МУЗЫКА МЕКТЕБІ – ӨНЕР МЕКЕНІ

Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ашылғанына биыл 60 жыл болыпты. Осынау жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бұл өнер ордасы талай музыка майталмандарын қанаттандырып, отандық және әлемдік саз өнерінің айдынын кеңейтті. Бұл мектепте бала күнімде мен де оқыппын. Үш жыл бастауыш сыныпта. Осы мектеп қабырғасында алғаш әріп танып, жазу-сызуды үйреніп, сиқырлы саз әлеміне бойладым. Мектептің мерейлі 60 жылдығы тұсында аз-кем шегініс жасағым келді.

 

ОҚУҒА ТҮСУ

Ата-анам алыстағы ауылдан Алматыдағы осы мектепке нағашымның айтуы бойынша, мені «музыка бойынша оқысын, болашақта күйші болсын» деп алып келді. Оқуға қабылдану үшін бірнеше сынақтан өтуің керек екен. Сынақ күні мектептің алды абыр-сабыр. Өзім сияқты балалар өріп жүр. Қастарында ертіп алған ата-аналары.

Кезегім келіп мен де кірдім. Сынақ кабинеті үлкен екен. Төрде қаздай тізіліп ағайлар мен апайлар отыр. Алдымен ән айттым. Қай әнді шырқағаным есімде жоқ. Сосын бір ағай күй сандықтың жанына шақырды. Пернелерді басып музыкалық қабілетті (слух) тексерді. «Абсолютті слух екен» деп, бір-біріне қарап, бастарын шайқады. Сосын әлгі ағай қолын үзік-үзік шапалақтап, соны қайталатты. Бұл музыкалық тактты тексергені екен. Одан да мүдірмедім.

Қандай да бір музыкалық аспапта ойнай аласың ба деп сұрады. Домбырамды құшақтап барғам. Нұрғиса Тіленді атамыздың «Аққу» күйінің төменгі сағасынан келетін жерінен үзінді тыңқылдатқандай болдым. Оларға қайдам, өзімше керемет бір күйді сұңқылдатып тастағандай боп қасқайып тұрмын.

Төрдегі ағайлар қасына ымдап шақырды. Олардың алдына қолымды жайып жағалай өтіп шықтым. Саусақтарымды ұстап көріп, бір-біріне бірдеңе деп жатты. Сөйтсем сүйрік саусақты екен, виолончель сыныбына ыңғайлайық депті. Әйтпесе, о баста әкем домбыра сыныбына қабылдаңыз деп өтініш жазған болатын. Өз қолымен жазған ол өтініш үйде әлі сақтаулы тұр.

 

ВИОЛОНЧЕЛИСТ АТАНЫП…

Сөйтіп сынақтан сүрінбей, өнер мектебіне қабылданып оқушы атандым. Виолончель сыныбына бөлді. Ұстазым – Арнольд Александрұлы Винтерголлер. Ұлты неміс болғанымен қазақшаға судай. Өзі сары, А.Қоразбаевқа ұқсатқам. Айналайын деп маңдайымнан сипап, маған бұрын бейтаныс виолончель атты аспапты байыппен үйретті. Ол кісі мектепте фотограф болып та қосымша нәпақа табатын. Бағасы өте арзан, бізге қол жетімді. Мектептегі балалардың фотоларының барлығын сол ағай түсірген. Винтерголлер болмаса естелік фотолар болмайтын да еді.

Музыка сабақтары түстен кейін болады. Ал кешке қарай ұзын дәлізде виолончелист сыныптастарым: Асқарбек, Бағлан, Ермек бәріміз қатар-қатар әр терезенің алдына нотамызды жайып қойып, аспапты жарыса сұңқылдатамыз.

Виолончель — төрт сым ішекті, қоңыр үнді, астындағы сүйір тіреуішін жерге тіреп, екі бұттың арасына қысып қойып, сым ішектерін ысқышпен (смычок) ысып ойнайтын қобызға ұқсас аспап.

ЖАМАЛ АПАЙ ҚАЙДА ЕКЕН?..

