Ниетің ақ, рухың биік болғай!
— Дархан даламыздың кемеңгері, Ұлы Абай атамыз айтқан «Жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл» , осы үш қасиет те біздің жастар мен балаларға дарыған деп айтар едік. Оны оқырмандарымызбен тілдесе отырып, байқадық. Техниканың дамыған заманы. Сол себепті, жас достарымызбен, пошта байланысы арқылы келген хаттармен де, ұялы телефон мен де, ғаламтор арқылы әлеуметтік желілермен де тілдесе аламыз. Редакциямызға арнайы қонаққа келетін оқырмандарымыз қаншама?! Көңілі пәк, жүрегі таза баламен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет деп қуанамыз. Соған қарамастан, редакция ұжымына ренжіш білдіретін ата-на да, оқырман да бар. Поштамызға хат өте көп келеді. Келген хаттар сарапталады. Содан соң ретіне қарай жоспарланып, басуға жіберіледі. Ренжіш туғызатыны: «Менің хатым неге шықпады? Менің баламның шығармасын неге баспадыңыздар?» Себебін айтайық: редакция талабы бойынша, шығармасы жарияланатын бала біздің оқырманымыз болуы керек. Журналға жазылса, түбіртектің көшірмесін міндетті түрде жібереді. Міне, осы есіңде болсын!
Жанастан Кучукова, Бас редактор.
— Өздерінің мақала, қысқа ой-толғауларын, өлеңдерін, шығармаларын, салған суреттерін жолдайтын оқырмандарымыздың өнеріне өріс берсін! Осы тырнақалды туындыларды алдымен ұстаздарың мен ата-аналарыңа бір көрсетіп алған соң, әбден пісіріп алып барып бізге ұсынғандарың дұрыс. Көшірілген шығармалар жарияланбайды. Салған суреттеріңе де мән беріңдер. Сыныптағы мұғалім «5» қойған сурет басылымға жариялауға келмеуі мүмкін.
Саят Қамшыгер, Бас редактордың орынбасары
— Кішкентай оқырмандарымыздан келген әрбір хатты ашып оқығанда, әңгіме болсын, ертегі болсын, өлең, тіпті суреттерін тамсана, сүйсіне отырып қабылдаймыз. Қазақстанның сонау түкпір-түкпірінен келіп түскен бүлдіршіндердің шығармашылықтарын жоспардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Журнал айдарына сай балаларға жауап хат, Алғыс хаттар жібереміз. Кейбір оқырмандарымыздың хат жіберерде аты-жөні толық емес, кейде мекен-жайы , пошта индексі жазылмай қалып жатады. Тіпті конверттің ішіне салынған суреттерде де толық аты-жөні болғаны абзал.
Адина ЕРКАРАЕВА, тілші
—Біздің кішкентай ізбасарларымыз! Сендердің ең тамаша сәттерің -балалық шақтарың дамыған заманда өтіп жатыр. Сендер үшін барлығы бар. Солай бола тұра, әлеуметтік желілердің жетегінде кетіп қалмай, өздеріңе арналған балалар басылымына жазылуды ұмытпаңдар.
Нұрбол Шыңғысбаев, меншікті тілші
— Редакциямызға жолданған фотосуреттердің сапасы көбіне сын көтермейтіндей, нашар болып келеді. Ұл-қыздарымыз фотосуретерін бізге жіберерде сканерден өткізіп, электронды поштамызға жолдағаны абзал. Ұялы телефоннан түсірген фотолар көбінесе журналға басуға келмейді.
Шамшибанум Шамшидинова, безендіруші-дизайнер
— Қадірлі балалар! Қалай айтсақта, кітап пен балалар басылымын оқығанға ешнәрсе жетпейді. Сауатты сөйлеуге үйренесің, қатесіз жазасың және көркем сөйлейсің. Бұл адамның бойындағы ең тамаша қасиет.
Әлімжан Қадыров, таратушы,
Қанат Есжанов, менеджер