Менікі

Баяғыда, өзінің өте қатты дауысымен танымал бір кішкентай шымшық болыпты. Өзгелер кішкентай шымшықты «Бұл менікі» деп атайтын, себебі шымшық жер, суларды көргенде:
– Бұл менікі, бұл менікі! – деп бар даусымен айқайлайды екен.
Күндердің бір күнінде кішкентай шымшық тәтті жеміске толы бір ағашқа кездеседі. Ағашта жемістің көп болғаны сонша – шымшық жалғыз өзі тіпті бір жылдың ішінде жеп бітіре алмас еді. Ағаштың барын шымшықтан басқа ешкім білмеді. Осындай кереметтей ағашты тапқаны үшін шымшық қатты қуанышқа бөлінген болатын. Ағаштың әр бұтағына секіріп, әр жемісті бір шұқып ақыры қарнын тойдырды. Бірақ ол өзінің тапқан ағашын басқа да құстар тауып алады ма деп қорқып, бар даусымен:
– Бұл менікі, бұл менікі, бұл менікі! – деп айқай салды.
Оның айқайы айналадағы бар құстарға жетті және олар не болып қалды екен деп шымшыққа қарай ұшты. Өзге құстар да сол жеміске толы ағашты көріп, сол мезетте бар жемістерін жеп қойды да, қайта ұшып кетті. Ал байғұс кішкентай шымшық ағашты айналшықтап жүгіріп:
– Бұл менікі, бұл менікі! – деп айтуын доғармады.

Тай халық ертегісінен аударған – Тастанбеков Абылайхан,
СДУ-дің 3-курс студенті.

ПІКІР ЖАЗУ