Түске дейін ана тілі, математика сияқты жалпы сабақтар болады. Сынып жетекшіміз Жамал Ақанқызы. Бұйра шашты, бойшаң, қара торы және өте мейірімді жан еді. Басымнан сипап, сенен мықты математик шығады деп мақтап отыратын. Бір күні ата-анамды сағындым ба екен (жатып оқитын интернат қой бұл мектеп), сабаққа кірмей мектептің спорт алаңында жүрдім. Сол кезде Жамал апай іздеп шығып, қасына шақырып анамдай мейірлене бауырына қысты. Аялы алақаны әлі есімде. Мейірбан ұстаз Жамал апайды әлі күнге дейін бір көрсем деп армандаймын.

 

ИНТЕРНАТ ӨМІРІ

Интернаттың өмірі өзінше қызық. Тәрбиеші апай Бақыт есімді шашын төбесіне түйген сұсты келіншек. Винтерголлер ағай мен Жамал апайдан көргендей одан жылулық сезбедім. Басқаларға қайдам, жеке менің өз басыма қатал қарады.

Кешке ұйқыға жатыңдар дегенде жата қоймай, темір төсектерді бөлме ішінде ары-бері жылжытып, әжетхананы сылтау етіп дәлізге қайта-қайта шығып, жолай көрші бөлмедегі балалардың жарығын қосып кетіп, тіпті, оларды топтанып алып жастықпен жасқауға шығатынбыз. Сөйтіп шулап жатқанда дудар бас, қап-қара Сейфолла дейтін дәу ағай кіріп келетін. Бәрімізді бөлме ішіне бір қатарға тізіп тұрғызып қойып, күректей қолымен басымыздан шалбан шертетін. Ондай тәртіпке салудан миымыз шала шайқалып қалғандай болушы еді.

Шатақ болмаған түндері тыныш жатып, қашан көзіміз ұйқыға кеткенше ортамыздан біреуіміз әңгіме айтатынбыз. Қалғанымыз төсегімізде жатып үнсіз тыңдаймыз. Қысық көз Ермек деген сыныптасымыз ылғи трактор туралы әңгіме айтып беретін. Өйткені әкесі тракторист еді. Ал, сары бала Мейір болса қорқынышты әңгіме айтатын. Қорқып жатып көрпенің астына тығылып тез ұйықтап қалатынбыз. Интернат болған соң ба, ондағы әрқайсымыздың лақап атымыз болатын. Құлағым қалқиып, көзім бақырайып тұрған соң мені жасы үлкен старшактар «көз» кейде «құлақ» дейтін.

Интернатта жатпай, келіп-кетіп оқитын балалар да болды. Оларды келімсектер («приходящие») дейтінбіз. Ал олар бізді интернаттық деп атайтын.

БІР ӘТТЕГЕН -АЙЫ

Советтік орыстандырудың бір белгісі болар, мектепте еуропалық ішекті, үрмелі аспаптарының орны үстем болатын, домбыра мен қобыз сияқты ұлттық музыка аспаптары екінші сортты саналатын. Виолончель шертетін біз оларға «народники» деп мұрын шүйіре қараушы ек. Ал қазір керісінше. Ұлттық саз аспаптары бірінші орында. Және ол солай болу керек те.

 

ТҮЙІН

Жоғарыда жазғанымдай, мен бұл мектеп-интернатында 1984-1987 жылдары үш-ақ жыл оқыдым. Өйткені денсаулығыма байланысты айлап-апталап сабаққа келе алмай қалатынмын. Сол себепті ата-анам еріксіз мені өздерінің жанына, ауылға алып кетті.

Алайда,  осы мектепте алғаш қолыма қалам алып, әріп таныдым. Нота үйреніп музыкалық сауатымды тереңдеттім. Балалық шағымның қызықты күндерін бастан кешірдім.

Анамның сүтімен және әкемнің қанымен бойыма дарыған, ал кәсіби бастауы музыка мектебінен қаланған өнерден еш қол үзген емеспін. Ауылымның көркем өнерпаздар үйірмесінде домбыра шертіп, ән айттым. Ауыл оркестрінде мандолина аспабында ойнадым. Қазір де ән-күйден алыстағам жоқ. Мектепті толық аяқтаған сыныптастарым еліміздің әр түкпірінде және шет елдерде өнер саласында жемісті қызмет етіп келеді.

Түйіндей келе тілерім, мерейлі 60 жасқа толып отырған Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының даңқы аспандай берсін! Атағын әлемге танытар түлектері көп болсын!

 

Сәбит Жеңісұлы, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының бастауыш түлегі.

ПІКІР ЖАЗУ