Лондонда топ жарған тараздық оқушы
Ағылшын тілі бойынша Лондонда өткен халықаралық олимпиадада бас жүлдені қанжығасына байлаған тараздық оқушы Ихсан Ілесовті жұртшылық жақсы білетін болар. Өйткені ол жайлы бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Ағылшындарды өз отанында шаң қаптырып кеткен жерлесіміздің бұл жеңісі ерлікпен пара-пар. Ерлік деуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені бес күнге созылған пән олимпиадасында шет тілде эссе, мазмұндама, диктант жазып, тест тапсырып әлемнің түкпір-түкпірінен келген қаншама дарынды ұл-қыздардың арасында топ жарып, бас жүлдені жеңіп алу жетінші сыныптың оқушысы үшін оңай шаруа емес. Әлемдік деңгейдегі білім бәйгесінде мәре сызығын жеке-дара кескен өрімдей ғана оқушының бұл жеңісін үлкен ерлік деуге әбден болады.
Ихсанның жеңісі туралы бейнежазба тарағаннан кейін еліміздің түрлі ақпараттық агенттіктері бірінен соң бірі «Тараздық оқушы ағылшындарды өз отанында жеңіп кетті» деген сүйінші хабарды кеңінен бөлісті. Осыдан кейін бұл жұртшылықтың көкейінде жақында ғана орын алған жаңалық ретінде әсер қалдырды. Ал шын мәнінде бұл жарыстың өтіп кеткендігіне бір ай болған. Демек, жерлесіміздің халықаралық пән олимпиадасынан бас жүлде алып келгені араға ай салып барып көпшілікке мәлім болып отыр.
Оқырмандарды аталған білім бәйгесінің жай-жапсарынан хабардар етіп, жеңімпаз жасөспіріммен жақынырақ таныстыру мақсатында кейіпкеріміздің шаңырағына арнайы барып, ата-анасымен аз-кем тілдескен едік. Әңгімеміз ең алдымен желіні «жарған» бейнежазба төңірегінде өрбіді. Ихсанның анасы Ләззат Ілесова өз сөзінде жоғарыда айтылған бейнежазбаны алыс-жақын шетелдіктер арасында танымал «Peterburg.Аlga» парақшасының авторы Иван Червинскийдің жариялағанын айтты. Ұлты орыс бола тұра, қазақ азаматтарымен жақын достық қарым-қатынас орната білген, еліміздің әр жетістігіне шынайы қуанып, қазақ жұртына қатысты, тіпті өзіміз естімеген жағымды жаңалықтармен бөлісіп, небір таланттарды әлемге танытып жүрген Иван бұл жолы да жарады. Автор өз парақшасында әлгі бейнежазбаны бөлісіп, дүйім жұрттан сүйінші сұрамағанда жас дарынның есімі де, еңбегі де еленбей қалар ма еді.
Жігіттің есіміне қарап «ұлты бөлек пе?» деп елең ете қалғанымыз рас. Шын мәнінде Ихсан Бақытжанұлы – таза қазақ. Арабшадан аударғанда «жақсылық жасау, шынайылық» деген мағына беретін есімді баласына әкесі Құран Кәрімнен алып, халқына шарапаты тиер, жақсы амалдары мол перзент болсын деген ниетпен ырымдап қойыпты. Ихсанның ғылым мен білімге құштарлығы, ерекше таланты ес кірген кезінен бері байқала бастаған. Өзінен он-он алты жас үлкендігі бар алдыңғы екі ағасы, әсіресе екінші ағасы Темірлан інісінің тәрбиесіне қатты мән берген. Есі енді кіріп келе жатқан інісімен үлкен адамдарша сөйлесіп, ертегі кітап оқып беретін болған. Біртіндеп шетелдік сөздер үйретіп, субтитрлармен ағылшынша мультфильмдерді бірге тамашалаған.
Жанашыр бауырының дәрістерімен сусындап өскен ұл, өз сыныптастарының алды болды. Әсіресе есепке жүйрік болған екен. Бірақ үшінші сыныпты бітіріп, төртіншіге аяқ басқан жылы сыныптарына басқа мұғалім жетекшілік етеді. Жас маман ә дегенде табиғатынан тұйық Ихсанмен тіл табыса алмайды. Ол есепті саусақтарын қолдану арқылы (ментальді арифметика) ойша шығарады. Өзінің есептеу тәсілі барын түсінбеген мұғалім анасына «Шынымды айтсам, балаңыздың мінезі бір қызық. Өзі әлсіздеу. Ешкіммен сөйлеспейді, араласпайды. Мен онымен түсінісе алмаймын» деп өрескел мінез танытады. Үш жыл қатарынан үздіктер тақтасында тұрған баланың суреті 4-сыныпқа келгенде алынып тасталады. Ихсан апайының осы сөзінен кейін математикадан да, өзі оқыған №48 мектептен де көңілі қалады.
