Мемлекеттік рәміздер тәуелсіз елдің айғағы
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл еліміз үшін жаңа жетістіктер жолындағы басты оқиғалардың бірі болды. Ту, Елтаңба және Әнұран ұлттың бірегейлігін, егемендігі мен бірлігін білдіреді, халқымыздың отансүйгіштігі мен патриотизмін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Астанада 4 маусым – Рәміздер күніне орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде Астананың символы – «Бәйтерек» монументінің қасында «Менің рәміздерім» атты көлемді мерекелік акция өтті. Аталған акцияны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ұлттық ұлан бірлесе ұйымдастырды.
«Рәміздер күніне орай «Бәйтерек» алаңында партиоттық акция ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде қалалық өнер жұлдыздары патриоттық әндерді шырқап, тұрғындар рәміздер туралы викториналық ойындарға қатысуда. Әлбетте еліміздің нышандары туралы жақсы ақпарат білетін адамдарға сыйлықтар таратылады. Ал бүгінгі іс-шараның көркі – Ұлттық ұлан оркестрі. Ұлттық ұланның «Үлгілі көрсетілім оркестрі» және «Құрмет қарауылы» арнайы өнер көрсетеді. Бұл іс-шара қала тұрғындарының, жастардың патриоттық рухын нығайта түспек. Сондай-ақ кешеден бері жалаушалар таратылып жатыр. Бүгін де таратылуда. Себебі әр қазақтың төрінде көк туымыз желбіреп тұрса деген ниетіміз бар», — деді концерт ұйымдастырушысы Алтай Советханұлы.
«Менің рәміздерім» атты іс-шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ашып, қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.
4 маусым бірнеше жыл қатарынан мемле-тіміздің Рәміздер күні ретінде ел көлемінде тойланып жатыр. Бүгін мемлекет басшысы Рәміздер күнін арнайы ресми шарамен бастап берді. Ал қала көлемінде 500-дей ірілі-ұсақты іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірін елордамыздың символы – «Бәйтеректің» қасында ұйымдастырып отырмыз. Мақсаты-мыз – еліміздің құнды нышандарын дәріптеу арқылы жастардың отансүйгіштік рухын көтеру, — деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп. Акцияда танымал әншілер ән шырқап, тұрғын-дар викториналық сауалдарға жауап берді. Ал Ұлттық ұланның көрсетілімдері көптің көңіл төрінен орын алды.
ҚР Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн еліміздің тәуелсіздігі, бірлігі мен егемендігінің нышаны ретінде әрбір азаматтың жүрегінде орын алады. Біздің рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұран – ұлттық мақтанышымыз, тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашаққа деген сенімділіктің көрінісі, — деген «Құрмет қарауылы» ротасының взвод командирі Дархан Тоқтасын қала тұрғындары мен қонақтарын осынау мерекемен құттықтады. Рәміздер күніне арналған іс-шарада Ұлттық ұландықтар Туымызды көкке желбіретті. Рәміздер әрбір қазақстандық үшін шынайы мұра екенін ұмытпауымыз керек, сондықтан оларды қастерлеу, қорғау және құрметтеу баршамыздың парызымыз.
Тәуелсіздік алған 32 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның рәміздері бүкіл әлемге танылды – көптеген спорттық, мәдени және саяси алаңдарда көк Туымыз тік төбемізде желбіреп, республикамыздың Әнұраны салтанатты түрде шырқалуда. Осындай сәттерде елімізге, жерімізге деген мақтаныш сезімі әрқайсымыздың бойымызды кернейтіні сөзсіз.
Гауһар Тұрлыбекова