Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.)

Барлық пайғамбарлар жәй адамнан сыдық – асқан шыншылдығымен, аманат – ерекше сенімділігімен, тәблиғ – Алла Тағаланың әмірін ештеңеден именбей жеткізушілігімен, фәтәнат – ақылы мен сөзі үйлескен шешендігімен, исмат – еш күнә жасамайтын пәктігімен ерекшеленеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.а.у.) осы асыл бес сипаттың үстіне және өзгеше сипаттары бар: Ол жеке бір қауымға  емес, бүкіл адамзатқа және жындарға жіберілген ең ақырғы пайғамбар, өзіне түсірілген Құран Кәрімнің шәриғаты ақырзаманға дейін өзгермей жалғасады. Ол туылған сәтінен бастап дүниеде ғажайыптар көрінген: Анасы Әминаның құрсағынан түскенде, пайғамбарлық нұры  көз шағылыстырған. Пайғамбарымыз туылған 571-жылдың 20-сәуірі, дүйсенбі күні бүкіл дүниеге бір нұрлы жарық түскендей қуаныш толқыны шарпып өткен еді. Бұл бір әлемде хақ діннің көктем лебі жеткендігінің нышаны болатын. Сүт анасының қолында жүрген төрт жасар шағында, аспаннан түскен екі ақ киімді кісі сәби Мұхаммедтің (с.а.у.) кеудесін ашып, жүрегін бір сәулелі сумен жуған ғажайып оқиға болған. Осыны бірге қозы жайып жүрген сүт анасы Халиманың баласы көріп, қорқыныштан үйіне қарай жүгірген. Он екі жасар бала Мұхаммед (с.а.у.) немере ағасы Әбу Тәлібпен бірге сауда жолымен Сирияға сапар шекті. Осы жолдың бойында тұратын Бахира атты поп баланың үстіне бұлттың көлеңке түсіргенін көріп, оған назар аударды. Әбу Тәліптен рұқсат сұрап, оның арқасын ашып көріп, пайғамбарлық мөріне куә болады. Інжілдегі дәлелдерге сүйеніп: «Бұл мүбәрәк бала, пайғамбарлардың соңғысы болғалы тұр. Оған мұқият бол!» деп  тапсырған.
Пайғамбарлыққа дейін де Мұхаммед (с.а.у.) ел арасында әл-Әмин (ең сенімді) деген беделге ие болған жібек мінезді, шыншыл жан еді. Бала кезінен-ақ пұттарға ешқашан табынбаған, бір Құдай сенімінде өскен, ерекше жан екені көңілі таза адамдарға көрініп тұратын. Оның осындай  асқан абзалдығын таныған Құрайыш руының асылзада ханымдарының бірі Хазіреті Хадиша (р.а.) өзіне өмірлік жар етіп таңдаған. Ол кезде Мұхаммед (с.а.у.) жиырма бес жастағы жігіт еді. Хадиша анамызбен жиырма бес жыл бойы бақытты отбасылық ғұмыр кешіп, Қасым, Абдулаһ есімді екі ұл, Зейнеп, Рукие, Үммү Гүлсім, Фәтима (р.а.) сынды қыздары дүниеге келген-ді. Осылардан Фәтима (р.а.) арқылы ғана пайғамбарымыздың асыл ұрпағы жалғасты. Мұхаммедке (с.а.у.) қырық жасында пайғамбарлық нәсіп болды. Өзі үнемі  барып Ұлы Жаратушы жайлы терең толғанысқа түсетін Хира тауының үңгірінде, оңаша отырған сәтінде Жәбірейіл періште келіп: «Оқы!» деп үш рет айтып, ең алғашқы Құран аятын аян еткен еді. Ол – «Алақ» сүресі болатын. Осы таңғажайып оқиғаның тұңғыш куәгері Хадиша (р.а.) анамыз еді. Әрі ең алғашқы иман келтіруші де осы бір асылзада әйелге нәсіп болған-ды. Осылайша басталған Құран Кәрімнің аят сүрелері жиырма үш жыл бойы жалғасып, толық тәмамдалды. Бұл қасиетті кітапта екі дүние бақытына жету жолы Алла сөзімен айшықталған.
Ұлы Жаратушы иеміздің Құран сынды мұғжизамен келген хақ дінін адамзатқа жеткізу жолында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шеккен азабы мен қиындығын басқа ешбір пенде баласы көтере алмас еді. Осыған таза көңілімен ергендер түгел «сахаба» деген аса биік мәртебеге жетті. Адамзат баласында пайғамбарлардан кейін олардың дәрежесіне жететін ешкім жоқ. Себебі, пайғамбарымыз өзінің қасиетті міндетін толық аяқтап, бақилық болған соң дүниеге хақ діннің жайылуында жанкешті еңбек еткен солар еді.
Ақірет дүниесінде хақ дінін ұстанған үмметтеріне шапағатшы (ақтаушы) болатынын шүйіншілеп кеткен «Әлемнің рахым нұры» көңіл көзі ашық жандарға нұрын төге бермек.
Абай МАУҚАРАҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