Қызықты дәуреніміз журналмен бірге болыпты

«Мөлдір бұлақ» балалар журналының бүгінгі бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Кеңес аға, «Мөлдір бұлаққа» биыл 20 жыл толады», дегенде, неге екені менің көз алдыма айдай толықсыған бойжеткен елестей қалды. Иә, адам жасымен мөлшерлегенде, дәл сол бойжеткендей болар еді. Журналға 20 жыл толса, соның он шақты жылы менің көз алдымда өткен екен. Журналдың өзімде бар сандарын қолым дірілдей парақтап, ыстық сағыныштың құшағына бөленіп, бір ерекше күйде отырдым. Қалай болып еді өзі…


Ол кезде мен республикалық «Ұлан» газетінде қызмет істейтінмін. Балтекең екеуміз (балалар жазушысы Әділ Балта) бір кабинетте отыратынбыз. Бірде, дәл осындай қыстың кезі, кабинетіміздің есігін жайлап ашып, бір ұяң қыз кіріп келді. «Сәлеметсіздер ме, менің аты-жөнім Сумейра Авжы. Біз балалар журналын ашайын деп едік. Соған… сіздерден ақыл-кеңес сұрайын деп келіп едім» — деді имене сөйлеп. Түрік қызы екен, бірақ таза қазақша сөйлейді. «Атын қалай деп қойдыңдар?». «Журналдың атын «Мөлдір бұлақ» деп атадық, Алтынсаринның «Таза бұлақ» деген әңгімесі бар емес пе, соған ұйқастырып қойдық». «Өте жақсы екен!..» Біз онымен кеңінен отырып әңгімелесіп, ақыл-кеңесімізді айтып, батамызды беріп, кетерінде құр шығармай, өзіміздің бір-екі материалымызды да қолына ұстатып жібердік. Арада бір ай өтті ме, өтпеді ме, сол қызымыз алдымызға тағы келді. Қолында түрлі түсті етіп құлпыртып шығарған «Мөлдір бұлақ» журналы, жүзі гүл-гүл жайнайды. Баспаханадан шыққан күйі әкеліп отыр екен… Содан былай біз журналдың тұрақты авторы болдық. Дегенмен біз, яғни Балтекең екеуміз бір-екі жылдан кейін өзіміз батасын берген сол журналдың төл қызметкерлері болатынымызды білмеген едік.
2004 жылы мен «Қазақстан — Zaman» корпорация-сының президенті Ахмет Аляздың шақыруымен «Мөлдір бұлақтың» қызметкері болып шыға келдім. Бір жылдан кейін Балтекең жаныма келді. Журнал «Қазақстан-Заман» газетімен бірге бір шаңырақтың астында қызмет атқарды. Екі ұжымның қызметі ғана емес, әртүрлі шаралары, той-мерекесі, тіпті әр кезеңдерде табиғатқа шығатын серуендері де бірге өтетін, өзара тату-тәтті болдық. Бүгінде ойлап қарасам, ең қызықты дәурендерді сол кезде өткерген екенбіз.
Журналдың тиражы сол тұста отыз мыңнан асатын, жас оқырмандардан хаттар көп келетін. Балалардың материалдарын көбірек беруге тырысатынбыз. Пайдаланып үлгермегендерін журналда шолу ретінде жариялап, М.Әлімбаев, М.Рәш сынды ақын-жазушы аталарына талдатып, шығармашылықтарын шыңдайтынбыз. Неше алуан бәйгелер ұйымдастырып, оларға тігетін сыйлықтарымыз да қомақты болатын. Әр нөміріне жауаптылықпен қарап, мұқабасындағы суретіне де балаларды қамтуға күш салатынбыз. Қысқасы, жас оқыр-мандарымызбен тығыз қарым-қатынас жүргізетінбіз.
Міне, осы жайларды сағынышпен еске ала отырып, бүгінде нағыз толысқан, кемеліне келген «Мөлдір бұлағыма» жарқын болашақ тілеймін. Ғұмырлы да, мазмұнды, сән-салтанатты бола түссе екен деймін.

Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ,
балалар жазушысы.

ПІКІР ЖАЗУ