НАУБАЙШЫНЫҢ НАНЫ, ЖАЗУШЫНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ ТӘТТІ

Нұрдаулет Бәбиханұлы Ақыш – танымал балалар жазушысы. Қазақ прозасының жауһар мұрасы саналатын «Ыбырай Алтынсарин алауы», «Нағыз әже қайда?», «Аласа таулар аясында» сынды кітаптардың авторы. Ұлы Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев қалыптастырып кеткен балалар әдебиеті алауының шырақшысы. Жазушының әрбір шығармасы бүгінгі көзі қарақты оқырман үшін көмбе нандай ыстық әрі тәп-тәтті. Ендеше, балалар әдебиетінің бағбаны, қарымды қаламгер Нұрдаулет Ақыш аға өмірінде қандай тың жаңалықтар болып жатыр екен? Оның жай-жапсарын жазушының өзінен сұрап білуді жөн көрдік.

– Нұрдаулет Бәбиханұлы, сіздің шығармалығыңызбен оқырман қауым етене таныс. Алайда әдебиет майданына қалай келгеніңізді, қандай жолдардан өткеніңізді көпшілік білуге құмар. Әдебиетке қалай келдіңіз? Неліктен балаларға арнап жаза бастадыңыз? Сол жайында сыр шертіп өтсеңіз.

– Балалар әдебиетінен шығармашылығымды бастағаным рас. Ең алғаш «Жұмбақ іздер» деген шытырман оқиғалы повесть жаздым. Сонда о заманда жасырын әдеби байқау деген болатын. Комсомол кеңесі, мемлекеттік поллиграфия баспа істері және «Жалын» баспасы бірігіп осы байқауды жариялайтын. Онда шығарманың ат-жөні бәрі жазылады, бірақ кім жазғаны белгісіз болады. Қаламгердің ныспысын бөлек ашық хатқа салады да, шығармалардың өзіне ғана орын беретін еді. Сөйтіп, Алматыға келгеннен кейін сол жабық әдеби додаға қатыстым. Сайысқа қатысқаным жаман болған жоқ. Маған үшінші орын бұйырды. Содан кейін, әрине, тегім жазылған жеке ашық хатты ашып қарағанда «Нұрдаулет Ақыш» деген көпшілікке беймәлім есім болғаны анық. Алайда өздері, «Балалар әдебиетіне жаңа есім келді» деп жазды. Мен ғана емес, бірнеше адам қатысып, орын алды. Бірақ екінші кітабым ересектерге арналған. Жалпы, өзім қандай оқиға, қандай жағдай әсер етсе, соған байланысты қағазға түсіріп жазамын. Оның барлығы балалардыкі болмайды. Көбіне ересектерге арналған оқиға желісі жағынан лайықты дүниелер өзінен-өзі келеді. Дегенмен, осы жерде айта кетуім керек. Мен басқалар сияқты, өзің зерттеп жүрген қиялгер жазушылар сынды қиялды шарықтатып жазатын фантаст жазушылар қатарына жатпаймын. Өмірде не көрдім, қандай әңгімелер естідім, не болмаса, басымнан қандай жағдайларды кештім, солар туралы жазамын. Шығармаларымның көбі, енді қысылмай айтайын, сексен-тоқсан пайызы сондай көрген, естіген оқиғалардың әсерінен келген. Одан соң тарихи шығармалар жазамын. Тарихи шығармалар деректерге сүйене отырып жазылады.

– Бәрекелді. «Өмірдің өзі новелла» деп жұрттар бекер айтпайды ғой. Демек, сіз көрген, естіген оқиғаларыңызбен шабыттана отырып, шынайы туындылар жазасыз. Аға, енді, өзіңізге қоятын келесі сұрағымыз: қазақ әдебиетінің жауһар туындысы саналатын «Ыбырай Алтынсарин алауы» атты кітабыңыздың жазылу тарихы жайында баяндап берсеңіз? Кітаптың идеясы қай кезде келді? Шығарманы жазуға не түрткі болды? Туындыңыздың сахналық нұсқасын жасау, яки, экранизациялау жоспарыңызда бар ма?

