Қытыр құмырсқаның әңгімесі
Бір күні барлық құмырсқалар жұмысқа кіріскенбіз. Бидайларды бір-бірлеп бір-бірімізге ұзатып, илеуімізге тасып жатқанбыз. Досым Чытыр да менің жанымда болатын. Мен үшін бидай түйірлерін қолдан-қолға ұзатып тасу өте қолайлы әрі ұнамды іс еді. Жұмысты бұлай істеу шаршатпайды әрі көңілді еді. Алайда, досым Чытыр мен сияқты ойламайтын. Жұмыстың қыза түскен уақытында маған: «Бидайларды жұртпен бірге тасу қатты шаршатады. Әркім өзінің бидайын өзі тасыса, қалған уақытымызда қалаған нәрселермен шұғылданатын едік» деді.
«Дегенмен, топтағы бірнеше қартаң құмырсқалар бұны жалғыз өздері таси алмайды», — дедім мен.
Чытыр маған бар денесімен бұрылып қарап: «Бұл олардың жеке мәселелері, мен қатты шаршадым, барып дем алмасам болмайды» , — деді.
Мен: «Бұлай етуіңе болмайды. Алдымен жетекші құмырсқадан рұқсат сұрауың керек», — дедім. Алайда ол мені тыңдар болмады. Орнын бос қалдырып бізден алысқа ұзай берді. Менің жанымдағы орында ешкім қалмады. «Бидайды беру кезегі маған келгенде не істеймін?» — деп ойладым.
Біраздан кейін жанымдағы құмырсқа маған бидай түйірін ұзатты. Мен оны алыста калған құмырсқа жолдасқа бар күшіммен асырып жібердім. Бірақ бидай оған жетпей жерге түсті. Біздің арақашықтығымыз соншалықты ұзақ-тын. Чытырдың жоқтығы білініп қалды.
Келесі бидайлардың да халдері дәл солай болды. Бір-екі, үш… деп лақтырылған бидайлар бір-бірінің үстіне үйіле берді. Көп өтпей-ақ жетекші құмырсқа бар жәйттен хабардар болды. «Тоқта! Әй, әй, ана жерде не болуда?» — деп жаныма жетіп келді. Жүрегім аузыма тығылардай «дүк, дүк» етеді. Жетекші құмырсқа арамыздан біреудің жұмыстан кеткенін байқады. Дереу: «Чытыр қайда?» деп сұрады.
Мен: «Не ғой… қатты қалжырап, тынығу үшін кетіп еді», — дедім.
«Бұл не деген бассыздық? Тез арада келсін, шақырыңдар» деп бұйырды. Мен жүгіре басып Чытырды таптым. Екеуміз бірге жетекші құмырсқаның жанына бардық. Жетекші жерге үйілген бидайларды нұсқап: «Біз, құмырсқалар ауызбіршілікпен жұмыс істейміз. Қараңыздар, біреуіңнің ғана кесіріңнен барлық ісіміз ақсады десе де болады. Егер де Құдай сақтасын, бидайды жинай алмасақ, қыста не жейміз? Ауру, қартаң құмырсқалардың хәлдері не болмақ? Соны кішкене ойладыңыздар ма?», — деді.
Чытырға қарасам, ұяттан өртенердей қып-қызыл боп, жерге кірердей күйде тұр. «Мойындаймын, барлық кінә менде, кешіріңдер», — деді.
Жетекші құмырсқа: «Кешірім сұрау жеткіліксіз. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтеруге тиіссің», — деп, Чытырға жерде таудай болып үйілген барлық бидайларды жалғыз өзі тасуға әмір етті. Кеш батпай тұрып-ақ біз жұмысымызды бітірген болатынбыз. Чытыр бейшара түн ортасына дейін жұмыс істеді. Илеуге қайтқанда, тым шаршаңқы күйде, әбден болдырып келген-ді
Біз досым екеуміз: «Бұдан былай тобымыздан ажырамай, жұмысты бірге атқарамыз» деп жетекшіге уәде бердік. Жетекші құмырсқа бетімізден сүйіп: «Сендерге сенім артамын», — деді.
Дерек көзі: «Uyku Мasallаri»
Аударған: Нұргүл
МАМЫРБАЕВА.