Мезгіл тақырыбы

Табиғатты, туған ауылының мезгілін жырлау көптеген ақында кездесетіні хақ. Ұлы ақынымыз Абай қыс мезгіліне арнаған өлеңінде:
«Ақ киімді, денелі, ақсақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы үскірік аяз бен қар,
Кәрі Құдаң қыс келіп әлек салды» — деп, қыс бейнесін ғажап суреттеп жазған. Өзге ақындарда да жылдың төрт мезгіліне өлең арнау жетерлік.
Ал, «Мөлдір бұлаққа» жолдаған жас бүлдіршіндер бұл тақырыпты қалай игерген екен? Енді соған көз жүгіртейік:
Атырау облысы, Индер ауданы, Құрылыс ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Ақбөбек Қайратқызы «Әдемі қыс» өлеңінде: «Қалың қарға оранып,
Дала жатыр маңқиып.
Аққала жасап балалар,
Сәбилер тұр аңқиып.
Конькиімді киіп ап,
Мен де шықтым зулатып.
Көк мұз жатты жылтырап,
Жүрегімді тулатып» — деп, жырлайды. Келісті жазылған жұп-жұмыр өлең.
Осы автор «Аппақ қыс» атты екінші бір өлеңінде:
Қар жамылып кең дала
Жайбарақат мүлгиді.
Айналасы ақ жібек
Жалтылдайды мың қилы.
Көк аспаннан ақша қар
Әлсін-әлсін саулайды.
Ақ қояндар асыр сап,
Ақ ұлпада аунайды.
Асылы Ақбөбек лирик ақын болайын деп тұр. Редакция лайым солай болғай деп тілектестік білдіреді.
Қоңырөлең ауылы, Қожбанбет би атындағы орта мектептің 8 «а» сынып оқушысы Шыңғыс Ақжолұлының «Наурыз» атты өлеңінде:
Алпыс екі жыл бойы
Ұмытылған мереке.
Қазақ үшін бұл мейрам
Құт ырысты береке.

Күн менен түн теңеліп,
Күн жылына бастайды.
Жер шуаққа кенеліп,
Аппақ тонын тастайды.

Наурыз көже пісіріп,
Қазанға ет салады.
Ақсақалдар, аналар
Төрден орын алады.

Көкпар тартып жігіттер,
Ат үстінде ойнайды.
Биші қыздар бұралып,
Ән мен биге тоймайды.
Бүкіл қауым ел барып,
Наурыз тойын тойлайды – деп, жырға қосады. Атай Шыңғыс «Наурыз» айының ерекшелігін біршама тәуір жырлай білген.
Керісінше, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылы Ушинский атындағы орта мектептің 3 «а» сынып оқушысы Дархан Шафхатовтың «Жаңа жыл» өлеңі, көптеген өлеңдер көңілге қонбады. Ырғақ, буын, ұйқас мәселесін ескере бермейді. Бұларсыз сәтті өлең де тумайды ғой. Осыны ойланған жөн. Ал,
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласындағы № 44 мек-
тептің 4 «в» сынып оқушысы
Жәнібек Ерекешев «Табиғат-ты қорғайық» деген мақаласында тәп-тәуір ой қозғаған.

ПІКІР ЖАЗУ