– Бұл шығарманың идеясы негізінен біраз заманнан бері ойымда жүрген. Бірақ роман ретінде емес, жеке әңгімелер үлгісінде жазсам ба, балалық шағымнан жазсам ба деген бір ойлар келетін. Сонымен бірге Ыбырай Алтынсарин шығармалары мектеп бағдарламасына еніп, соны бастауыш сыныптан бастап оқып жүрдік қой. Қазірде солай болу керек. Ыбырай Алтынсарин шығармалары қатты ұнайтын. Оның үстіне біздің заманда колхоз болды ғой. Колхоз кезінде әкем бір шаруашылық нысанын күзетті. Орталықтан төрт шақырымдай жерде ме, екен, сонда тұрған қыстауды күзетеді және шабындығы бар, екі қойшыға жететіндей пішен шауып алатын кісі. Міне соған мал жібірмей күзету үшін әкем жазда, жалпы өзі зейнеткер кісі, қосымша ақы болсын деп, жұмысқа кетеді. Әлгі өзінің обхомындағы ұсақ малдарын да сол жерде бағып қарайтын еді. Бала кезімде мен де әкеме шаруашылыққа көмектесіп жүрдім. Үшінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін біз қыстауға барамыз. Оқу жылының аяғына қарай. Қойшылар мамыр айының басында қыстаудан көктеуге көшіп кетеді. Онан ары жайлауға көшеді. Содан қазан айының жиырмаларына қарай келеді. Осы екі аралықта біз сол қыстауда жүрдік. Атқа мінген кісілер жиналып келіп, бұлақ басында әңгіме дүкен құратын. Сол бұлақтың басына келіп, кеңес құратын. Аттарын суаратын. Бұлақтың басына келгенде менің есіме Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесі түсетін еді. Шынында, біздің бұлақтар тап-таза болатын. Басына әкем еккен бір-екі ағаш өсіп тұрды. Бір қызығы, сол маңайға кейінгі адамдарда ағаш еккен болатын. Ешқайшысынікі тамырланып көктеген жоқ. Қурап қала береді. Еккен кісілер өздері де айтты. Менің әкем арнайы екпеген. Малдан жаяу қайтып келе жатып, беліндегі көк шыбығын бұлақтың жағасына шаншып кетіпті. Сол үлкен ағаш болып өсіп, қазір құшақ жетпейтін үлкен бәйтерекке айналған. Мен тумай жатып егіпті. Біреуі – көктерек, біреуі – үйеңкі ағаш болатын. Сол бұлақтың басында әлі өсіп тұр.
Содан балалық шағымнан Ыбырай Алтынсарин шығармашылығын жақсы көрдім. Келе-келе Ыбырай Алтынсарин туралы кітаптар оқи бастадым. Алтыншы ма, жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде қолыма Ыбырай Алтынсарин жайындағы зерттеулер түсті. Арнайы оқимын дегемін жоқ. «Ыбырай Алтынсарин» деп жазғаннан кейін үйге алып келіп қарасам, бұл зерттеулер екен. Ол кезде санам толық жетпейді. Бірақ соларды оқып, Ыбырай Алтынсаринді жастайымнан бойыма сіңіре бастағаным рас.

– Кітапқа деректерді қалай жинақтадыңыз? Ақпарат жинақтау барысында қандай да қиындықтар, яки, келеңсіздіктер туындаған жоқ па?

– Кітапты жазу барысында Ыбырай Алтынсарин туған өлкедегі Қостанай, Тоғай өңіріндегі жазушылармен пікірлестім. Әрине, Ыбырай Алтынсарин жайында шығармалар жоқ емес, баршылық. Мәселен, Ғафу Қайырбековтың поэмасы мен Жайсаңбек Молдағалиевтің «Алғашқы қоңырау» повесі және Морис Симашконың романы. Бірақ бұлардың бәрі Ыбырай Алтынсариннің өмірін толық қамтымайтын еді. Байқап отырсам, ішінде ойдан шығарылған жағдаяттар көп екен. Мен шығармамды оның өмір дерегіне негіздеп жаздым. Ешкім мені жаз деп мәжбүрлеген жоқ. Бұл мәселе жөнінде мен Қостанай қаласына арнайы барып, көзі тірі ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлымен ақылдастым. Серікбай Оспанұлы – қазақ әдебиетіне олжа салған белгілі, талантты қаламгер. Туындылары оқулықтарға кіріп жүр. Еңбектері қайталанып жарияланып жатыр. Оның үстіне Ыбырай Алтынсаринді зерттеген. Ыбырай Алтынсаринге қатысты он шақты кітабы бар. Сондықтан мен өз-өзіме іс-сапар жариялап, Қостанай қаласына бардым. Ол кісі Қостанай Өңірлік Университетінің профессоры. Өзі шығып мені вокзалдан қарсыалды. Сөйтіп, үйіне ертіп барып, шай ішіп, тамақ жеп отырып, жата-жастана әңгімелестік. Ол кісі кітап жазу туралы ойымды құптады. Мен бастапқы жазып қойғанымды көрсетемін деп ойласам да, ойлана келе көрсеткен жоқпын. Пісіпріп, байытып бірақ көрсетуге бекідім. Әлқисасы, романымды бітіргесін барып, ол кісіге жолдадым.

– Балалық шағыңыздан қалған қандай да жылы естеліктер болса, оқырман қауыммен бөлісе отырсаңыз.

