Мектеп — қоғам айнасы

Құрметті жас оқырмандар! Нина Дьячковская – якут жазушысы. Саха Республикасы (Якутияда) «АЙАР» баспасынан жарық көрген «Исповедь исчезнувших» атты кітабымен танымал. Бұл кітап сол жақтағы оқырмандар ең көп оқыған кітап екен. Аудармашы Саят Қамшыгер жақында бұл кітапты орыс тілінен қазақ оқырмандарына арнап аударып шықты. Алдағы уақытта «Жоғалған жанның жан сыры» деген кітап болып шығады. Назарларыңа сол кітаптан үзінді ұсынып отырмыз.

Редакция

 

Ағамыз екеуіміз балалық шағымыз жайлы айтпай, үндемей қаламыз. Кейде ойға кетем, ол балалық шақ дегеннің өзі болды ма бізде? Біздің балалық – көшедегі еркіндік, шекарасы мен шарттары жоқ ашық әлем. Алғыс үшін балалық естеліктер пойыз вагондарының тарсыл-гүрсілі, мен үшін – анамның көздеріндегі үнсіз мұң. Сол бір қиын кездерде көп отбасылар кедейленіп, жұпыны ғана өмір сүрді. Ал біздің анамыз ала таңнан кешке дейін өмір сүру мен тамақ тауып жеу үшін жанталасты. Алғашқы күннен-ақ бөтен ортада тіршілік үшін күресуімізге тура келді. Иілетін, бірақ та сынбайтын солтүстіктің талы сияқты біз де жабайы жағдайда ар-ұятымызды сақтай отырып өмір сүруді үйрендік. Көптеген туыстарымыз бен қар басқан атамекеніміз жайлы анамның әңгімелері бізге күш берді. Сол кезде қарда тұрғанға қарағанда құмның үстінде тұру жеңіл сияқты болып көрінген.
Ағам екеуіміз 14-15 жасқа келгенімізше мектепке бармадық. Біздің ғасырда бұл үлкен жабайылық екенін түсінемін де. Бірақ солай болды: «Қараңғы түкпірден шыққан миллионер» фильміндегідей кедейшілік, аштық, суық, төбелес пен үнемі қашып жүру біздің басымыздан да өтті. Уақыт талабына сай басымызға түскені солай болды. Біз, күйреуден кейін шашылған қоқыстай болып қалған балалар, сол кездің қиын күндерімен бетпе-бет келдік.
Әрине, анамыз бізді ең жақын жердегі мектепке берген. Ағам екеуіміз арамыз бір жас қана болғандықтан, өмірдің қиын жағдайларына байланысты Алғыс бірінші сыныпқа кешігіп, менімен бірге барды. Біз өзбек тілінде ме, қарақалпақ тілінде оқыдық па, есімде жоқ, оның үстіне ол жерде көп те оқыған жоқпыз. Бізді орыс сыныбына оқуға беруге анамның мүмкіндігі болмады. Ол үшін күнде басқа ықшамауданға барып, үнемі апарып-алып келіп жүру керек болатын. Сабақта айтылғандардың көбін біз түсінбейтін едік. Орыс мектебінде оқу да бізге қиын болар еді. Себебі, біз орыс тілінің өзін де әрең түсінетінбіз. Анамызға орыстілді мұғалімдермен сөйлесу жеңіл болар ма еді?
Біздің мектепте анамызға да қиындау болды. Ол кезде көшедегі барлық ересектер орыс тілін білетін. Ал мұғалімдер орысша түсінбейтіндей кейіп танытатын. Біздің ауладағы балалармен әйтеуір әдісін тауып тіл табысқанымыз мектепке келгенде жарамай қалушы еді. Көп балалар моңғолоидтік бет-әлпетімізге қарап өздеріне тартатын, олардың сөздерін түсінбей тұрып қалғанымызда олар өздері ойнап кетіп қалатын, одан кейін бізді қайта шақырмайды. Ағам маған үйрететін: «Егер түсінбесең, жауап бермей-ақ қойған жөн. Бізді мылқау деп ойлап қалсын».


