Наурыз — ұлық мереке!

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр баба аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
Ата-баба рухына құран бағыштап, қатым түсіру бір ғана белгіленген күні болмайды. Оны жыл он екі айда бағыштауға болады. Наурыз күні үй-үйді аралап, мерекелеу, жақсылықтар тілеу, өліге құран оқып, дұға бағыштау ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі. Оның шариғатқа қарсы келетін тұсы да жоқ.
Наурыз — Қазақстан халқының барлығының басын біріктіретін ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ.
Сондықтан, еліміздің барша халқын, соның ішінде жас жеткіншектерімізді Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бірлігі жарасқан халқымызға Алланың нұры жауып, қолға алған әр ісі оңынан болғай деп тілеймін. Бүгінгі жастар — ертең біздің ісімізді жалғастырар ізбасарларымыз. Олардың әрқайсысының жүрегінде жарқ еткен отаншылдық сезімі ешуақытта сөнбегей. Арыстай ұлдарымыз бен қайратты қыздарымыз аман болғай.
Ізгі тілекпен:
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,
ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ЖАЗУ