Менің елім – менің туым

Қазақстанда үшінші жыл қатарынан «Менің Елім – Менің Туым» акциясы өтіп жатыр, ол ҚР Мемлекеттік Туын насихаттауға бағытталған. Қысқа уақыт ішінде «Менің Елім – Менің Туым» акциясы дәстүрге айналып үлгерді. Республика күнін мерекелеу қарсаңында Астана жастары «Менің елім – менің туым!» челленджін қолдады. Мереке қарсаңында жастар осындай ерекше акция ұйымдастырып, үйлердің балкондарына 1000-ға жуық ту ілінді. Туды ілу арқылы азаматтардың патриотизмі, ортақ ұлттық құндылықтар төңірегіндегі бірлігі көрінеді. Акцияға тек жастар қанатының белсенділері ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да қатысты. Олар Туды үйлеріне, қоғамдық орындарға ілуде, тіпті көліктерін де тумен безендірді. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматқа ерекше жігер мен патриоттық сезім сыйлайтын құндылықтар. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз әркез шырқалып, елтаңбамыз елдігіміз бен бірлігіміздің символына айналғай.
Патриоттық акция жыл сайын өткізіледі. Бұл тек безендірілген үйлердің тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар елорда көшелерінде жүрген жолаушыларды да ерекше әсерге бөлейді. Астаналықтар жылы қабыл алып, акцияға қосылды.
«Жұмысқа бара жатқанымда Республика даң-ғылындағы үйлер мемлекеттік тумен безендірілгенін көрдім. Жұмысқа бара жатқанда ешнәрсе ойламайсыз, ал мұндай жайт ерекше көңіл-күй сыйлайды. Меніңше, жұрттың ойын күнделікті күйбең тірліктен бөліп, бәріміз бір «үйде» өмір сүретінімізді еске салу пайдалы», — деп бөлісті Астана тұрғыны.
Қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б.Момышұлы, Қабанбай батыр, Тұран, Республика, Қошқарбаев даңғылдарында, Нәжімеденов, Сарайшық, Сығанақ, Достық және т.б. көшелер), жол бойында ҚР тулары желбіреп тұр.
Белсенділер еліміз бойынша 10 мыңға жуық Туды ілуді жоспарлап отыр. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы актілерінің бірі 1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның бекітілуі болды. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл күн ел тарихында мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мәңгі қалады. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні болып мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін танытатын ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздер – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданып, ол Тәуелсіздікке бастар маңызды алғашқы қадам болды.
Отанға қызмет ету, ізгілік, әсемдік, халықтың тарихи тамыры мен салт-дәстүрін құрметтеу Мемлекеттік рәміздерде бейнеленген. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның туы биікте желбіреп тұрған сәтте біздің жүрегіміз еліміз үшін, Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген барлық жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленді!», — деп атап өткені бар.
Отан – құрмет пен бағалауға лайықты құндылық. Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсететініміз сондықтан. Бұл – мұсылман мемлекеттерінде көрініс тапқан жақсы үрдіс. Шариғатымыз мемлекеттік ту көтерілгенде, әнұран орындалғанда құрмет көрсетуге рұқсат береді. Әлем үшін маңызды шешімдер қабылданатын форумдарда Туымыздың болуы бұл жерде – әділеттілікті, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қорғауда Қазақстанның пікірі ескерілетінін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – Отанды қорғап, бүгінде, ел мүддесінің күзетінде тұрғандарды ұлықтау кезінде есте қалатыны шындық. «Көк Тудың желбірегені, Жаныма қуат береді»… Ел ішінде тарап кеткен бұл рухты әнді көпшілік жатқа айтып жүр. Жастарымыз күнделікті тұрмыста құндылықтарымызды насихаттап тұр. Бұл – қуантарлық дүние.
Туымызға, Әнұранға құрметсіздік таныту, Рәміздерді мойындамау сынды келеңсіз жағдаяттар да, елімізде қызмет етіп жатқан кейбір діни бірлестік өкілдері, деструктивті діни ағым ұстанушылары тарапынан мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік таныту орын алып жүргені мәлім.
Қазақстанның рәміздерін әрбір Қазақстан азаматы құрметтеуге тиіс. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін көкте желбіреген көк тудың қазақ деп жүрегі соққан әр азамат үшін айтары көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылы заңнамаға мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты өзгерістер енгізу туралы бастамасы өте өзекті болып табылмақ. Енгізілген өзгерістер нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Мемлекеттік Туды қолдану аясы кеңейтілгенін ескерген де жөн.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