– Балалық шағымды айтсам, «Аласа таулар аясында» атты шығармамда балдаурен кезім суреттелген. Соның ішінде бәрі бар, естеліктер, түйген ойларым, өмірдің ащы-тұщысы біршама қамтылды. Мен енді әкемнің қартайған шағында өмірге келген баласы болғандықтан, әкемнің жылуын көп көрдім. Соған қатысты әңгімелер шығармамда айтылған. Ол кісі мені атқа мінгізіп алып, туыстарға, таныстарға қыдыртатын. Туындымда есте қалған көптеген детальдар бар. Кірмей қалғандары онан көп. «Аласа таулар аясында» деп бекер атап отырған жоқпын. Аласа таулар мынау менің туған жерімдегі Тарбағатай өңірі. Тарбағатай бауырында ұсақ таулар бар. Соның бірі – Маңырақ. Олар биік емес, аласа таулар. Бір жағынан соны айтсам, екінші жағынан, ауылдың қарапайым адамдарын «аласа таулар» деп отырмын. Олар керемет тарихи тұлғалар емес. Көрнекті зиялы қауымның өкілдеріне де жатпайды. Жай бір ауылдағы қойшы-қолаң, жұмысшылар, тракторшылар, үй шаруасындағы әйелдер. Міне, осындай кісілердің арасында өстім. Солар менің тауларым болды. Ол заманда қазіргі электрониканы былай қойғанда, теледидар да жоқ. Кейбір шопандарда радиоқабылдағыштар болады. Бірақ біз радионы тыңдай бермейміз. Кешкі уақытта ауыл адамдары біздің үйге жиналып алып, бас қосатын еді. Басынан кешкендерін айтып, қызықты оқиғаларды бірінен соң бірі іліп алып әкететін. Сонда ортада міндетті түрде домбыра болатын. Арасында ән шырқайтын еді. Әлгі домбырамен күй тартатын адам да табылатын еді. Соларды тыңдап отырып, мен әкемнің алдында немесе артында жатып, ұйықтап қалатын едім. Қайткен күнде ауыл адамдарының сөзін бойыма сіңіріп өстім. Міне, жылулық деген осы. Ол замандағы ең бір жылы нәрсе – үлкендердің қамқорлығы мен мейірімі десем, арттық айтқандық емес.

– Қазақ балалар әдебиетінде Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасы» сияқты соцреализмдік туындылар бар ма? Жалпы, өзіңіз бұл жанрда балаларға арнап туынды жазғыңыз келеді ме? Біздің неге нағыз пионер секілді ақылды, батыл да қайсар, ержүрек кейіпкерлеріміз қайта туылмай жатыр? Оларды қайдан тауып оқысақ болады?

– Жалпы, қазіргі таңда балаларға арналған шығармалар аз емес. Баршылық. Бірақ көбісі атала бермейді. Неге деген сұраққа келсек, кейбіреулерінің көркемдік деңгейі төмен. Дегенмен, идеясы өте жақсы. Сен дұрыс айтып отырсың. Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасы» сияқты шығармалар керек. Бірақ тура сол секілді жазса, бұл көшірме болып шығатын еді. Көркем әдебиет көшірме болмағаны дұрыс. Өзім де әлі бұндай тақырыпта шығармалар ойластырған жоқпын. Басқа авторлар қарастыратын шығар… Бірақ оны қарастырған авторлар бар…

– Дұрыс айтасыз аға, қарастырған бұрынғы авторлар бар. Мәселен, қазақ балалар әдебиетінен Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым – Қожа», Марат Қабанбайдың «Арыстан мен виоленчель және қасапхана», «Сурет салғым келмейді» және Молдахмет Қаназдың «Чика-Дабылдың баласы» туындысы. Аталған туындыларды бізге университетте белгілі әдебиеттанушы-ғалым Гүлден Кеңесқызы оқытқан еді. Бірақ бұлар алдыңғы авторлар… Кейінгі авторлар, өзіңіз айтқандай, қарастыра жатар… Әлқисасы, Нұрдаулет аға, алда балаларға арнап қандай туындылар сыйға тартпақшысыз?

– Жалпы, мен өзімнің шығармашылық жоспарымды ашпайтын, жабық ұстайтын жазушылардың қатарынанмын. Өйткені «мынаны жазғалы жатырмын» деп айтайық, ал, айттық дейік, оны жазудың мүмкіндігі бола ма, болмай ма? Жазылған күнде ертең ол қалай шығады? Көркемдік деңгейі қандай? Оқырманның көңілінен шыға ма? Міне, сондықтан, мен өзімнің шығармашылығымды жабық ұстайды екенмін. Бұл жолы да сол үрдісті ұстанғым келіп тұр…

– Жақсы, Нұрдаулет Бәбиханұлы, қиял жанрында Толкиеннің «Жүзіктер әміршісі», Клайв Льюистің «Нарния шежіресі», Льюис Кэрролдің «Алиса ғажайыптар әлемінде», Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» іспетті туындылар жазу ойыңызды бар ма?

– Мен оны жоғарыда айттым, негізі реалист жазушымын. Рас, ішінара менің туындыларымда фэнтези, ертегі, фантастикалық сипаттағы шығармаларым кездеседі. Бірақ мен өзімді реалист жазушы есептеймін. Қазір осы фэнтези бағытында жұмыс істейтін жастар өте көп. Соның әсерінен мына таза реалистік сипаттағы дүниелер қалып бара жатыр… Бүгінгі заманды көрсететін туындылар азайып кетпеуі үшін реалистік шығармалар көптеп жазылғаны дұрыс. Әсіресе, патриоттық рухқа тәрбиелейтін шығармалар қажет-ақ!…

– Әңгімеңізге көп көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан,
Алтыншаш КУРМАНАЕВА,
Көкшетау қаласы,
№ 2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

ПІКІР ЖАЗУ