«Мөлдір бұлақтың» дәстүрлі байқауы мәреге жетті

«Qazaqstan dauiri» (бұрынғы «Қазақстан Zaman») халықаралық газет ретінде жарық көргелі 32 жылдан, ал оның «баласы» болып саналатын «Мөлдір бұлақ» балаларға арналған журнал шыға бастағалы 22 жылдан асты. Алғашқы ұстазымыз Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» деген мысал әңгімесінен алынып, «Мөлдір бұлақ» атанып, тұрақты жарық көріп келе жатқан басылым – Тәуелсіздіктің қарлығашы. Журнал әр жылдың басында белгілі бір тақырыппен байқау жариялайды. Жыл бойы эссе қабылданып, желтоқсан айында Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қорытынды шығарып, марапаттауды өткіземіз. Биыл 6 желтоқсанға жоспарланған салтанатты шара сәтімен күн жылы, жер қарада өтті. Келген, кеткен қонақтарға қолайлы ауа райы тура келіп, көңіліміз жайланды. Бұл шара біздің әр жылғы жасап келе жатқан дәстүріміз болатын.

«Мөлдір бұлақ» журналының эссе жазу байқауының қорытынды марапаттауы Алматы қаласы Жамбыл атындағы Жасөспірімдер кітапханасында болды.
Осыған дейін Абайдың 175, Ахмет Байтұрсынұлының 150, Мұқағали Мақатаевтың 90, Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арнаған едік. Үстіміздегі 2024 жылы көрнекті жазушы, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына бағытталып, «Адам болудың алғашқы қадамы балалық шақтан басталады» атты эссе жазуға байқау жарияладық. Байқау шарттары жыл бойы әр сан сайын 3-бетке шығып отырды. Нәтижесінде 100-ге жуық шығарма түсіп, 14 оқушының еңбегі үздік деп бағаланды.


«Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Жамбыл облысында «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясында жүргендіктен, марапаттауға келе алмады. Шараға Ертай Айғалиұлы аға төрағалық жасады. Қалалық Жамбыл атындағы кітапхананың меңгерушісі Аян Темірбекұлы «үйдің иесі» ретінде сөз сөйлеп ашып берді. Онан ары «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы аға шараның маңызы туралы айтып, жүлдегерлерге сәт сапар тіледі. Келесі сөзді жазушы Бердібек Соқпақбаевтың қызы, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі Самал Соқпақбаеваға бердік.

Самал апайдың келгені жиналғандар үшін тосынсый болды. Бүгінгі шараға арнайы келген ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, «Мөлдір бұлақ» журналында 8 жыл қызмет еткен, соның 4 жылында Бас редакторлық міндет атқарған Саят Қамшыгер өз кезегінде үздіктерді құттықтап, алып келген ата-аналар мен жетекшілеріне рақмет айтты. Сонымен бірге журнал қызметкерлері Раиса Қалдыбайқызы, Гауһар Тұрсынқожа, Гүлшат Бақытжанқызы қатысып, шараның ойдағыдай өтуіне өз үлестерін қосты.

Жүлдегерлер төмендегіше марапаттарға ие болды.

Бас жүлде:
Абай облысы Аягөз ауданынан Қайырбеков Мадияр Нұрболұлы, жетекшісі: Жарқын Талғатұлы.

І орын:
Абай облысы Жарма ауданынан Ғаббасова Ажар Жұмабекқызы, жетекшісі: Иманғалиева Меруерт Сайлауқызы.
Павлодар облысы Үспен ауданынан Бексұлтан Бақтыбаев, жетекшісі: Қатпанова Бақыт Рахметқызы.
Алматыдан Қойшыбек Таңнұр, жетекшісі: Найманбаева Бақыт Мошкаева.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан Сабыр Нұрсезім Хамитқызы, жетекшісі: Үсенов Ержан Нұрқасымұлы.

ІІ орын:
Алматы қаласынан Амангелді Мақсат Маратұлы, жетекшісі: Тулеугазина Ләззат Амангелдіқызы.
Талдықорғаннан Аружан Ілімнұр, жетекшісі: Жапақова Майгүл Мәлиқызы.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданынан Жеңіс Айару, жетекшісі: Додабекова Айнакул Екенқызы.
Жамбыл облысы Меркі ауданынан Серік Аяулым, жетекшісі: Мырсеитова Лаура Ерлікқызы.
Астана қаласынан Базархан Қарақат, жетекшісі: Шамахова Ақманат Ыбырайымқызы.

