Л А Й Ф Х А К Т А Р

Достар, Данияр Жігітбектің «Лайфхактар. Өміріңді өнімді өткіз» кітабындағы автордың ойы мен кітап оқу жайындағы лайфхактары

Жас ақын, копирайтер Данияр Жігітбек: «60-80 кітап оқитын азаматтарды білемін. Кітапқа жақын адамдардың ойы ұшқыр, сөзі мәнді, ісі нәтижелі. Алайда кітап оқудың сондай пайдалы іс екенін біле тұра, неге кітап оқуға зауқымыз соқпайды? Қызыққан күннің өзінде алғашқы он бетін оқып, ұйқымыз келіп, есіней бастаймыз. Бұл – қалыпты жағдай. Жалқаулық деуге келмейді. Мұны мидың сіз үшін қызық емес, дәл қазір пайдасы жоқ іске деген реакциясы деп қабылдаңыз.

Кітапты өзіңді алаңдатқан, қызықтырған сұрақтарға жауап табу үшін оқу керек. Мысалы, бойындағы сенімсіздікпен күресіп жүрген адам «Как стать уверенным в себе?» сияқты кітаптарды тез әрі қызығып оқып тастайды. Себебі ол проблемасын шешудің жолын іздеп жүр», дейді.

 

Л А Й Ф Х А К Т А Р

 

– «Қазір шаруамды реттеп алайын, сосын кітап оқуға отырамын» дейміз. Олай болмайды екен. Кітапқа жете алмай қаласыз. Кезекте, жолда кептелісте тұрған кезде оқи беру керек. Бір бет болса да, оқылсын. Оқуды бастап кетіңіз. Әрі қарай кітаптың қызығына қалай кіріп кеткеніңізді байқамай қаласыз.

– Жылдам оқудың қарапайым бір тәсілі бар. Кітап оқығанда қарындаш не қаламмен жүргізіп отырыңыз. Бұл оқу жылдамдығын 1,5 есе арттырады. Әрі көзіңізге көп салмақ түспейді.                                

– Кітабыңыз үнемі жаныңызда болсын. Бір жерге барсаңыз, кітабыңызды тастамаңыз. Қолыңыз қалт етсе, кітабыңызды алып, оқи кетіңіз. Том-том кітаптардың қалай тез оқылып біткеніне таңғаласыз.

– Өзгелермен жарысып оқыңыз. Жеңіске жетсем деген талпыныс адамның табиғатында бар. Кітап оқу сияқты игі істе неге жарыспасқа? Оның үстіне жеңімпазға арнайы сый тағайындалса, бұл қосымша ынталандыру болар еді. Жарысам деп жүріп, кітап оқуды әдетке айналдыра аласыз.

– Кітапты оқымастан бұрын «Мен бұл кітаптан не алғым келеді?» деп мақсатыңызды айқындап алыңыз. Мақсатсыз оқылған кітаптың пайдасы аз. Мысалы, біреу «Абай жолын» сол кездегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін түсіну үшін оқыса, басқа біреу сөздік қорын байыту үшін оқиды. Жазушылыққа қызығып жүрген тағы біреу автордың стилін үйрену үшін оқуы мүмкін. Бір кітап, үш түрлі мақсат.

– Кітап оқып отырғанда бәрін түсінесің. Бірақ кітап бетін жапқаның сол екен, бәрін ұмытып қаласың. Олай болмау үшін оқып жатқан дүниең сенің өміріңде қалай көрініс табады, соған мән бер. Сол кітаптың негізгі кейіпкері өзің бол. Бәрін образды түрде қабылдау керек. Сонда ақпарат сіңімді болады. Мысалы, «Пять языков любви» деген кітапты оқып жүргенде айналамдағы адамдардың «махаббат тілін» зерттей бастадым. Бір нәрсеге басқа қырынан қарасаң, қызық қой. Кітаптағы мысалдарды өз өмірімнен көруге тырыстым. Нәтижесінде өзім үшін біраз жаңалық аштым. Кітап пайдалы болды деп ойлаймын. Алған білім есте жақсы сақталды және оны өзгелерге айтып бере алдым.

 

 

ПІКІР ЖАЗУ