6-сыныпты бітірген жылы бағын сынап Қазақ-түрік лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне құжат тапсырып көреді. Өкінішке қарай тестілеудің екінші кезеңінен өте алмайды. Сәтсіздігіне аздап қапа болған ұлын ата-анасы көңілін қалдырған мектебіне қайта оралтқысы келмеді. Ойлана келе, ағасы Темірланның ақылымен «125 High school» білім беру академиясында оқытуды жөн көреді.
– Баламызды жеке мектепке береміз деген шешіміміз өте дұрыс болды. Біреуді кінәлаудан, сөге жамандаудан аулақпыз. Ихсанның көңіліне кірбің түсірген мұғаліміне де еш ренішіміз жоқ. Оны да түсінуіміз керек. Жас маман, тәжірибе жылдар өте келе жинақталады. Ұлымыздың ойлау деңгейі бөлек, әлемі басқа. Оны Темірлан ағасы болмаса, өзіміз де түсінбей жатамыз кейде, – деп әкесі Бақытжат Ілесов те өз ойын қоса кетті.
7-сыныбында «125 High school» білім беру академиясы тәрбиленушілерінің қатарына қосылған Ихсан алғашқыда өзі ұнатқан математиканы ысырып, ағылшын тіліне ерекше ден қоя бастайды. Бұл тұста да ағасы Темірланның сіңірген еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.
Ихсан жаңа мектепке оқуға қабылданған жылы, білім мекемесіне Филиппин елінің Манила қаласынан Мэла есімді ағылшын пәнінің оқытушысы жұмысқа келеді. Бір ауыз қазақша, не орысша білмесе де балаларды бар жан-тәнімен беріліп оқытатын педагог көп ұзамай-ақ оқушылардың жүрегінен жол тауып үлгереді. Балаларды өзгеше заманауи тәсілдермен оқытатын ұстаздың еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін бере бастайды. Мәселен биыл ақпан айында Ихсан ағылшын тілінен өткен халықаралық «Gold Media» онлайн олимпиадасының бас жүлдегері атанды.
Жақында жеңімпаз атанып келген білім бәйгесі 29 шілде мен 7 тамыз аралығында өткен. Сайысқа дайындық қаңтар айынан басталған. Бастапқы кезде баласын шетелге жіберу үшін қыруар қаражат керектігін назарға алған ата-анасы «жарысқа қатысудан бас тартсақ па екен» деп те ойлапты. Жол шығыны, жатын орны, тамағы, одан бөлек қыдырғанға, өзі ұнатқан затын алуға қажет деген қаржының барлығын қоса есептегенде 2,5 миллион теңгеден асып жығылатын сома шығады. Қаражат жағын ойлағанымен, жалындап тұрған ұлдарының сағын сындырып, бағын байлап алудан тағы қорқады. Анасы мен әкесінің қысылыңқырап жүргенін көрген жас бала да «Жақындарыма салмақ салдым-ау» деген оймен өзін ыңғайсыз сезіне бастайды. Үйдегілерін «Бара алмасам да ренжімеймін», деп сендірсе де соншама дайындалып, еңбектенген соң іштей бұл мүмкіндікті жіберіп алғысы келмейді. Анасының айтуынша Ихсанның кәдімгідей алаңдап, уайымдағаны сонша біраз уақыт күйзелісте жүріпті. Қалай болса да баламызды осы байқауға қатыстырамыз деген нақты шешімді қабылдауға қамқор ағасы Темірлан мен Мэла ханым ықпал етеді. Қазіргі сәтте Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Биология» пәні бойынша білім алып, қосымша Сыр еліндегі «Білім-Инновация» лицейінде ағылшын тілінің оқытушысы болып еңбек етіп жүрген Темірлан шет елдердің біріне магистратураға түсемін деп жинап жүрген бар ақшасын інісінің болашағы үшін жұмсайды. «Магистратура күте тұрар, інім олимпиадаға қатысып келсін» деген ағасының сөзін Мэла ұстазы толықтыра түседі. Сүйікті оқушысының ата-анасына «Біздің мектептен 6 бала барғалы жатыр. Бірақ түйсігіммен сезіп тұрмын, дәл осы жарыста жеңіс Ихсанға бұйырады. Ихсан менің «тёмная лошадкам» деп сеніммен айтады. Шахмат ойынына қатысты бұл термин жарыстың фавориті, жеңіске ең лайықты кандидат деген мағынаға ие. Ағасы мен ұстазы үлкен үміт артып отырған соң Ихсанды ата-анасы Лондонға жіберуді ұйғарады. Осы орайда айта кеткен жөн, аталған білім академиясының басшылығы да оқушыларды алып барған мұғалімнің Лондонға барып-келуіне, өзге де шығындарына қаржылай қолдау білдірген екен.