III орын:
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданынан Адамбай Анара Нұрдәулетқызы, жетекшісі: Айтмамбетова Айнагүл Маратқызы.
Алматыдан Қабимолла Елнұр, жетекшісі: Ботыбаева Аяулым Қайырбек қызы.
Жамбыл облысы Меркі ауданынан: Есенжол Темірлан Нұрланұлы, жетекшісі: Батырбекова Перуза Елубайқызы.
Тараз қаласынан: Қайратбек Аяулым Нұржанқызы, жетекшісі: Алипбаева Салтанат Нұраханқызы.
Оқушылар да, жетекшілері де марапатқа ие болды. Бексұлтан Бақтыбаев жердің қашықтығынан, Есенжол Темірлан денсаулығына байланысты, екі жүлдегеріміз келе алмай қалды. Дегенмен, олардың жетекшілері келіп, жиналысқа қатынасып, грамоталарын, заттай сыйлығын алып қайтты.

Марапаттауға бүгінгі таңда студент атанған, «Мөлдір бұлақтың» өткен жылдардағы Жас тілшілерін, алдыңғы байқаулардың лауреаттарын шақырдық. Айгерім Есімхан, Игерді Ақтолқын, Сырғалым Бекмұхан, Аружан Сәбитқызы қатарлы болашақ журналистер жиналған көптің алдында сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Өз туындыларын оқып берді. Жүлдегерлер алдында әсерлерімен бөлісіп, «Мөлдір бұлақ» туралы айтып, шәкірттерге жігер беріп, шабыттандырды. Онан тағы да Арман Дәуітәлі, Ясина Өркен деген 10 жастағы екі қонағымыз болды. Олар жүлдегер аға-тәтелерінің алдында өнер көрсетіп, көркем сөз бен тәтті жырдан шашу шашты.


Эссе жазбаса да, ең бастысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларынан алған әсерін, түйген пікірлерін әңгімелеп берді.
Жуықта ғана ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен шараға қатынасып, Парижге барып келген Самал апай қорытынды сөзінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы елде және шетелде қалай өтіп жатқаны туралы айтып ой бөлісті. Соңында балалардың талабы бойынша естелік суретке түсіп, сұрақтарына жауап берді. «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің арнайы сыйлықтарымен қоса жұмысымызға қолдаушылық танытқан «AKTAN» (Ақтан Бақытжанұлы) фирмасы да «орамал тон болмайды, жол болады» деп, өз сыйлықтарын тапсырды. Марапаттаудың соңында «Мөлдір бұлақ» журналының таралуына көмектесіп, оқушылардың арасында насихат жасап жүрген Тоқсанбаева Дәмет Шәлібекқызы бастаған 9 ұстаз бен кітапханашыларға «Құрмет грамотасы» тапсырылды. Шығармашылықта көзге түскен 3 оқушы Ажар Ғаббасоваға, Айсана Алпысбекке, Бексұлтан Бақтыбаевқа «Жас тілші» куәлігі берілді.


Былтыр марапаттау 16 желтоқсанда өтіп, қыстың қаһарына ілініп, қар құрсауына тап болып, үш жүлдегеріміз уақытында жете алмай кешігіп қалып еді. Биыл 6 желтоқсан тамаша ауа райы, ашық күннің сәтінде өткізіп алдық. Алыс облыстардан келіп, еңбектерінің нәтижесін көріп, құрмет төрінде марапаттарын алып, қуанып қайтқан балаларға сәт сапар тілейміз! Бүгінгі шаралар талапты жастардың жүрегіне тасталған бір-бір тал дән екені анық. Егер ізденуімен бағыт-бағдары дұрыс болса, осы дән көгеріп-көктеп жемісін береді. Біз 14 бұлақтың көзін аштық. «Мөлдір бұлақтың» оқырманы әрі жаңа авторларының болашақтары нұрлы болсын!

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналының
Бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