Медиация – мәміле алаңы
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан –2050: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамыту арқылы ұсақ-түйек мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешудің тәсілдерін қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Одан бөлек, Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев медиация институтын жетілдіру бойынша сөз қозғаған болатын. Расында, қабылданғанына 10 жылға жуық уақыт болған «Медиация туралы» Заң ақпараттандыруды қажет етеді. Ұлы Дала дәстүрінде ата-бабаларымыз шырмауы қатты дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білген, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла даналар болған. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы сабақтастық тамырының терең екенін айғақтайды.
2011 жылы 5 тамызда күшіне енген «Медиация туралы» Заң толыққанды, кідіріссіз жүзеге асуы үшін оны насихаттау жұмыстары толассыз жүргізіліп отыру керек. Сондай-ақ «Медиация туралы» Заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын бір көрінісі.
Еліміздің сот саласы медиация үрдістеріне бет бұрып отырған қазіргі қоғамда жастар арасында медиация тақырыбына терең үңілу өте маңызды. Осы орайда Қызылорда облысында «Аймақта медиация институтын ілгерілету» жобасы аясында медиация институтын насихаттауға арналған байқау жарияланған болатын. Байқау жеңімпаздары Қызылорда қаласының Достық үйінде аймақта медиация институтын насихаттауға бағытталған «Үздік мақала» және «Үздік репортаж» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Жалпы алғанда 42 ақпараттық материал жарық көріп, ішінде ірі көлемді және мағыналы деген материалдар іріктеліп алынды. Нәтижесінде «Үздік репортаж» байқауында бірінші орынды «Медиация институты» ролигімен Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы И. Серікбай, екінші орынды «Медиация – азаматтық қоғам дамуының көрінісі» репортажымен «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Н. Жақыпбеков және үшінші орынды «Медиация – мәміле алаңы» репортажымен Qyzylorda телеарнасының тілшісі, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ директоры Т. Әлжанов иеленді. «Үздік мақала» байқауында бірінші орынды «Медиация – дауды шешудің ең тиімді тәсілі» мақаласымен «Кызылорда Ньюс» ақпараттық агенттігінің тілшісі Д. Маханова, екінші орынды «Татуласу» тетіктері туралы» мақаласымен Қызылорда облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Н. Нұрбайқызы және үшінші орынды «Медиация саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды» мақаласымен «Сыр бойы» газетінің тілшісі М. Дауылбайқызы иеленді. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Шараға қатысқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы А. Мукеев медиация институтын насихаттауға белсене ат салысып келген журналистерге алғысын білдірді.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі