Өкініш
Бейсен ойында дәнеңе жоқ, үйге қауынның ішінен «тәуірі осы-ау» деп бағамдап бірін алды. Құнын төлейін деп сауда жасап тұрған жас жігітке қарағаны сол еді, үстіне мұздай су құйып жібергендей қалшисын да қалсын. Ақша мұның қолында, ал саудагер жігіт қолын созған күйі таңданып тұр. «Ойпырмай, мынау Бақыт қой» деді күбірлеп Бейсен. Бақыт осы жігітпен замандас мұның ұлы. Қазір армияда. Осы күзде келуі керек. Ал ол базарда неғып жүр? «Тіптен саудагер болып алыпты…» Қас-қағым сәтте айна қатесіз ұлына ұқсайтын жігітті Бейсен ұрып та жіберер ме еді, әлде қайтер. Әбүйір болғанда жігіт бұдан бұрын дөрекі түрде ашулы сөз айтып тастады.
– Жындымысың өзің, соншама қарағаны несі?! Ақшаңды бермесең, қауынды қайтар!– деді зілмен.
Аздап ес жиналайын деген. Ұқсағанда қандай! Адам баласы бүйтіп ұқсай береді екен-ау. Тіптен оң жақ бетіндегі меңі Бақытына тартқан. Әлі де сенбеген раймен Бейсен ақшасын жалма-жан беріп саудагер жігітке жалтақ-жалтақ еріксіз қарай берді.
Назым Бейсенді көңілді қарсы алған.
– Шалым-ау, соншама сүрініп-қабынып не болды саған? Әлде біреу реңжітті ме? Бақытжаннан хат бар, онан да билеп жіберші
– Бақыт қайда жүр? Біз оны армияда жүр деп отырмыз, ал ол базарда саудагер,– деді ол аяқ астынан. Өзі емес, басқа біреу сөйлеп тұрған тәрізді. Бұлай деп айтамын деп ойлаған жоқ еді. Енді Назым аң-таң.
– Базары несі?! Бейсен-ау, саған не болған, – деп Бейсеннің ол жағына, бұл жағына бір шыға сұрақты үстемелете қойды.
– Маған не болушы еді және ештеңе татқан жоқпын. Бірақ… әкелші, хатты оқып шығайыншы.– Сөздерді шатыстырып әйтеуір оқып шықты-ау. Конверттің сыртына көз жүгіртті. Бәрі-бәрі дұрыс. Бейсен Назымға оқиғаны басынан аяғына дейін айтып берді.
– Қызық екен,– дейді әйелі басын шайқап,– мұнда бір себеп бар. Ертең мен де барайыншы…
Базарға тым ерте келіпті. Дегенмен базаршылар жиналып қалған.
– Әне!– деді дауыстай үн қатып Бейсен– Әне тұр! Үстінде шибарқыт костюм бар!
Ерлі-зайыпты екеуі жақындап келіп жігіттің қарсы алдына келіп тұрды. Көптен бері алмаған болуы керек, сақалы өсіңкі саудагер жігіт қалта-қалтасын ақтарып «байлығын» түгендеп жатыр екен. Мыж-мыж болған әрқилы ақшаларды қаттай жинап, санап тұр. Ақшасын санауға қатты берілгені соншалық бұларды байқамады.
– Міне қызық. Ойпырмай, мынау нағыз Бақыт қой,– деді еріксіз дауыстап Назым.– Айнымаған сол…– Үнсіз күйде екеуі жұмыс-жұмысына кетті. Назымның көңілі біруақ тыншымай түнімен базардағы әлгі жігітті ойлаумен болды. Бейсенді мазалаған ой біртіндеп оған көшкендей. Үйге келді. Назым ұлының суретін алдына алып ұзақ қараған. «Айнымаған сол… Сол…»– дей берді күбірлеп. Тіптен меңіне дейін. Көңілі құлазып сала берді. Жападан-жалғыз тамақты да жарытып іше алмаған. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмаған.
Жастық шақтың махаббат маусымын кім еске түсірмес. Сондай сәтте көңіл шіркіннің қызынып сала беретіні-ай. Көңіл жарасты… үйленді. Алғашқы айлар… Жыл өтті. Екі… Үш… бес жылға кетті. Назым бала көтермей қойған. Алғашқыда ештеңе білінбеді. Келе-келе екеуден-екеу үйге сыймайтын болды. Назым жиі-жиі оңаша қалғанда қыстыға жылап та алатын. Бейсен білдіргісі келмейді. Жұмыста бәрін ұмытқандай болғанмен түнге қарай екеуден-екеу қалғанда көңіл айшықтары аңдағайлап көзге ұратын. Бір күні Назым әңгіме бастады:
– Айналайын, Бейсенім,– деді егіліп,– қашанғы үндемей жүре береміз. Маған қарамай-ақ қой. Сыртыңнан тілекшің болайын. Мен саған жар болуға жарамадым. Ұрпақсыз адам қуарған ағашпен тең. Осыныңа да ырзамын, жаным Бейсенім! Бақытты болғаныңа тілектеспін. Рұқсат, рұқсат менен. Екі дүниеде ырзамын саған…– одан әрі шыдамады. Жастықты құшақтап еңіреп жылап жіберді. Манадан бермен үнсіз кесесін шұқылай берген Бейсен шыдамады.
