Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі»

Биыл елімізде ұстаздар мерекесі алғаш рет ресми түрде 5 қазанда аталып өтті. Осы уақытқа дейін еліміздің мұғалімдері кәсіби мерекені қазан айының бірінші жексенбісінде мерекелейтін. Бұл мереке 2023 жылы 10 наурызда бекітілген ҚР Үкіметінің қаулысына сай Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Ұстаздар күнінің тарихы

Ұстаздар күнінің тарихына келер болсақ, алғаш 1965 жылы 29 қыркүйекте Кеңес одағы Жоғары Кеңес Президумы жарлығымен мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісі деп бекітілген. Ал мерекенің дүние жүзінде аталып өтуіне Біріккен Ұлттар Ұйымы ықпал етті. 1966 жылы 5 қазанда Парижде мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция өтеді. Сол жиында ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері, «Мұғалімдер мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қояды. Бірақ 1994 жылы ғана ЮНЕСКО-ның ұсынысымен 5 қазан Бүкіләлемдік мұғалімдер күні деп жарияланады. Қазір әлемде бұл күн жүзден астам елде ұстаздар мерекесі болып саналады. Жалпы педагог деген сөз грек тілінен аударғанда жетектеуші, үйретуші деген мағына береді. Қазір де педагог мамандардың арқасында әлем білім-ғылымның талай-талай биіктерін бағындырып келеді.

Мұғалімнің бәрі, ұстаз атты ұғымға лайық бола бермейді

Қытай философы Конфуций «Мұғалімнің мақсаты – оқушының ойлау көкжиегін кеңейту» деген екен. Абай атамыз «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», дейді. Ұстаз – шәкіртінің бойына білім шуағын төгіп, нәрін беріп, шәкірт жүрегіне жол таба білген адам. Алдына келген баланың қабілет-қарымын танып, зейін-зердесін аша білген адам.
«Qazbilim Group» компаничясы басқарма төрағасы, химия PhD доктор, педагог, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы:
– Елдің ертеңінің қандай болуы бүгінгі ұстаздарының қандай екеніне тікелей байланысты. Сондықтан да, тарих бетінде жүзіміз жарқын, арымыз ақ болсын десек, кәсіби құзіретімізді сәт сайын дамытып, күнде түрленіп, күнде өзгеріп отырған жаһанда жаңалық пен өзгеріске жанымыз құштар, санамыз сарапшы болмағы ләзім. Себебі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім мектептің жүрегі, мұғалімі қалай болса, мектебі сондай болмақ» дейді. Ал ұлы педагог Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақтың жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» дейді. Онда біздің болашағымыздың басты кілті ұстаздар қолында! Ұстаз – өз баласын ғана емес, өзгенің баласын қоса тәрбиелеп, білім беру. Ол ұстаздың ғана маңдайына жазылған бақ! — дейді. Яғни ел ертеңіне жауапты ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздың ұлы мақсаты. Сондықтан ұстаз ардақты, құрметті.
Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дейді. Сондықтан мұғалім мәртебесі, педагог беделі төр мен құрметке лайық болуы керек. Ал лайық болуы дегеніміз ұстаз үшін озат оқушы, білімді ұрпақ тәрбиелеу екені белгілі. Ұстаз қалай озат оқушы, білімді ұрпақ тәрбиелей алады. Айтайық, ол үшін алдымен ұстаздың білімді, ұлағатты болуы басты шарт. Бүгінде әлем елдері білім мен ғылымға иек артқанының арқасында қарыштап дамып, қарқынды өркендеп келеді. Біздің еліміздің де даму стратегиясының басты міндеттерінің бірі – ғылым мен техниканы, экономиканы, әлеуметтік әл-ауқатты көтеру, өркендету. Ол үшін білімге құштар ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор.
Мұғалім қызметінің ерекшелігі оқыту мен тәрбиелеу барысында шәкіртімен арадағы қарым-қатынасты басқара білуі мен үйлестіре алуында. Мұғалім көптеген нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, ал мұның өзі әрқашан күрделі. Түптеп келгенде, мұғалімнің жауапкершілігі бүкіл ұлттың, ұрпақтың жауапкершілігі. Мұғалім баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Ендеше білім алуға құштар жанды шабыттандыру нағыз ұстаздың, ұлы ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Ал өз ісінің білгірі, шәкіртінің білім шырағын жаға алған ұстаздың орны қашан да төрде.

