Менің сүйікті ұстазым
Мен екінші сыныпта оқимын. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтім әлі есімде. Әкем мен анам қолымнан жетектеп алып келіп, «Мына кісі сенің ұстазың» деп, маған күлімсірей қараған бір апайды таныстырды. Аты-жөні Ғазиза Әділбекқызы екен. Әкем мен анамның қолынан алып, Ғазиза апай мені жетектеп жиналып тұрған бір топ оқушылардың қатарына әкеліп қосты. Балалардың бәрінің қолында еліміздің көк жалауы бар екен. Маған өте қатты әсер етті. Мен де қолымдағы көк жалауымды қыса ұстап балаларға қосылдым. Сондай қуыныштымын. Қыздардың басында бірдей көк бантик, ұлдар жа көк түсті киім киіпті.
Сол күні бірінші қыркүйек болатын. Аспан шайдай ашық, күн ыстық. Аспанда көкпеңкөк, бір шөкім бұлт жоқ. Мен жан-жағыма қарап, айналамды қызықтап тұрмын. Алдымда еңселі әдемі ғимарат. Әкем:
— Мынау сенің мектебің, — деп таныстырып жатыр. Ашық аспан астында ән әуелеп, балалар домыра тартып, айнала бір әсем күйге енген. Бір кезде балалар «Қазір алғашқы қоңырау соғылады» деген дауысты естідім. Алғашқы қоңырау… Ана бағана үйден шығарда «Бүгін алғашқы қоңырау соғылады. Кешігіп қалмайық», деген еді. Иә алғашқы қоңыырау соғылды. Сыңғырлаған күміс үні, құлаққа тым сүйкімді естіледі екен. Сыңғыр-сыңғыр етіп, қасымыздан қайта-қайта өткен сайын, «Сыңғырлай бер, қоңырау» деп іштей қайталап тұрғанымды байқадым. Ал «Сыңғырла-cыңғырла тағы да, Аңсаймын үніңді сағына» деп тамылжи шырқалған әнді барлық бала ұйып тыңдап тұр екен. Кейбір балалар қосылып шырқап тұр, менің қосыла шырқағым келді…
Біраздан соң Ғазиза апайдың «балалар екі-екіден қатарласып, сапқа тұрыңдар» деген дауысы естілді. Біз жетектесіп, саппен баспалдаққа қарай көтеріле бастадық. Әкем мен анам сыртта қалып қойды да, мен сыныбымның бір топ балаларымен бірге мектептің ішіне кірдік. Мектептің іші тап-таза, аппақ көгілдір түспен көркемделген екен. Қабырғада ұстазым айтқандай, еліміздің Көк туы, Елтаңбасы мен Әнұранымыздың мәтіні жазылған тақта және ұлы адамдардың портреті ілініпті. Жан-жағымызға қызықтай қарап, бір кабинетке келіп, кірдік. Ұстазымыз Ғазиза апай: «Бұл біздің сыныбымыз», деп таныстырып, әрбір баланы екі-екіден парталарға отырғызды. Ғазиза апай: «Бүгіннен бастап сендер оқушы болдыңдар. Мен сендердің сынып жетекшілеріңмін. Балалар сендер барлығың бір сыныптың оқушылары болдыңдар. Тату-тәтті болыңдар. Сабақты жақсы оқыңдар», деп мейірлене қарады.
Мен сол сәттен бастап, ұстазымды қатты жақсы көріп кеттім. Алғаш әліппемен таныстырып, әріптерді үйретті, сандарды қосып, азайтуды, тіпті олардың сиқырлы көп сырлары барын айтып, түрлі есеп шығару амалдарына баулып, үнемі оқуға деген құштарлығымызды ұштаумен келеді. Анамның айтуынша, ұстаз деген ұлы есім. Ұстазды құрметтеу керек. Адамның бәріне әріпті үйретіп, оқуға баулып, өмірлік азық болатын білімді беретін ұстаз екен. Сондықтан мен әркез алғашқы ұстазым – Ғазиза апайға үнемі құрметпен қараймын. Біздің сыныпта әр түрлі оқушылар бар. Кейбірі мұғалімнің айтқанын тез оқып, үйреніп алады. Кейбірі ерке. Менің де кейде еркелегім келеді. Сондай кездерде Ғазиза апай барлығымыздың тілімізді табуға тырысады. Қызықты ойындар ойнатып, әңгімелер айтып береді. Апайымыз «Кітап оқыңдар» деп үнемі айтып отырады. «Кітап — адамның досы», «Артық білім – кітапта» деген мақал-мәтелдерді ұстазымнан үйрендім. Мен қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін қатты жақсы көремін. Тақпақ жаттап, мәтіндерді оқимын. Шығарма, эссе жазамын. Ән айтқанды жақсы көремін. Өскенде аниматор болсам деген арманым бар. Бастысы ата-анамның, ұстазымның, мектебімнің мақтанышы болғым келеді. Менің сүйікті ұстазым – Ғазиза Әділбекқызына алғысым щексіз. Ұстазымыз әріп, сан санатып үйретумен қатар еңбекке, өнерге баулып, сабақты үнемі қызықты етіп өткізеді. Сыныптастарым да сондай өнерлі, ақылды. Мен бәрін жақсы көремін.
Айзере Қуанғанқызы, Астана қаласы
Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектебінің 2 «А» сынып оқушысы