Мажарстан
Елордасы: Будапешт
Ресми тілі: Мажар (венгр)
Ұлттық пұлы: форинт (HUF)
Халќы: 10 076 581 адам.
Мажарстан (Венгрия) – Еуропаның орталығында, Австрия, Словакия, Украина, Румыния, Хорватия мемелекеттерімен шекаралас жатқан ел. Мажарстанның тұрғылықты халқы өздерін «Мадиярлармыз» деп айтады. Осы венгрлік мадиярлардың қазіргі мекендеп жатқан Еуропа аумағына ұлы даладан келгендігі жəне олар қайсібір заманда сонда көшіп-қонған халықтың бір бөлігі болғандығы жайында тарихи, мұрағаттық деректер мен аңыздар көп. Мажар аңыздарындағы ғұндарға байланысты оқиғалар мажарлардың шығыспен байланысы сонау ерте заманда басталғанын, Мажарлардың Азиядан Еуропаға 896 жылы қоныс аударғанын баяндайды. бдМадиярлар Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. ІХ ғасырда қыпшақ деген атпен белгілі болған халық моңғолдардың 1239 жылғы шапқыншылығынан Мажарстанға қоныс аударады. Көтен хан ІV Белаға елшілерін жіберіп, Мажарстанға халқымен көшіп баруға рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң, 1239-40 жылдары қол астындағы 40 мың (кейбір деректерде 60 мың) халқымен көшеді. Еркін көшіп-қонуға, ескі салттары бойынша өмір сүруге лайық аумақтарға, жазық далалы жерлерге қоныстанады. Түгелдей отырықшы болуларына жүз жыл кетеді, ал тілдері Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін сақталады. Күні бүгінге дейін Мажарстанда Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы Қыпшақ жерінің жүрегі. Мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірлер ХІХ ғасырда жергілікті газет беттерінде жариялана бастайды. 1835 жылы Шамуель Брашшаидың «Қырғыз-қазақтар» атты еңбегі жарық көреді. Кейін де мадияр ғалымдарының қазақ еліне, жеріне байланысты еңбектері жарық көре бастайды. Солардың арасында Дьердь Алмашидің есімі көзге түседі. 1900 жылы Қазақ жеріне жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты еңбегі жарық көреді. Кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, сауда-саттығы, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қол өнері, ауыз əдебиеті туралы мол мағұлмат келтіреді. ХХ ғасырда белгілі венгр ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елден шыққан мадияр руының қазақтар мен мадиярлар (венгр) арасындағы туыстық байланыстарды жан-жақты зерттеуді бастағанымен, бұл ғылыми мұрасын саяси себептерге орай жалғастыра алмайды. Ал, Андрош Биро мұны ғылыми дəрежеге көтереді. 2006 жылы Андроштың жетекшілігімен, Қостанай облысында қазақ-венгр бірлескен антропологиялық экспедициясы Торғай өңірінде тұратын қазақтардың мадияр руы өкілдері арасынан генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалады. ДНК үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін жəне генетикалық ақпаратты сақтайтын Ү хромосомдарына талдау жүргізіледі. Нəтижесінде венгрлік мадиярлар мен қазақтардың арасындағы туыстық қатынас толығымен дəлелденеді. Ал Иштван Мандоки Қоңыр «Кун тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993) атты еңбегінде мажар тіліндегі кейбір сөздер мен қазақ тіліндегі сөздердің ұқсастығын келтіреді. Мысалы: арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik, пышақ – bicska т.б. Тамыры тереңнен басталатын екі халық арасындағы мəдени туыстық, жақын қарым-қатынастары келекшекте де үзілмей, жалғасын табады деген ойдамыз.
Айгүл ҚАНАТОВА.