Осылайша қаншама айлық еңбек, жұқарған жүйке, ата-анасы мен ағасының, ұстазының сенімі еш кетпеді. Ихсан өзі үшін жанын беруге дайын жақындарының үмітін ақтады. Нәтижесі өздеріңіз білетіндей. Әсіресе ұстазының қуанышында шек болмады. Ихсан бас жүлде алды деген сөзді естігеннен көңілі босап, жылап жіберіпті.
Лондонға келген балаларға қала тарапынан түрлі қызықты, танымдық экскурсиялар ұйымдастырылғандығын айта кеткен жөн. Ихсан ерекше ұнататын, талайдан армандап жүрген «Гарри Поттер» мұражайын өз көзімен көріп, естелікке музейдің паспортын алған екен.
– Лондон расында да әсем қала. Атмосферасы бөлек, адамдары да басқаша. Жүздерінен мейірім байқалады. Әрі олар әр нәрсеге үлкен мән береді. Сайыс кезінде де әр елден келген ұл-қыздармен танысып, жаңа достар таптым. Дегенмен, байқау өте ауыр болды. Тапсырмалар ауысқан сайын, қиындық деңгейі жоғарылай берді. Бірақ, берілген тапсырмаларды дұрыс орындап шықтым. Ол үшін ұстазым Мэла ханымға алғыс айтамын, мені жақсылап дайындады, – дейді жарыс жеңімпазы.
Аталған байқауда жеңіске жеткен тек Ихсан ғана емес, сол мектептің тағы бір оқушысы күміс және екі оқушы қола медальға, өзге екі оқушысы қатысқаны үшін Құрмет грамотасына ие болыпты. Алматы әуежайына келіп қонатын ұшақты қарсы алуға Жамбылдан Мэлла ханым мен жүлдегер ұлдың отбасы барған. Алматының өзінен «125 High school» білім беру академиясының сол қаладағы филиал директоры мен оқушылары арнайы келіп, жүлдегерлерді құрмет-қошеметпен күтіп алады. Қарсы алуға келген «125 High school» оқушыларының арасында еліміздегі талантты, жас актерлердің бірі Махамбет Айқынұлы да болған екен.
Таразға келген соң өздері білім алатын мекеменің директоры Әділет Басар марапаттап, оқу ақысына бір жылға 70 пайыз жеңілдік жасаған. Ал қалалық білім беру мекемесі бұларды мүлде мойындағысы келмеген. Сондағы айтқан бар уәждері «Балалар мемлекеттік емес жеке білім беру ұйымының атынан қатысқан. Бұл жарыс мемлекет тарапынан бекітілмеген. Талаптарға сай емес» дегенге саяды.
– Жеме-жемге келгенде міндетсінуге еш хақымыз жоқ. Бала өзіміздікі. Демек қуаныш да өзіміздікі. Мемлекет құттықтамады деп ренжитін жөніміз емес. Бірақ баланы рухтандыру, ынталандыру үшін мына оқиғаға, жеңімпаз балаға сәл де болса көңіл бөлсе екен деп тіледім. Еңбектері бағаланса деп армандадым. Биыл – Балалар жылы. Осындай талантты, дарынды жеткіншектерге қолдау болмаса бос ұранның керегі қанша? Жекеменшік мектептерде оқып жатқан қаншама талантты балалар бар. Бұлар да мемлекеттің қолдауынан қағылып, тасада қалмауы керек деп ойлаймын. Бәрінен де лайықты бағасын ала алмаған ұлымның алдында қатты ұялдым. Тараз ғана емес, облыс, тіпті еліміздің атын әлемге мәшһүр етті емес пе? Бір ауыз қазақша не орысша білмесе де барын салып балаларымызды оқытқан, осы қуанышқа себепкер жан Мэла ханымның еңбегі де еленбей қалды, – дейді анасы Ләззат Ілесова.
