Маңғыстауда —пір Бекет
Батыр, əулие, ағартушы, сəулетші Бекет ата Мырзағұлұлының туғанына биыл 260 жыл (1750-1813).
Ислам дінінің сопылық бағытын ұстанып, мұсылман балаларын оқытқан. Көрші жатқан түрікмендермен даулы мəселелерді шешерде екі жақты да келісімге келтіретіндей би-шешендігімен, даналығымен де көрінген. Ол 1813 жылы дүниеден өтіп, мүрдесі Маңғыстау өлкесіндегі Оғландыға, өзі орнатқан мешіт маңына жерленген.
Бекет ата туралы ел аузындағы əңгімелердің ақиқатқа жақын тұсын айтар болақ, ол бес жасында Пайғамбар сүндетіне отырып, алдымен атасы Жаналыдан, сосын ауыл молдасынан хат танып, діни сауатын ашады. Сегіз жасында айнала əлем, қоршаған орта туралы таным-түсінігін кеңейтіп, ғылым жолына құмартады. 14 жасында Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесіне оқуға аттанады. 16 жасында ел арасындағы даулы жиында алғашқы билігін айтып, ақсақалдарды аузына қаратады. Медреседе 7 жыл оқып, 21 жасында «сақып кемел» атанып, шатырхат алып, елге келген соң Ақмешіттен алғашқы мешітін салып, бала оқытады. 22-23 жасында жау жасағын бойындағы қасиетімен қайтару арқылы ұлысқа батырлығымен əйгілі болып, «Бекет!» деп ұрандайтындай дəрежеге жетеді. 24 жасында қазіргі Ескі Бейнеудегі мешітін қаздырып, 28 жасында Оғландыдағы мешіт құрылысын бастайды. Қырық жастан асқаннан кейін Хиуадағы шайқы-пірлердің алқалы жиынында арнайы сынақ тапсырып, пірленеді. Яғни, «Бекет сопы», «Бекет пір» атағын алады.
Хорезмде Пақыржан қажыдан оқып, Маңғыстау, Атырау, Үстірт аймағында мешіт-медреселер салып, елін сауаттандыруға барын салған. Бекет ата жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дəстүрін дамытқан сəулетші əрі шебер болған. ХІХ ғасырда Үстіртті зерттеген топограф Эдуард Эверсман: «Тауды үңгіп жасалған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткішті Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғландыда, екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Жем бойында, төртіншісі Арал жағасындағы Баялыда» деп жазады.
Бекет ата бұл мешіт-медреселерде Құдайға құлшылық еткен, бала оқытқан. Оғландыдағы ғимарат жақсы сақталған. Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының шоқысына қашалған. Үш-төрт қанат көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесінде қашап орналастырылған.
Жерасты ғимараты маңында Бекет ата пайда-ланған бұлақтар, құдықтар бар.
Халқы Бекет атаның есімін ешқашанда тікелей атап көрген емес. Есіміне «Ер Бекет», «Бекет-Ата», «Бекет əулие» деген рəміздік қосымшалар жалғау арқылы атайды. Ел оны пір тұтып, құты қашып қорыққанда да, аруағы асып, айбыны артса да, есі шығып қуанғанда да «Иə, Бекет!» деп сыйынуды дəстүр еткен. Бекет атаның бұл қасиеттері көзінің тірісінде-ақ ел арасында аңызға айналғаны сонша, «Меккеде – Мұхамед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөз сол кезде шықса керек.
Дайындаған: К. КӨКТЕМҰЛЫ.