Маруся және жаңа жыл
Өз інінің алдында Маруся деген түлкіше мамықтай жұмсақ жүнін тарап отыр. Жанынан Федот деген кішкентай қасқыр жүгіріп бара жатып:
— Маруся, сен бүгін неткен сұлусың! — деп таңқалды.
— Бүгін Жаңа жыл келеді ғой, соған дайындалып отырмын, — деп Маруся нәзік дауысымен жауап берді.
— Иә-иә, Жаңа жыл!, — деп Федот басын шұлғыды. — Ал мен үлкен алаңға асығып барамын.
— Неге сонша асығыс, — деп Маруся ойланғанша Федот кетіп қалды.
— Бәріміз «Жаңа жыл келе жатыр!» дейміз. Ал, ол қалай келеді? Оның сонда аяғы бар ма еді? — деген түлкіше өзінің сұрақтарына жауап таппай әлек болып тұрғанда, екі ақ қайыңның ортасында жан-жағына таңқалып тұрған баланы көзі шалды.
Баланың бойы ұзын әрі арық екен. Үлкен көгілдір көзді, бетінің қызылы бар. Аяз Атаның қалпағына ұқсаған көгілдір кішкентай бөрігінің арасынан сабан сияқты шашы бар ұл бала. Баланың үстінде көгілдір шалбар, пима және қысқаша, жүні көгілдір күртеше киіп алыпты. Осының бәрін Маруся тез көз жүгіртіп қарап шықты, себебі осындай сүйкімді баланы ол орманнан күнде көре бермейтін.
— Қайырлы кеш! Мен саған көмектесе аламын ба? — деді.
— Сәлеметсіз бе! Маған көмектесіп жібер-сеңіз, мен қуанышты боламын! — деп бала қуана жауап беріп, әрі қарай сөйлеп кетті.
— Мен адасып кеттім. Атам менен бірге қалмай жүріп отыр деген, ал мен жапалақтың ағаш басында қанатын тазалап отырғанын қызықтаймын деп қалып қалдым, міне осылай… Тіпті атамның қай жақпен кеткенін де білмеймін. Осы адамдар неге тапқыр емес екен, егер атасының ізі бойынша жүріп отырса, әлдеқашан тауып алар еді, — деді түлкіше іштей ойлана.
— Мүмкін сен қайда бара жатқандарыңды білетін шығарсың?
— Әрине, білемін! Үлкен алаңға! Сіз оның қайда екенін білесіз бе? — деп сұрады бала.
— Мен де сол жаққа бара жатырмын, — деп жауап берді түлкіше Маруся. — Және біз тез жүруіміз керек, әйтпесе Жаңа жылдың келуін жіберіп аламыз.
— Жіберіп алмаймыз.
— Себебі, Жаңа жыл деген ол – мен! — деп жауап берді бала.
— Менің жолым болған екен, — деді іштей Маруся.
Алыстан Үлкен алаң көрінді, онда ойыншықтармен безендірілген шырша тұр.Оның маңайында Аяз Ата мен орманның кішкентай тіршілік иелері Жаңа жылдың келуін күтіп тұр. Тек осы жолы Жаңа жыл өзі ғана келмей, оны ақылды әрі сүйкімді Маруся деген түлкіше ертіп алып келді.
Автор: Мария Шкурина
Аударған: Нұркен Бектасов