қоса, мен суретті де жақсы саламын. Бала кезде көңіл-күйім болмағанда, біреуге ренжігенде, алдыма сурет салатын аппақ қағаз алып сурет сала береді екенмін. Сонда өзімнің ішкі күйзелісімді, ренішімді ақ қағаздың бетіне түсірем. Мектепте әр мейрам сайын қабырға газетін жасау дәстүрі бар. Сол қабырға газетін мен дайындайтынмын. Әнші болмағанда, кім біледі, суретші болып кетер ме едік…
— Осыған дейін республикалық, халықаралық ән байқауларына қатыстың ба, толығырық айтып өтсең?
— Мектепте оқып жүргенде облыстық, аудандық байқауларға қатысып жүретінмін. «Қоңыраулы қошақан», «Ақбота» атты байқауларда бас жүлделерге ие болдым. Алдағы уақыттарда бағымды сынап, шет елдерге шығып, халықаралық байқауларға қатыссам деген ойым бар.
— Тыңдармандарыңды қандай жағымды жаңалықтармен қуанта аласың?
— Қазіргі таңда менің репертуарымда 35 шақты ән бар. 2008 жылы «Бір тамшы» атты әнжинақ шыққан еді. Екі әнге бейнеклип түсіріліп, халық назарына ұсынылмақшы. Қалбибі Абдуллаева әпкемізбен «Сен сұлу» атты әнді дуэтпен орындап шығардық. Халықтың көңілінен шығып, оң бағасын алып жатырмыз. Екінші бейнеклип осы әнге түсірілген еді. Марат Ілиясов, Бақытжан Тауметов, Алтай Әліпқайыров, Нұрлан Ташев сынды композиторлармен жұмыс жасаймын, осы ағаларыма үлкен алғысымды білдіргім келеді. Әншілік өнеріме дем беріп, қолдап-қоштап келеді.
— «Мөлдір бұлақ» оқырман-дарына тілек-лебізің.
— Мектепте оқып жүргенде «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандарының бірі болатынмын. Оқырмандарыңыз көбейе берсін. Әрбір оқырмандарыңыз саналы азамат болып өсіп, Қазақ еліміздің өркендеуіне үлестерін қоса берсін дегім келеді.
Сұқбаттасқан
Айгүл ҚАНАТОВА.