Халықаралық білім додасынан бас жүлде алғандығынан жерлестер бір ай бойы хабарсыз болып жүргенде, жағымды жаңалық көрші елдерге қалай тарады деген ой туындайды. Мұнда ешқандай да құпия жоқ. Баласының жетістігіне қуанған ана «Instagram»-дағы парақшасына Лондонда қыдырған сәттерін, жарыс барысындағы, марапаттау рәсіміндегі суреттерін жүктеген екен. Қалай тауып алғаны белгісіз, Ресейдің ең танымал блогерлерінің бірі, жоғарыда аты аталған Иван бұлардың анасы Ләззатқа өзі хабарласып, құттықтауын жеткізеді. Артынша қуанышты жаңалықпен блогында бөлісуіне рұқсат сұрап, «YouTube» арнасындағы каналына Zoom платформасы арқылы сұхбат беруін өтінеді. Мына жайтқа алғашында сенер-сенбесін білмей абдырап қалған анасы блогердің сенімді жан, қаншама оқырманы бар екендігіне көз жеткізген соң сұхбат беруге келіседі. Біраз жақсы ойлар айтылып, мәселелер қамтылған онлайн сұхбатты алыс-жақын шетелдегілердің барлығы тамашалайды. Жарты сағаттан сәл асатын сұхбаттың видеосы «Тёмная лошадка. Школьник из Тараза выиграл золотую медаль в Лондоне» деген атаумен «YouTube» видеохостингіне жүктелген. «Асыл тас су астында ұзақ жатпайды» дегендей осы оқиғалардан кейін Ихсанның есімі жиі ауызға алынып, жеңісі туралы барлық жерде жазыла бастады. Тіпті елімізге танымал тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызының өзі сұхбат алып, «Tengrinews», «Экспресс К» секілді интернет порталдардың журналистері олимпиада жайын білу мақсатында бірінен-соң бірі хабарласып жатты. Бүкіл ТМД көлеміне есімі жайылған жас дарынымызды осылай кеш танығанымыз өкінішті-ақ! Шет елге өнер байқауларына, спорттық жарыстарға барып, олжалы оралып жатқан өзге де саңлақтарымыз аз емес әрине. Бірақ дәл осылай білім бәскесесінде бақ сынап, ағылшындарды өз отанында ұтқан өрендер саусақпен санарлық қана.
– Жақында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мырза жеңімпаз балаларды қабылдап, құттықтады. Жақсы тілектерін арнап, лебізін білдіріп жатқан соң балалар кәдімгідей көңілдері марқайып, жадырап қалды. Балаға керегі тек жылы сөз бен көңіл ғана. Ендеше өз балаларымызды көретуден неге тартынамыз? Қалалық білім бөліміндегілер жеке мектепте білім алады деп мойындамай, оқушыларды бөле-жарғандарына жаным қатты ауырды. Жеке мектепте оқыса оның несі айып? Өз балаңды өзекке тебетіндей ол сайысқа өзге елдің атынан қатысқан жоқ, қайта Жамбыл өңірінің атын әлемге танытып келді. Жұрт әлі күнге жекемізге шығып, құттықтау хаттар жіберіп жатады. «YouTube» каналындағы сұхбаттың астындағы жақсы пікірлерді оқығанда марқайып қаламыз. Қазір ғылым-білімнің заманы. Балдырғандарға жас күнінен қолдау көрсетпесек, ертең үлкендерден көңілі қалған балалар елден безінуі ғажап емес. Сондықтан оларды кеудесінен итермей, лайықты көңіл бөлінсе, жас жеткіншектер өздерінің мемлекетке керек екендігін сезінсе деген тілегім бар, – дейді перзентінің болашағына алаңдаулы әке.
Білімді жеткіншекпен аз ғана тілдескен уақыт ішінде оның қаншама тарихи оқиғалар мен ғылыми терминдерден хабардар екендігін аңғарып, іштей таңданысымызды жасыра алмадық. Ихсанның суретшілік қасиеті тағы бар. Салған туындылары кісіні сүйсіндірмей қоймайды. Білімді өрен бала болып ойнауды да ұмытпайды. Кішкентай бауыры екеуі Ұлыбританиядан ала келген дулығасын киіп, арнайы қылышымен қылыштасып ойнағанды ұнатады. Ихсан болашақта ақпараттық жүйелердің маманы не болмаса дәрігер болғысы келеді екен. Әзірге нақты таңдауды жасамапты. Бір сүйсіндіргені болашақта қандай жағдай болса да Қазақстаннан алыс кетпеймін деп кесіп айтты.
Қалай десек те, болашақта үлкен жарыстарда топ жарып, еліміздің атын шығаратын бір ұлтжанды азамат жетіліп келе жатқанын мойындауымыз керек. Осындайда «Болам деген балының бетінен қақпа, белін бу» деген мақал еріксіз ойға оралады екен.
Жасұлан Сейілхан
Жамбыл облысы, Тараз қаласы