Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

13 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарды іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Балаларды қорғау, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Елімізде 6,7 млн-нан астам бала бар, олар халықтың үштен бірден астам бөлігін құрайды. Сондықтан балаларға қамқорлық жасаудың маңызы зор. Осы бағытта ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды қабылдады.
Қабылданған құжат мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жоспарын жүзеге асырады. Кешенді жоспар негізгі бес міндетті қарастырады. Олар: Педагог-психологтардың қызметін трансформациялау, «Жеке қауіпсіздік» сабақтарын әзірлеу және енгізу, Балаларға көмек, Булингке қарсы бағдарламаны әзірлеу, Тәуекелдердің интерактивті картасын жасау.
Жиын барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Оспан Еділ Сабырұлы балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен суицидтің тиімді алдын алу үшін құжатта 53 шара қарастырылғанын және осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыру жоспары туралы егжей-тегжейлі мәлімет, кешенді жоспар шеңберінде өткізілетін негізгі іс-шараларды айтып берді. Сонымен қатар кешенді жоспарды әзірлеу барысына тоқталды.
– Жоспарды әзірлеу кезінде балалар ортасындағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау  жасалды. Біз статистиканы зерттедік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді жинадық, қауіп факторларын анықтадық және зорлық-зомбылық жағдайында балаларға қандай ресурстар бар екенін білдік. Бұл талдау бізге басым бағыттарды нақтырақ анықтауға мүмкіндік берді, — деді Еділ Сабырұлы.
Кешенді жоспарды іске асыруды талқылау барысында Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Жұмабекқызы Оспанова педагог-психологтардың қызметін трансформациялау мақсатында білім алушылардың психологиялық саулығы басты міндетке айналатынын айтты. Сондай-ақ, педагог-психологтар баланың эмоционалды жағдайын қолдауда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, қазіргі балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру және оларға уақтылы, әрі жан-жақты көмек көрсету үшін психологиялық қызметтерді бейімдеу, күшейту қажет.
– Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында біз мектептегі педагогикалық психологтардың әлеуетін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Маңызды мәселе – болашақ педагогикалық психологтарды дайындау. Педагог-психологтардың қызметін цифрландыру оларға консультациялық көмекке мұқтаж балалармен нақты жұмыс істеуге, аса  назар аударуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ҚР Оқу-ағарту министрлігі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп оқыту бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмысты бастады, — деп атап өтті Насымжан Жұмабекқызы.
Ал мұндай ауқымы кең жоспардың мақсат-міндеттерін толық қамту үшін министрлік барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруді ұйымдастыратын болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, кешенді жоспар аясында 5 негізгі міндет орындалуы тиіс. Бірінші кезекте, жоғары оқу орындарында педагог-психологтарды даярлауды қайта қарау, екіншіден, педагог-психолог мамандығы бойынша штаттарды кеңейту, үшінші, аспект мектеп бағдарламасына енгізілетін балаларға арналған психологиялық сағат мәселесі, төртіншісі, жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, педагог-психологтарды оқыту бағдарламасы, бесінші, психологтарға тегін әдістемелік көмек беруді және басқа аспектілерді қамтитын мектеп психологтарының жұмысын цифрландыру.
Сонымен қатар бүгінге дейін қайта-қайта айтылып, жиі талқылау тақырыбына айналған балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты нөлдік төзімділікті қалыптастыру мәселесі туралы БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Азамат Жаманчинов балалардың онлайн-қауіпсіздігі, кибербуллингтің алдын алу бағдарламалары туралы ойымен бөлісті.
– Біз балалық шақты қорғау жүйесінің мектеп деңгейінде қалай кіріктіріліп жатқанын көріп отырмыз. Өмірде қиын жағдайға тап болу қаупі бар балаларға жеке көзқарас енгізілуде. Тәуекел менеджменті балаға туындаған қиындықтарды жеңуге көмектесуге арналған», — деді Азамат Жаманчинов. Ол сондай-ақ педагог-психологтардың штатын кеңейтуге, оларды қайта даярлауға, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың жұмысын қайта форматтау туралы жаңашылдықты қолдайтынын білдірді.
Белгілі болғандай министрлік кешенді жоспарға сәйкес келесі кезекте барлық білім беру ұйымдарында қолдану үшін бүкіл ел бойынша бірыңғай буллингке қарсы бағдарламаның әзірлене бастағанын атап өтті.
– Бағдарламада сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарын өткізу бөлігінде тәрбиелік құрауыш қарастырылған. Буллингке қарсы бағдарламаның тиімділігіне мониторинг білім беру ұйымдарында буллинг фактілерін ай сайын жинай отырып, онлайн-модуль арқылы жүргізілетін болады. Осы жылдың наурыз айында министрлік мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекітті. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жасөспірімдер ортасындағы жағымсыз құбылыстарды ерте анықтау мен алдын алудың ең тиімді құралы. Мектепішілік есепке алуды жүргізудің жаңа моделі кейс-менеджмент технологиялары мысалында баланы кешенді сүйемелдеуге мүмкіндік береді, — деді Еділ Оспан.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде республикада кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде 235 комиссия жұмыс істейді, балалардың құқықтарын қорғау саласында 2,5 мыңнан астам маман олардың мүшелері болып отыр.
– Олардың жұмыс тәжірибесін зерделеу комиссия жұмысында жазалау тетігі басым екенін көрсетті. Сондықтан медициналық-әлеуметтік есепке алу тетігін енгізу есебінен отбасылық саламаттылықты ерте анықтауға баса назар аудару бөлігінде өңірлік комиссияларды трансформациялау бойынша жұмыс басталды. Бұл отбасын сүйемелдеуге мүмкіндік береді және мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Деректер көлемінің артуын ескере отырып, комиссиялардың жұмысы отбасыларды әлеуметтік қолайсыздықтан шығарудың қадамдық алгоритмі шеңберінде цифрландырылатын болады, — деді Е.Оспан. Сондай-ақ, спикердің айтуынша, барлық білім беру ұйымдарында оқу жылының басынан бастап ата-аналарды қолдау орталықтары құрылуда. Мұның бәрі балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Алдымен өңірлердегі жағдайды зерделеу мақсатында, ұлттық білім беру дерекқоры шеңберінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасы әзірленетін болады. –Интерактивті карта балалардың ортасындағы жағымсыз құбылыстардың барлық түрлері бойынша облыстар, қалалар, аудандар білім беру ұйымдары бөлінісінде статистикалық деректерді қамтиды, — деді Е.Оспан.
Яғни, интерактивті картаның негізгі дереккөздері ретінде құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау, ақпарат, оқу-ағарту министрліктері мен жергілікті әкімдіктердің ақпараттық ресурстарынан деректері алынып, жинақталады. Бұл деректерді жинақтау мемлекеттік органдарға неғұрлым дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді, балалардың арасында туындайтын мәселелердің алдын алу және шешу бойынша жедел және жүйелі шешімдерді қалыптастыруға жол ашады. Интерактивті картаның негізінде жергілікті әкімдіктердің осы мәселелерді шешу бойынша нақты бағдарламаларды әзірлеп, оларды іске асыру жұмыстары жасалады.
Қабылданған кешенді жоспардың жүзеге асу барысы жоспар бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асатын болады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