Ұстаз еңбегі қалай бағаланады?

Ұстаз еңбегі алдымен ұрпаққа берген білімімен, озат оқушысының жетістігімен бағаланады. «Ұстаздан шәкірт озады» дейді қазақ. Бұл ұстаз еңбегінің зая кетпегенінің ең әділ, ең нақты бағасы деп білеміз. Сондай-ақ мемлекетіміз де ұстаз мәртебесін, мұғалім беделін көтеруге бел шеше кірісіп, педагог білімін жетілдіру, заман талабына сай болу, табысын арттыру, жағдайын жасау секілді түрлі бағытта қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жатыр.
Бүгінде еліміздің білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы педагог мамандардың еңбегін ерекше бағалау мақсатында «Педагог мәртебесі» турал Заң қабылданды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Заңға сәйкес соңғы төрт жыл ішінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға көтерілді. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төленіп отыр. Биылғы қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар, биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Ұстаздар күні қарсаңында, еліміздің барлық ұстаздарын құттықтаған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі деп атап өтті. Сонымен қатар министрлік тарапынан білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылданғанын, алғаш рет республикалық педагогика қызметкерлердің ардагерлер Кеңесі құрылғанын және мұндай кеңестер елдің әр аймағында құрылатынын мәлімдеді.

Республикалық педагогтер съезі

Астана қаласында 5 қазанда еліміздің барлық өңірінен келген 700-ге жуық мұғалімнің басын қосқан Республикалық педагогтер съезі өткенін де айта кетейік. Мұндай шара республика көлемінде 2005 жылдан бері өткізілмеген екен.
Съезге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, баяндама жасады. Алдымен ұстаздар қауымын құттықтады:
– Баршаңызды республикалық педагогтер съезінің ашылуымен құттықтаймын. Ұстаздар күні құтты болсын! Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет»,- деп, құттықтады Мемлекет басшысы.
Съезде білім саласын дамытудың жоба-жоспарлары талқыланып, бағдарламалар зерделенді. Орта білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлу мәселесі талқыланды. Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. – Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз, — деді Президент. Мемлекет басшысы ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету туралы Цифрлық даму министрлігі мен облыс әкімдеріне нақты тапсырма берді. Жиын соңында республикамыздың ең үздік ұстаздарына арнайы марапаттар табыстады.

Астана ұстаздары да марапатталды

Елордада да ұстаздар мерекесіне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мектептер мен колледждердің үздік ұстаздары «Құрметті педагог» медалімен және 1 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. Қаланың үш білім беру ұйымына (мектеп, балабақша, колледж) «Үздік білім беру ұйымы» атағы және 10 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
Қала мектептерінің барша ұстаздарын қала әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.
– Ұстаздың еңбегі әрқашан бағалы. Мұғалімдер балаларға білім беріп қана қоймай, қабілетін анықтап, өмірден өз жолын табуына жәрдем береді. Педагогтердің кәсібилігі мен өз ісіне деген жанашырлығының арқасында білімді жандардың бірнеше буыны қалыптасты. Құрметті педагогтар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс және бақ-береке тілеймін, — деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, қала әкімі ұстаздар қауымына Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қала басшылығы тарапынан ұстаздарға жоспарлы түрде қолдау мен көмек жасалып жатқан, педагогтардың жалақысының едәуір артқанын, біліктілікті арттыру бойынша түрлі бағдарламалар енгізілгенін, тұрғын үй сертификаттары мен жоғары оқу орындарына білім гранттары бөлініп жатқанын және басқа да түрлі әлеуметтік жоспарлар қолға алынып жатқанын жеткізді. – Біз өз тарапымыздан мектепке қажетті инфрақұрылым салу жұмысын жалғастырамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

2024-2025 жылдары 90 мың оқушы орнына арналған 24 мектеп салынады. 2027 жылға дейін бас-аяғы 180 мыңға жуық оқушы орнына арналған 65 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін реттеп қана қоймай, болашақта орын тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді, — деді Жеңіс Қасымбек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