– Назымым, жаным-ау, саған не болды? Мен саған ештеңе дегенім жоқ қой. Ұрпақсыз өтсем де мейлі, сен жыламашы. Тірі тұрсам сені жылатпаспын-ақ деп едім. Қой, босамашы. Қойшы енді…– Түннің бір уағына дейін мұңдас екі жан тынши алмады.
Ертеңіне Назым жұмыстан үйге оралмады. Бейсен түн ортасына дейін ұйықтамай күтсін. Жоқ! Түн ортасында шыдамы кетіп қаладағы туысқандарының үйлерін адақтап шықсын. Жоқ! Ұйықтамастан ерте тұрып Назымның жұмысына барды. Жүр екен. Көзі қызарып кетіпті. «Енді мен саған жоқпын, кеше рұқсатымды бергем». Жылап жұмысына кетті. Қайта шықпай қойған. Бейсен ертеңіне тағы келді. Назым қарасын да көрсетпеді.
Күдерін үзсін деп Назым жұмыс жайын көрші ауылдардың біріне ауыстырды. Бірақ ойынан Бейсені шықпады. Өткен-кеткеннен сұрап жағдайын біліп тұрған. Назымын жан-жақтан шарқ ұрып іздеп жүр деседі. Естіген сайын Назым мұңға бата түсті. Қарақат көздері тұңжырап, қаны тамып тұрар әдемі жүздері ақ қағаздай қуарған.
Күндердің күнінде Назым облыс орталығына тартты. Келе салысымен перзентханаға келді. Біреулер айтқан: «Сонда ата-анасы жоқ жетім нәрестелер болуы мүмкін». Бірден бастығына кірді. Бастығы жүзінен жылылығы төгілген мейірбан кісі екен. Назымды асықпай тыңдады. Асықпай тыңдады да: «Жолыңыз болады екен, оншақты күн болды, бір жас ана егіз туды. Балаларын тастап қашып кетті. Екі ұл баланы бізге өткізген. Екеуін де аласыз ба? Бұл басын қуана изеді. Қонақ үйге қуанып келгенмен терең ойға батты. Екеуін бірдей баға ала ма, жоқ па? Ертең бірдеңе-сірдеңе бола қалса обалына қалмай ма? Ақыры бірін ғана алуға бекінді. Сол сәбиді бағып жетілдіре алсам онда менің ерлегенім деп өзінше шешті.
Перзентхана меңгерушісі мұның өтінішін қанағаттандырды. Онда-мұнда шауып жүріп баланың құжаттарын реттестірді. Баланың атын бақытты болсыншы деп Бақыт қойды. Сәбиді қолына алғанда біртүрлі жүрексінген. Біртүрлі «құлатып алмасам болғаны» деп аялай көтерді. Қонақ үйде бірге жатқан кексе әйел Назымның мұндай талабын естігенде қуанған-ды. Аты Жамал. Сол кісі қарсы алды. Бақыттың қарны ашып қалыпты. Қамқор адамдардың қолында екенін сезгендей емізігін еміп жатып тез ұйықтап кетті.
Жамал апайына осы кезде ғана барлық жағдайын айтты. «Бекер істеген екенсің, балам,– деді ол басын шайқап – бірінен-бірін бекер айырған екенсің. Қиналар едің алғашқы жылдары. Олар өсер еді. Екеуі біріне-бірі сүйеу болар еді. Енді обал болыпты ғой. Қап, әттеген-ай! Маған алуға бола ма? Көп болса немерелеріммен бірге өсіп кетер, а?» Бұл үнсіз отырып қалды. Жай отырған жоқ, ойланып отыр. «Шынында да бекер істеппін-ау, Жамал апа. Сіз мына кішкентайға қарап отырыңызшы, мен ана сыңарын сұрап көрейін…»
Перзентханаға тез-ақ келді. Меңгеруші мұның кешігіп қалғанын, Түркістаннан бір жерлесі келіп жаңа ғана алып кеткенін айтты. Не десін, сәл ғана кідіріңкіреп сол жолы Бақытына жеткенше асықты. Бөпесін көтеріп ауылына келді. Барлық жағдайды айтып Бейсенге хат жазды. Бірде түн ортасында терезе қағылды. Ыржия күліп Бейсені тұр алдында. Жүдеу. Бірақ қуанышты! «Көрсетші, Бақытымды» дейді арсалаңдап. «Қой, қойшы, Бейсен жаным, құлатып аларсың» дегеніне қарамай Бақытты кеудесіне қысып секіріп-секіріп қояды. Екеуі мәз-мейрам. Солай Бақытымен бірге сол жылы бұлардың шайқалған шаңырағына бақыт құсы қайта қонып еді. Жылдар енді тез жылжыды. Нәрестенің уілдегені… тәтті тілі, қылығы… апыл-тапыл жүргені… мектепке барып алғашқы бағаны алып келгені, әскерге қимай шығарып салу… жауынгердің ата-анасына деген сағынышқа толы сағыныш хаттары… Осының бәрін қызықтай-қызықтай уақыттың қалай өткенін сезбей қалатын.
Енді міне, ішін өкініш уыты кернеп жатыр. Көз алдына Жамал апасының кейісті келбеті келді. «Бақыт егіздің сыңары еді» деп Бейсенге айтқан жоқ еді. Айтқанмен не пайда? Адамды қателестірмесін де. Кейде сол жасаған қатең орны толмас өкінішке де айналады екен-ау. Орны толмас…
Нұржан Айғали