«МӨЛДІР БҰЛАҚ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ЖАС ТІЛШІЛЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ
ҰБТ – он бір жылдық білімнің сараланатын сәті, игерген білімнің нәтижесі. Мектеп оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, Грант нәтижесін үлкен толқыныспен асыға күтеді. Күні кеше мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл грант иегерлерінің қатарынан оқушы кезден “Мөлдір бұлақ” журналына мақала жазып еңбектенген 11-сынып оқушылары көрінді. Айта кетерлігі журналдың республика бойынша ең үздік деген 10 жас тілшісінің арасында 11-сыныпты тәмамдаған 6 түлек мемлекеттік грант иегері атанып отыр. Бұл балалар журналы үшін қуантарлық нәтиже. Редакция ұжымы жас тілшілерді бала кезден баптап, үкілеген үміттері Грант нәтижесі шыққанда ақталды. Білім бәйгесінде оза шауып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған «Мөлдір бұлақтық» жас достарды құттықтаймыз!
Бекмуханова Сырғалым Елжанқызы – Алматы облысы “Шошанай орта мектебі” КММ түлегі, көркемсөз оқу байқауларының жеңімпазы, әдеби жобалардың жүлдегері. Оқушы кезінен белгілі тұлғалармен сұқбат құрып, көзге түсіп келеді. Өзі әлеуметтік желілерде де журналға жанашыр болып, әрдайым насихаттап жүреді. “Мөлдір бұлақ” журналы ұйымдастырған әртүрлі байқауларға қатысып, мақалаларымен озып шыққан. Мәселен, Сырғалымның “Журналист болуды армандайсың ба?”, “Әскери журналист деген кім?”, “Қазақтан шыққан тұңғыш әскери журналист қыз” т.б. бірнеше өлеңдерін айтсақ болады. Нәтижесінде ол бала күнгі арманына қадам басу мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетіне оқуға тапсырып, Грантқа оқуға түсті.
*
Сәбит Аружан – Абай облысы Жарма ауданы, Бірлік ауылынан. Аружан журналға үздік мақалаларын жолдап, «Жас тілші» атанды. Оның бұл жолды таңдауына «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларының жүргізушісі, белгілі журналист Бейсен Құранбектің журналистік болмысы себеп болған екен. Осы мақсатта таңдауы қара шаңырақ ҚазҰУ-ға түсті. Бүгінде Аружан ҰБТ-дан 125 балл жинап, Журналистика факультетінің Грантын иеленді. Айтуынша, қуанышында шек болмапты. Себебі, ҚазҰУ-да оқу оның арманы болған.
*
Садық Медина Даниярқызы Астана қаласы, М. Әуезов атындағы 86 мектеп-гимназиясының түлегі. Алдына қойған мақсатына жетуді көздеген Медина шығармашылық емтиханнан ең жоғары деген 130/130 баллды иеленді. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті «Журналистика және репортер ісі» мамандығына грантқа түсті.
– «Мөлдір бұлақ » журналына өткен жылы жазылдым. Ең алғашқы «Гаджеттер туралы» деген өлеңім жарияланды. Кейін «Шексіздікті таныған адам» деген мақалам жарияланды. Ол мақала «Шексіздікті таныған адам» деп аталатын фильмнің желісімен жазылды. Сриниваса Рамануджан есімді үнді математигінің өмірбаянынан сыр шертеді. Сонан кейін, “Амбидекстрия туралы естуің бар ма?» деген танымдық мақаламды жолдадым. «Алматыға барар жолда…» дейтін эссемде журнал бетінде жарық көрді. Ол мақаламда мен өткен желтоқсан айында «Мөлдір бұлақ» журналы М.Әлімбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған «Талант — табиғаттан, талап — өзіңнен» атты эссе байқауына қалай барғаным жазылған. Алматыға барар жолда қандай қызықты ситуацияларға тап болғаным туралы баяндалған. Сол мақалам арқылы әрбір адам өз арманынан бас тартпай, соңына дейін күресу керектігін жеткізгім келді, — дейді Садық Медина. Ізденуден шаршамайтын Мединаға талмайтын талап тілейміз!
Алматылық оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарда белсенді, жазуға бейім Даут Қуаныш Бауыржанұлы ҚазҰУ-дың Журнплистика факультетінің студенті атанды. Ол «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшісі. Қуаныш: «журналист болу – 5 сыныптан бері арманым болған» дейді. Арманы үшін түрлі сайыстарға қатысып, өзінің өлеңімен ел алдына сахнаға шығып, жүлделі орындар алған. Оның журналға «Шеберде шекара жоқ», «Әлемге танылған қазақ» т.б мақалалары жарияланған. Қуаныштың арманы орындалуына тілектеспіз!
Мемлекеттік Грантты иеленген жас тілшілердің қатарында басқа мамандықты таңдаған оқушылар да бар. Солардың бірі — Бақытбекұлы Табыс. Ол Жетісу облысы, Талдықорған қаласының дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация” лицейінің түлегі. Ол «Мөлдір бұлақ» журналына ата-ананы құрмет тұтып, ақ баталарын алу жайында ой қозғағап, арнайы мақалалар жарияладым дейді. Атап айтсақ, “Перзенттік парыз”, “Қазақ әдебиетінің қайталанбас нар тұлғасы” тақырыптарында ой өрбіткен. Қазірде ол Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенту атанды. Енді физика-математика бағытында білімін шыңдамақ.
Сонымен қатар журналдың жас тілшісі Нұртаева Шырын Нұрланқызы да мемлекеттік грант тізімінен көрінді. «Ерекше сезімде болдым» дейді Шырын. Ол Шыңқожа батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектеп “КММ” — ның түлегі. Журналдың 2022 жылғы байқауынан озып шығып, жас тілші аталған еді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 106 баллды иеленіп, Семей қаласындағы Шәкәрім Университетінің математика мұғалімдерін даярлау мамандығына оқуға грантқа түсті.
Жас тілшілеріміз қай бағытты таңдаса да бастысы өмір деген жолда болашақтары жарқын болсын дейміз. Үздіксіз дайындық, ұйқысыз түндер, қажырлы еңбек – 4 жылдық білімнің кілті. Еңбектенуден жалықпаңыздар, түптің-түбі жемісін көресіздер! Алдымыздағы оқу маусымында тағы да ел ішіндегі жазуға құштар оқушыларды жас тілші қатарына қабылдау жалғаса береді.
Айгерім ЕСІМХАН
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің 3-курс студенті