Құрметті балалар! Қадірлі ата-аналар! 1 — маусым балаларды қорғау күні құтты болсын!

Жаздың алғашқы күнімен келген мереке балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты күндердің бірі. Баласының бақытты балалық шағы, жақсы азамат болып өсуі әр ата-ананың тілегі. Қоғам үшін де ел тұтқасын мықты ұстайтын білімді де ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат. Өйткені, бүгінгі ұрпақ — ертеңгі ел үміті, ұлт жалғасы.

Бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы зор.
Біздің басты міндетіміз — ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау, бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Бұл бағытта елімізде балалардың сапалы білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған.

Қымбатты бүлдіршіндер, жас жеткіншектер! Сіздердің оқуда озат болып, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматы атануларыңызды тілейміз!
Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарыңыз Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңыздар! Әрқашан жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден мейірім кетпесін!

Фотографии на тему «Дети Рисуют Асфальте» — скачивайте бесплатные изображения высокого качества | Freepik

Бала — өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Жыл сайын 1 маусымда әлемнің әр түкпірінде балаларды қорғау күні аталып өтеді. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды.Бүгін өңіріімізде 1-маусым  Балаларды қорғау күні мерекесі аталып өтті.  Бұл балалар мерекесі ғана емес, сонымен қатар ол қоғамға баланың құқықтарын, денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау қажеттілігін еске салады.Бұл мерекені балалар ғана емес, олардың ата-аналары да атап өтеді.

1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесі көтерілген еді. Ал 1950 жылы 1 маусымда балаларды қорғау күні ретінде алғаш рет мереке ұйымдастырылды. Жаңа бастаманы басқа елдер қолдап, бұл күн балалардың мерекесіне айналды. Қазіргі таңда балаларға қатысты қысым көрсету мен зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бүкіл әлем балаларының өмірін жақсартуға бағытталған ауқымды істер жалғасын тауып келеді.

1925 жылы Женевада өткен балалар мәселесіне арналған Дүниежүзілік конференцияда балалар күнін атап өту туралы шешім қабылданған. Кейбір елдер бұл мерекені маусымда, ал кей мемлекеттер қарашада тойлайды. Дегенмен, балаларға арналған мейрамның мақсаты бірдей.

Өнеркәсіптік революция мен әлемді дүр сілкіндірген дүниежүзілік соғыстардан соң балалардың зорлық-зомбылық, қысым көрсету және адам құқығынан айырылуы сынды мәселелер белең ала бастады. Балалардың әлжуаздығын әділетсіздік пен әдепсіз әрекеттерге итермелегендер де жоқ емес. Миллиондаған бала жарытып тамақтана алмады. Осы келеңсіздіктің барлығы Женева конференциясында арнайы қозғалды. Сондықтан да әлем көшбасшылары бүкіл әлемдегі балаларды қорғау керек деген шешімге келген болатын.

Сол кездегі дамыған елдерде балалардың жағдайын жақсарту бойынша шұғыл шаралар басталып кетті. Ал дамушы елдер үшін агенттіктер тарапынан қаражат бөлініп, қайырымдылық жасалды. Әр түрлі науқандар ұйымдастырылып, еріктілердің жұмысы қыза түсті.

Осылайша балаларды оқыту, тамақтандыру, адам саудасына қарсы іс-шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар бала еңбегін пайдалануды тоқтатуға айрықша басымдық берілді.

 

ПІКІР ЖАЗУ