Мен сізбен мақтанамын

Демалыс күні. Ас үйден естілген судың сылдырынан ояндым. Сәлден соң анамның жеңіл басқан қадамдары естілді. Ауада ванильдің тәтті жұпар иісі аңқиды. Бұл мұрынды хош иіспен қытықтайтын сүйкімді иіс, анам дайындап жатқан алма бәлішінің иісі ас үйді ғана емес, барлық бөлмелерді аралап, сиқырлайды. Анамның қолындағы қасық ыдыста көңілді секіреді, үстел үстіндегі жұмыртқаларды жылдам жарып, анам әндетіп май мен қантты араластырады. Пеш мен дайынмын дегендей, ыстық лебі шарпып, есігін айқара ашады.

 

Бойымды бір керемет сезім биледі. Осы сәт өзімді бақытты сезіндім. Анам, менің сүйікті анам өзінің күнделікті қызметіне кірісіп кеткен ғой. Анамның қолынан шыққан кез келген дәм мен үшін ерекше сезім тудырады. Мен дереу жуынып, ас бөлмеге анама көмектесуге ұмтылдым.
Анам ас үйге кірсе құлпырып кетеді. Ол қолында сиқырлы таяқшасы бар ғажайып сиқыршыға ұқсайды. Үстіндегі жеңіл көйлегі мен ақ алжапқышы өзіне жарасып, үнемі асықпай қимылдайды. Ол ас үйдегі барлық жағдайды қадағалап үлгереді. Барлық ынтасымен, махаббатымен дайындаған түрлі тағамдары: хош иісті бәліштері, дәмді тоқаштары мұрынды жарады. Маған оның еппен қамыр илегені, баппен жемістерді тураған қимылын бақылау ұнайды. Анам «Үйдегі бақыттың кепілі – дастарқан үстінде бәріміздің бірге жиналуымыз» деп жиі айтады.
Бүгін мен қымбатты анамның сүйкімді бейнесін қағазда суреттеуді ұйғардым. Міне, енді өз бөлмемде оңашаланып, қағаз бен қаламымды қолға алдым. Көз алдыма анамның жаныма жақын қоңыр көздері, әдемі, жұмбақ бейнесі келді. Анамның қыр мұрны, иығына түскен ұзын, бұйра шашы өте жарасымды. Қызыл шиедей ерні, ұзын аққу мойны анамның сұлулығын айқындай түседі. Анам күлімсірегенде жүзі мейірім шашады. Ұзын кірпіктері, қара қастары қиылып, ертегідегі сұлуды еске түсіреді. Мен үшін анамның келбеті қымбат және ерекше.
Маған анамның бейнесін ашу үшін түрлі-түсті бояу да жеткіліксіз. Анам өмірге құштар, күш-жігері мол адам. Қиындықтарға оңай беріле қоймайды. Жүзіне уақыт салған әжімдері де өзіне жарасып тұр, өйткені оның келбетінде ешкімге ұқсамайтын құпия сыр бар. Сыртқы келбеті мен ішкі жан дүниесі үнемі үйлесімділік тауып тұрғандай.
Анамның өмірі бізге деген қамқорлық пен мейірбандылыққа толы. Әрдайым отбасының қамымен жүреді. Оның дем алып отыратын уақыты өте сирек. Мен анама барынша көмектесуге тырысамын. Анамның еңбекқорлығы сонша, бос уақытында да жай отырмайды, кітап оқиды немесе кесте тігеді. Оның әрбір ісі мені жақсылыққа жетелейді. Анамнан көп нәрсе үйреніп, еліктеп өсіп келемін.
Анамның портретін аяқтадым. Көз алдымда анамның жаныма жақын жылы бейнесі. Мама… менің аяулы анам. Сіз мені мына жарық дүниеге әкелдіңіз, маған тәлім-тәрбие, күш-қуат бердіңіз, бағыт көрсеттіңіз. Сізге айтар алғысым шексіз. Мен сізге таңданамын, мен сізбен мақтанамын. Мен үшін өмірдегі ең қымбат жан өзіңізсіз, Анашым!

Адина РЫСПАЕВА, Павлодар қаласы,
дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің
7-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