Мектебім – мақтанышым!
«Мектебім – бұлбұл бағынан,
Кеудеме бір нұр дарыған.
Үйрендім кешікпеуді де,
Қоңырау сыңғырларынан»
1864 жылы 8 қаңтарда Ыбырай Алтынсарин Қазақстанда алғашқы мектепті ашқан. Сол кезден бері қазақ жерінде жүз мыңдаған адам мектептерде оқып, білім алып келеді. Біздің елімізде әрбір баланың тегін оқып, орта білім алуға құқығы бар.
Мен оқитын мектептің 100 жылдан артық ұзақ тарихы бар. Ол 1918 жылы толықсыз орта мектебі болып ашылған екен. 1937 жылдан бастап орта білім беретін болған. Ұлы Отан соғысы кезінде мектеп ғимаратында атақты 312 атқыштар дивизиясының штабы құрылған. Ал, 1942-1944 жылдары бұл жерге әскери госпиталь орналасыпты. 1963 жылдан бастап біздің мектебіміз «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектеп» деп аталыпты. Ол уақытта мұндай мектептер тек қана Мәскеу, Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана болған екен. Сол жылдары педагог Ядкар Усманович Ямбаев деген кісі директор болып мектепті басқарған. Ол өз жұмысын соншалықты жақсы көретіндіктен бүкіл қазақстанды аралап, ағылшын тілі пәнінің ең жақсы мамандарын біздің мектепке шақырып, бір жерге жинапты. Қазіргі уақытта біздің мектебімізде Қ.Жұбанов атындағы Университетінің ағылшын тілінің кафедрасының филиалы орналасқан.
Осы мектепте кезінде менің екі апам оқыды. Екеуі де мектепті жақсы бітіріп жоғары білім алды. Мектеп қабырғасында алған үздік білімдерінің арқасында, бірінші апам университетте оқып жүргенде халықаралық конкурстан ұтып алып таңдаулы студент ретінде Америка Құрама Штаттарына оқуға барып келді. Ал, екінші апам университетті қызыл дипломмен аяқтады.
Мен осы мектепте 1 сыныптан бастап оқып жүрмін, қазір 6 сыныптамын. Біз бәріміз татумыз, доспыз, бір-бірімізге әрқашанда көмектесеміз, өзара қол ұшын созамыз. Демалыс күндері сыныптағы достарыммен кездесіп бірге қыдырамыз, туған күндерімізге бір-бірімізді шақырамыз. Біздерге сабақ беретін мұғалімдер өте жанашыр, мейірімді адамдар. Олар сабақты жақсы түсіндіреді. Мен оларды өте сыйлаймын.
Болашақта кім болатынымды, қандай мамандық тандайтынымды әзір білмеймін, дегенмен көп ойланып жүрмін. Білетінім, жақсы маман болғың келсе, жақсы табыс тапқың келсе, қабілетті, құрметті адам болғың келсе, мектепте жақсы оқуың керек. Мектепте алған білімің болашағың үшін өте маңызды. Менің көзім жеткен ақиқат осы!..
Ердәулет Бағыжанат,
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы,
№2 ЖББОМГ
6 «Ә» сынып оқушысы
Жетекшісі: Кайреденова Динара Бактлеуовна,
Тарих пәнінің мұғалімі