Құтты мекен – Ақтөбем!
Ұлан-байтақ Қазақ Елінің барлық өңірлері сияқты Ақтөбе өңірінің де тарихы өз бастауын есте жоқ ескі замандардан алады. Ұлы Даланың орасан зор аймағын қамтитын Ақтөбе жерінің тау-тасы мен өзен-өткелі, көлі мен шөлі, киелі топырағы небір тарихтың, осы құрлықты мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың талайына бұйырып, маңдайына жазылған талай тағдырлардың, небір қанкешулер мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты дәурендердің куәсі болған.
Ақтөбе жері тоғыз жолдың торабын тоғыстырған ұлы Өткел сияқты. Ақтөбе XIX ғасырда қала болып бой көтерді. Ақтөбе – Батыс Қазақстанның экономикалық орталығы, себебі қалада түрлі саладағы өнеркәсіп мекемелері орналасқан. Қара металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс және металл өңдеу кәсіпорындарында көптеген адамдар жұмыс істейді. Сонымен қатар Ақтөбе – батырлардың мекені.
Күллі қазақ ұлтының бірнеше ұрпағына ерлік пен елсүйгіштіктің өнегесі болған эпос кейіпкері Қарақыпшақ Қобыланды батыр, атышулы Әбілхайыр ханның, Әйтеке бидің, Бөгенбай мен Есет Көкіұлы, Асау мен Барақ, Жоламан мен Бақтыбай, Көтібар мен оның ұлы Есет, Қарағұл мен Қайдауыл сынды көптеген ел қорғаған батырлардың, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Ақтан Сары, Сарышолақ, қажырлы, дарынды, әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов, академик Сақтаған Бәйішев, Темірбек Жүргенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, академик Ахмет Жұбанов, Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова, Социалістік еңбек ері Шығанақ Берсиев сынды атақтыларымыз ерлік пен мәрттіктің, парасаттылық пен біліктіліктің, ата-бабаларымыздың үлгілі асқақ рухының мақтанышы.
Осының бір айғағы Ақтөбе қаласының Бестамақ ауылында Есет батыр Көкіұлы кесенесі орналасқан. Мен ұстазым Рабила Тарғынқызы бастаған және сыныптастарыммен бірге осы кесенеге саяхат жасап келдік.
Алған әсерім өте керемет! Бұл кесене екі бағыттан тұрады: біріншісі мұражай болса, екіншісі кесенесі. Мұражайда Есет атамыздың суреті, киімдері, тарихи жазба деректер, қару-жарақтары сақталған. Кесенесінің тұрған жері шырайлы, ауасы таза, сылдырлап аққан бұлақ суы, айнала жап-жасыл, құмдақты жер екен. Атамызға қол жайып, құран бағыштадық. Өте керемет саяхат болды!
Ал бүгінгі Ақтөбе күн санап дамып, халқымның әлеуметтік, мәдени және рухани дәрежесі осындай тарихи орындардан нәр алып, күш-қуат алып күннен күнге көркейуде.
Мен осындай атақты даналарыммен, батырларыммен, тарихи орындарыммен туған жерім Ақтөбемді «Арайлы Ақтөбем, құтты мекенім» деп мақтан етемін! Отанды, ұлтты, халықты сүю өз отбасыңды, туған жеріңді жақсы көруден басталады. Біздің өңірден шығып, күллі қазақты жақсы көрген ұлт тұлғалары мен үшін өнеге.
Нұрай ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ, жас тілші, Ақтөбе облысы