Мұхит асып, он алты медаль олжалап…
Бразилияның Жаңа Гамбург қаласында қазан айының 26-31 жұлдызы аралығында «24-MOSTRATEC» жоба олимпиадасы өтті. Оған 22 мемлекеттен 274 жоба сайысқа түсті. Олимпиадаға қатысып, үздік атанған шәкірттер арасында қазақ-түрік лицейінің де оқушылары бар. Қазақстаннан барған 16 оқушы жоба жарысының барлық түріне қатысып, бақ сынады. Олар – лицейде алған білім қорының мол, терең әрі жан-жақты екенін дәлелдеді.
Экология саласы бойынша Қазақстан жобасы абсолюттік бірінші жоба ретінде танылды. Аталған жарыста жалпы 11 санаттың әр санаты бойынша 4 жүлделі орын белгіленді. «MOSTRATEC – 2009» жоба жарысында жүлделі орынға қол жеткізген оқушылар кімдер және қайда оқиды? Атап айтсақ, алтын медаль иегерлері — Нариман Каликов, Әділбек Сәпиев, Бибігүл Жанахметова (Астана қазақ-түрік ұлдар және қыздар лицейлері), Ботагөз Надирова, Рысқал Тұрғанбекова, Ханзада Мырзабекова (Қызылорда қазақ-түрік қыздар лицейі), Ерназар Сапашев, Ғалымжан Асылханов, Тимур Құсдәулетов (Орал қазақ – түрік лицейі), Бақтияр Қожамжар (Астана НұрОрда қазақ-түрік лицейі), Ғалымжан Тілеуболдинов (Алматы қазақ-түрік ұлдар лицейі). Аяз Әлімбекер, Дияс Асанов (Есік қазақ-түрік лицейі) күмістен алқа тақты. Мамырайым Әшірбаев, Нұрсұлтан Төреқұлов, Нұрбол Әбдуалиев (Алматы қазақ-түрік ұлдар лицейі) қола медальды иеленді.
Білім додасының өту барысында қазақ жастарының білімі мен тәрбиесіне тәнті болған бразилиялық ұйымдастырушылар оқушыларды білім бәйгесіне баптап, қосқан қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері Индира Төлепбергенова мен Муаммер Гүлге медаль тақты.
Осылайша, мұхит асқан қазақ-түрік лицейлері «24-MOSTRATEC» жоба жарысында 11 алтын, 2 күміс, 3 қола — барлығы 16 медаль алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
(Жеңімпаздар мұқабада).
«МБ» ақпарат.