Мәлік ОТАРБАЕВ, ҚР МСМ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры: КӨНЕ КІТАПТАРДЫ БІЗ ЖАҢАРТЫП, ҰРПАҚҚА ҰСЫНАМЫЗ
– Мәлік Нұржанұлы, өзіңіз басқарып отырған Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қысқаша тарихына, жұмысының басым бағыттарына, қоғам үшін несімен пайдалы екендігіне тоқталсаңыз?
– Еліміздің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін баға жетпес мұраларымыздың құндылығы қашанда жоғары бағаланған. Өйткені, сирек кездесетін қолжазбалар мен алуан түрлі сирек басылымдардың түпнұсқалары – бағзы заманнан бүгінге дейінгі тарихи ұзақ мерзімді қамтитын құнды жәдігерлер. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 2017 жылы құрылды. Ұлттық орталық бабаларымыздан қалған құнды мұраларымызды жүйелі түрде жинаумен және сақтаумен айналысады. Ұлттық орталық жұмысының басым бағыттары:
зерттеу (деректерді ғылыми сараптау, аудару, каталогтау, ғылыми айналымға қосу, т.б.)
қалпына келтіру (орталықтың арнайы зертханасында консервация, дезинфекция, дезинсекция жұмыстарын атқару)
насихаттау (көрме залында тұрақты экспозициялау және тақырыптық жылжымалы көрмелер өткізу)
пайдаланушыға ұсыну (электронды оқу залында зерттеушілерге, оқырмандарға қордағы мұраларды пайдалануына жағдай жасау). Осы бағыттарда мамандар жұмыс атқарады.
– Қазіргі таңдағы орталықтың жинақталған қорына тоқталсаңыз. Қандай жәдігерлер бар? Оларды қалай, қайдан жинайсыздар?
– Қорымызда қазір 11 мыңнан аса кітап жинақталды. Олар, «арабографиялық кітаптар: яғни, араб, парсы, түркі тілінде жазылған қолжазбалар, литографиялық және типографиялық баспада басылған кітаптар, ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған құран, ислам ақидалары, фикх мәселелері, хадистер, хикмет сөздер мен тарих, әдебиет, география, этнография, логика саласындағы шығармалар», «төте жазудағы қазақ және орыс классиктерінің еңбектері», «латын графикасында жазылған кітаптар, физика, математика, химия, геометрия секілді мектеп оқулықтары», «Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин және басқа да қазақ ғалымдары мен ағартушыларының еңбектері», «Орыс және шетел зерттеушілері А.Левшин, Г.Потанин, Г.Миллер, Н.Рычков, В.Радлов, В.Бартольд және т.б. еңбектері» және басқа да маңыздылығы жоғары сирек кітаптар бар. Ресей империясының заңдар жинағы, 1890 жылдан басталатын Ақмола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей облысы, Жетісу өңірі бойынша ауыл шаруашылығы, демография, мал шаруашылығы т.б. саланы қамтитын мәліметтер жинағы арқылы мол мәлімет алуға болады.
Қордағы кітаптардың негізгі бөлігі Ұлттық орталық құрылған кезде қорды толықтыру мақсатында сол кездегі Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми техникалық ақпарат орталығының кітап қорынан және ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана қорынан тапсырылған болатын. Сондай-ақ, жеке тұлғалардан, ғылыми орталықтардан да тапсырғандар бар.
– Реставрация саласы қалай жұмыс істеуде, қиыншылықтары мен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.
– Елімізде реставратор мамандарды даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Мамандар Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада немесе шет елдерде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Бүлінген кітапты қайта қалпына келтіру жұмысы ұзақ, әртүрлі процестерден тұрады. Көне қолжазбалар мен кітаптарды физико-химия және техникалық талдаудан, өңдеуден өткізіп, дезинфекция және дезинсекция, консервация және түптеу жұмыстары жасалады. Алдымен шаң-тозаң, микробқа толы кітаптарды карантинге жібереді. Адамның көзіне көрінбейтін кейбір бактериялар денсаулыққа зиян. Мәселен, кезінде кітаптар табиғи нәрселерден жасалды: сырты былғары, терімен қапталды, желім ретінде ұн да пайдаланылды. Былғарыдан тігілген кітаптар онсыз да вирусқа толы болады. Сондықтан оларды бірден реставратордың қолына берілмес бұрын арнайы құрылғыда 3-4 аптадай дезинфекциядан өтеді. Содан кейін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Былайша айтсақ, біздің мамандар кітапты «емдейді», оны заман талабына сай қалпына келтіреді. Осы күнге дейін орталықта 70-тен аса кітап қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, орталықтың реставратор мамандарының қажырлы еңбектерінің арқасында қалпына келтіру саласы ілгері жылжып келеді. Алдағы уақытта өзімізде реставраторлар мектебін қалыптастыру жоспарда бар.
– Кітаптың заман талабына сай электронды нұсқаларын жасау қалай жүзеге асуда?
– Ұлттық орталықта цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте өте нашар сақталған кітаптар сканерден өткізілуде. Біз олардың көшірмесін алып қалуымыз керек. Қорымызда ондай кітаптар баршылық. Алдағы уақытта қорымыздағы барлық дүниенің көшірмесін жасап, оқырманға ұсынылу жолдары қарастырылуда.
Қазір ұлттық орталықта тарихымыздағы әр кезеңнің құнды дерегі болатын шет елдердің сирек қорларында сақтаулы біршама кітаптың көшірмесін жасауды да қолға алып отыр. Олардың ішінде Австрияның ұлттық кітапханасында сақтаулы ХІ ғ. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастанын, Өзбекстанның әбу-Райхан Беруни атындағы шығыстану институтының сирек қорында сақтаулы ХІІ ғ. Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы») кітабын, ХІV ғ. Рабғузидің «Қисас ул-Әнбия» (Пайғамбарлар қиссасы) кітабын, Францияның ұлттық кітапханасында ХІVғ. Құтыбтың «Хұсрау мен Шырын», Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің кітапхана қорында сақтаулы ХVІІ ғ. Қадырғали Жалайридің «Жамиат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») т.б. кітаптары бар.
– «Мөлдір бұлақтың» оқырмандарына айтар тілегіңіз қандай?
– Қазір көпшілік әлеуметтік желіні еркін пайдаланады ғой. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Facebook, Instagram, Telegram парақшалары бар. Соған жазылып, көне кітаптар туралы пайдалы, құнды жазбаларды оқып, білімдерін тереңдетсе нұр үстіне нұр болар еді. Дәстүрлі кітап оқу мәдениетін жандандырсақ, бұл да бір игі іс болмақ.
Сондай-ақ үйдегі сақталған көне кітаптарды орталыққа өткізіңдер дер едім. Көне мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу бәрімізге аманат. Кітаптың да «ауыратынын», инфекция тарататындығын естен шығармайық. Рухани қазынамызды байыту – бәрімізге ортақ міндет. Жас ұрпақ көп ізденіп, оқығанда, білімге құштар болғанда көп жетістікке жетеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Саят Қамшыгер