Нашақорлық – қоғамдағы індет

Астанада «ESIRTKISIZ ELORDA – Дені сау ұрпақ» жобасы аясында дөңгелек үстел өтті. Аталған шарада есірткіге тәуелділік пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы азаматтық бастамаларды іске асыру, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша тәжірибе алмасу талқыланды.

Дөңгелек үстелді қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасының және елордалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен «Астана жастары» ЖРО ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты іске асырылған жобалар мен бастамаларды талқылау, нашақорлықтың алдын алу мен емдеудің тиімді әдістері мен тәсілдерімен алмасу, сондай-ақ одан әрі өзара іс-қимыл мен бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін зерделеу болды. Шараның негізгі мақсаты – есірткінің алдын алу саласында жұмыс істейтіндердің барлығын біріктіріп, өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ нашақорлық бойынша зерттеу нәтижелерін ұсыну. Дөңгелек үстелге есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында жұмыс істейтін негізгі мамандар қатысты. Астанада нашақорлықтың алдын алу аясында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Бұл мектептердегі, жоғары оқу орындары мен колледждердегі дәрістер, жастармен кездесулер, сондай-ақ осы мәселеге назар аударуға бағытталған түрлі акциялар, челлендждер және бағалы сыйлықтары бар шығармашылық конкурстар. Сонымен қатар белгілі тұлғалар мен бұрынғы нашақорлардың қатысуымен подкасттар шығарылады, бұл тақырыпты кеңірек қамтуға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел жұмысына прокуратураның, коммерциялық емес ұйымдардың, есірткіге тәуелділіктің алдын алу саласында белсенді жұмыс істейтін еріктілер бірлестіктерінің өкілдері де қатысты. Жастармен жұмыс саласындағы сарапшы Нұрлыбай Наурызбаев атап өткендей, нашақорлықтың негізгі проблемасы ақпараттың болмауымен байланысты.
Нашақорлық жастардың есірткіге деген қызығушылығынан басталады. Жасөспірім, бір рет дәмін татып көрген соң, бұл әсерді тағы да сезінгісі келеді. Солай есірткінің құрбанына айналады. Нашақорлықтың алдын-алу баланың жеке басын құрметтеуден, отбасындағы ашық қарым-қатынас пен өзара түсіністіктен басталуы керек. Сонда ғана нашақорлықтың алдын-алу нәтиже береді. Салауатты өмір салтын жандарыңызға серік етіңіздер.

Аяулым Ниязалы, Астана қаласы,
№ 94 мектеп-гимназиясының
10 сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