Латын әліпбиіне көшу – өркениет көшіне ілесу
Соңғы жылдары латын әліпбиіне көшу мәселесі сәл саябырсып қалғанымен, қазіргідей ақпараттық технологиялардың дамыған заманында латын әліпбиіне көшудің мәні зор. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізу керек. Жалпы латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Негізгі жоспар бойынша елімізде 2023 жылдан бастап латын әліпбиіне толық көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырыла бастауы керек еді. Дегенмен бұл мәселе төңірегінде әңгіме әзірге «жабулы қазан, жабулы» күйінде тұр.
Бүгінде түркі тілдес халықтардың 75 пайызы латын графикасын қолданады. Қазақ халқы да ХХ ғасырдың басында латын әліпбиін қолдануға бейімделе бастаған еді. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ оқығандарының арасында латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесі көтерілді. 1924 жылдың жазында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған араб әрібін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданды. Жаңа әліппе комиссиясының жұмысына сол кездегі партия мен үкімет қолдау көрсетті. Бірақ газеттерді бірте-бірте жаңа латын әрпімен басу арқылы халық арасында араб әрпіне қарағанда латын әліпбиінің пайдасы мен қолайлылығын түсіндіру жұмыстары жүзеге асып жатты.
1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырып, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды. Осы жылы Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты. 1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезде латыншылар мен арабшылар арасында пікірталас қызу өтті. Осы съезден кейін түрік республикаларында жаңа әліпби ұйымдары құрыла бастады. Ұйымдардың басты мақсаты халық арасына латын әліпбиінің қолайлылығын түсіндіру болды. Сондай-ақ Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ латын негізіне қойылған жаңа әліппені алуға декрет шығарды.
Қазақтар үшін латын әрібінің алғашқы нұсқасын жасаушылардың қатарында Халел Досмұхамедұлы да болды. Ол бастапқыда латын әрібіне қарсы болғанымен, ұлт мүддесі үшін латын әліпбиін қазақ тіліне үйлестіріп жасауға мемлекет қайраткері ретінде тікелей атсалысты. «Нәзір айтқандай, менің латын әрпін алуға қарсы екенім рас. Бірақ латынға қарсы екенімді біле тұра маған латын әріптерінің жобасын жасау тапсырған соң, сол жобаны жасағаным рас. Одан кейінгі «Қазақ тіліне латын әрібін алу мәселесі» деген мақаласында: «Түркі халықтарына араб харіфтерін тастап, латын харіфін алу керек деген сөз көптен бар. Әзірбайжандар латын харіфтерін қабылдады, жаһұттар да солай қылды. 1922 жылғы съезінде өзбектер де өз тілін латын харіфтерімен пішті. Профессор Поливанов үлгі жасады» деп жазды Халел Досмұхамедұлы. Бұдан шығатын түйін, ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында-ақ еліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесі жан-жақты талқыланып, сол онжылдықтың соңына қарай шешім қабылданған.
Сол 1929-40 жылдар аралығында еліміз латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бастап кирилица графикасы әліпбиін қолданып келеді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылдың мамыр айында мектепті шіркеуден бөлу және барлық мектеп жасындағы балаларды еңбекке баули отырып тегін, міндетті оқуға тарту жөніндегі бағдарламаның қабылдануы Қазақстандағы оқу-ағарту саласында да елеулі өзгерістерді талап етті, кирилица графикасы жаппай қолданысқа енді. Кейін кеңес үкіметі ыдырап, әртүрлі мемлекеттер өз тәуелсіздігін алғаннан соң кеңестік түркі халықтарының арасында тағы да латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалды.
1991 жылы 25 желтоқсанда Әзірбайжан Республикасының Президенті А.Муталибов «Латын графикасы негізіндегі әзірбайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» заңға қол қойды. Әзірбайжан ғалымдарының айтуынша, 1991 жылы Әзірбайжанда түрік тілінің нұсқасындағы әліпби қабылданды. 1993 жылы 2 қыркүйекте Өзбекстан Респубикасы «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады.
Латын әліпбиіне көшкен туыстас түркі халықтары секілді Қазақстан мемлекеті де тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай әліпбиді ауыстыру мәселесін жиі көтергенімен, әлі күнге дейін латын әліпбиіне көшу толық қолға алынбай отыр. 2017-2021 жылдар аралығында латын әліпбиінің қазақ тіліне лайықталған түрлі үлгісі жасалып, лингвист ғалымдар, қоғам қайраткерлері біршама жұмыс атқарғанымен, қазір бұл мәселе уақытша тоқтап тұр. Мәселе алғаш көтерілген жылдары алфавит ауыстыруға қатысты түрлі пікірлер айтылғанымен, соңғы жылдары көптеген ғалымдардың дәлелді зерттеулерінің нәтижесінде латын әліпбиінің артықшылықтарын қоғам мойындады, түсінді, қолдап та отыр. Мысалы белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев: — «Әліпбиді латынмен ауыстырғанда, біріншіден, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек»,- дейді. Яғни латын әліпбиіне көшуден қазақ қоғамы ұтылмайды.
Сондықтан бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі, өркениетке бағыттайтын күре жол – латын жазуына көшу. Әлемде көп таралған жазбаның бірі латын алфавиті екенін, әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады. Сала мамандарының айтуынша, жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек.
Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алуда. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани үдеріс, батылдық керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор екенін ешкім жоққа шығармайды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