Таңертеңнен кешке дейін өзіміз ғана қалатын едік. Анам үнемі жұмыс іздеп жүретін, жұмыс табыла қалса ол жерден жұмыстан шығып қалмау үшін барын салатын. Үйге қараңғы батқанда ғана шаршап келіп, бірден бізге тамақ дайындайды. Біздің тәрбиемізге оның күші де, уақыты да жетпейтін. Кей кездерде үшеуіміз құшақтасып жатып ағам Тимканы, әпкем Аянаны, алыс Якутияда қалған барлық жақындарымызды еске алатын едік.
Уақыт өте келе біз сабаққа бармайтынды шығардық. Анамыз уақыты жоқтықтан, жұмысының көптігінен кейде біздің хал-жайымызды сұрай алмай қалатын. Ол уақыттарда біз өмірдің ағысымен жүзетінбіз. Анамыз өмір сүру үшін күресетін, біз басқаларды мойындату үшін жекпе-жекке шығатынбыз. Барлық жерде өзімізді бөтен сезінгендіктен, бізге көп нәрсе жетпейтін еді: әкенің қорғанышы, ананың мейірімі, үй, тіпті тамақ та. Ағам барлығының орнын басты, оның сөзі мен үшін талқыланбайтын, бұлжытпай орындайтын заң сияқты болды. Ағам екеуіміз күні бойы аулалар мен кварталдарда қаңғырып жүрдік, уақыт өте келе мектепке бармай кеттік.
Жалғызілікті келімсек әйелдің қараусыз балаларында, шынын айтқанда, мұғалімдердің шатағы да болмады. Біздің таңертеңнен кешке дейін қаңғырып жүретінімізді анам білген кезде бәрі кеш болған еді, ол мектептің есігі біз үшін жабық болатын.
Тағдыр жайлы ойға берілген кездерімде адам өміріндегі мектептің маңызы туралы сұрақ қоям. Ол кездерде адамдардың мектепке деген көзқарасы басқаша болатын. Көп балалар оқымайтын, үлкендер де оқы деп қинамаушы еді. Уақыт өте келе мектептің қоғамның айнасы екеніне көзім жетті.
Менің балалық шағымда ұлттық романтиканың шыңында тұрған мектеп өз әлеміне «бөтен балаларды» кіргізбеу арқылы, мұғалімдердің кең пейілі арқылы бізді көшеге лақтырып тастады. Біз тұрған өңірде көше балалары көп еді, олар әртүрлі тілде сөйлейтін. Негізінен көшеде үнемі мас болып жүретін ата-аналарынан қашып кеткен балалар жүруші еді. Олар жақындарынан зәбір-жапа көре берген соң көшеде жүретін. Өз елдерінде бізге белгісіз соғыс болып жатқандықтан қашып келген балалар да болды. Ата-аналарынан айырылып қалған балалар да көп. Солардың арасында жаңа мемлекеттің бюрократиялық кезеңінде тұрып қалған біз де бар едік. Біз көптеген төбелес пен қақтығыстар, келіссөздер арқылы ұзақ күткен мойындауларға, беделге жеттік. Жаңадан тапқан достарымызбен қолдың саласындай бірлесіп, көшенің тобырына айналдық. Бізге қиындыққа толы жаңа өмірге үйренісу оңайға соқпады. Бұл жаңа өмірдің мәні мына сөздерде еді – «өліспей беріспе, әйтпесе сен аяқта тапталып қаласың».
Алғыс екеуіміз бір уақытта бірнеше тілді түсініп, тіпті сол тілдерде сөйлеп кеттік. Өзбек, қарақалпақ, қазақ, тәжік, түркімен, қырғыз, орыс, өзіміздің туған тіліміз – якут тілдерінде сөйлесе беретін болдық. Якут тілін ұмытқан жоқпыз. Ол тілде сөйлесетін үш-ақ адам болсақ та тіліміз ұмытылмады.
Біздің өзбектермен байланысты оқиғамызда анамды кінәлайтындар көп. Бірақ олай емес. Қашанда біздің қорғаушымыз болды, ең жақын адамымыз бар еді. Ол – біздің анамыз. Милиция бізді ұстап алып, отбасымызға қайтарып отырды. Бірақ көше бізді тамақтандырды, киіндірді, тірі қалуға мүмкіндік берді.
Есімде, бірде ағам жаңа велосипед теуіп келді. Дөңгелегі күнге шағылысып жарқырап тұр. Қоңырауын сылдыр еткізгенде күлімсіреп, нұрланып кетті. Бұрылды да, барлық баланы қызықтыра аулаға кеп тоқтады. Велосипедті көріп, ұстап көру үшін біз сияқты «тентек – жабайылармен» сөйлесуге ата-аналары рұқсат бермеген балалар да келді. Бір апта бойы біз оқиғаның дәл ортасында, бас кейіпкер болдық. Бізді күтті, шақырды, велосипедпен бір айналып келу үшін жанымызға келді, біраз адамдар «сатыңдаршы» деп өтінді.
Бір күні ойыны әбден қанған соң Алғыс ол велосипедті көршімізге біржола бере салды. Ол ақшасын да шаша білді, жомарт еді кішкентайынан. Әрине, ақшаның ағашта өспейтінін, аспаннан жаумайтынын біз білеміз. Әр күн сайын ақша үшін өмірімізді бәске тіктік, үнемі тәуекел еттік, бірақ та шындығында оның құнын да білмеген едік. Қалтамызға ақша түсе қалғанда бізге ешкім қой демеді: қанша болды, соның бәрін жұмсадық. Бізге ондай мүмкіндікті көше берген еді. Ол біздің өз құқымызды, тіршілігімізді кейде күшпен, кейде мінезбен қорғап қала білген кеңістігіміз болатын. Шындығында ол жер біздің үйіміз де, еліміз де емес еді. Бірақ біз сол жерде болдық.

Авторы: Нина ДЬЯЧКОВСКАЯ
Қазақ тіліне аударған: Саят ҚАМШЫГЕР

ПІКІР ЖАЗУ