Күреңбел

Күреңбел Жуалы ауданындағы ауыл, ауылдық әкімшілік округінің орталығы, ауыл шаруашылық кәсіпорын, өндірістік кооперативтің атауы. Бұл аймақтың Күреңбел аталуы туралы Кеңес ауылының тұрғыны Жаманқұлов Ділдәбек аңыз әңгіме айтады: «Төңкерістен бұрын мына жатқан Батырбек Датқаның сазында үлкен дуан өткен екен. Жан-жақтан ауданға жиналған атты адамдарда есеп болмапты. Аттарын жақын беткейге тұсап жіберіп, таң ерте қараса, аттары өліп жатыр екен. Сөйтсе ол «күреңсе» деген улы шөпті жегеннен болыпты. Ал жергілікті жердің жылқысы бұл шөпке үйреніп кеткендіктен уланбайды екен. Сондықтан мына жатқан үлкен бел «Күреңбел» аталған» — дейді. Күреңбел – «күреңсе» сөзінің қысқарған түріне «бел» сөзін жалғау арқылы жасалған атау. Күреңсе — өсімдік аты, яғни «күреңсе өсетін бел» — деген сөз.

Арайлы БАЙМОЛДА. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