Мұғалім — мәртебелі мамандық
БИГЕЛДИЕВ Махаббат Садуақасұлы,
Алматы облысы,
Қарасай ауданының әкімі
Құрметті ұстаздар қауымы!
Сіздерді кәсіби төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз- мемлекет пен қоғамның арасындағы алтын көпір. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы—ұстаздың бүгінгі тәлімінде.
Ұстаз деген құрметті атаққа ие болудың өзі бір бақыт. Ұстаз—өмірлік тәжірибесі мол, нағыз еңбекқор, ізденімпаз, ұшқыр ойлы жан. Жақсы ұстаз шәкіртінің мақтанышына айнала алады. Нағыз мықты ұстаз ғана салауатты да саналы, рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастырады. Ескендір Зұлхарнайдың бірде: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол— өз ұстазым Аристотель» десе, Абылайхан Төле биді, ал Шәкәрім ұлы Абайды «ұстазым» — деп, шексіз құрметтеп өткен. «Мұғалім бәрінен де қымбат жан, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі»,-деп тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалім білім беруші ғана емес, тәлім-тәрбие беріп, бағыт-бағдар көрсетуші, бар адами қасиеттерді бойына жинаған талантты тәлімгер. Мұғалім — ардақты мамандық, ал ұстаздық – дарынды қасиет. Ендеше осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздар қауымына қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді. Сіздердің бала көңілдеріңіз әр оқушының жүрегін нұрландырып, шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады. «Бала жанының бағбаны», «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген көптеген теңеулер ұстазға арналған. Сіздер – жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін білім бағына еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізде қажымас қайрат, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарыңызға жаңашылдық және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Білім теңізіндегі ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бағытталсын!
Құрметті ұстаздарымыз!
Шәкірттеріңіздің махаббатына, ата-аналар мен көпшіліктің құрметіне бөлене беріңіздер. Шығармашылық жаңашыл ізденістер, ғылыми жетістіктеріңіз арта берсін. Тәуелсіз қазақ елінің жаңа ғасырда жаңа қырынан дамуы үшін аянбай еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеу мен білім беруде жаңашылдықтарыңызбен ерекшелене берулеріңізге тілектеспін. Баршаңызға шексіз алғыс білдіремін. Жанұяларыңыз жылылыққа, шаңырақтарыңыз шаттыққа тола бергей. Еңбектеріңіз жана берсін!