Күн мен шырақ
Қазақ халқы да ерте заманнан бері үйінің ішін жарық ұстаған. Күн батып, қараңғылық қоюланғаннан кейін үй ішіне жарық түсіру үшін шұңғылдау ыдысқа тоңмайды ертіп құяды. Мақтадан не шүберектен босаңдау есілген білтені сол майға матырады да, майға шыланған ұшына от тұтатады. Оны Шырақ деп атаған. Ыдыстың ернеуіне қылтита шығарып қойған білтенің ұшы сыздықтап жанады. Үй ішіне әлсіз де болса, жарық сәуле себелейді. Қараңғылықты серпіген сығыр жарық адамдарды қуанышқа бөлеген, мәре-сәре мерейлендіріп, көңілдерін шаттандырған. Адам баласының өзіне зор ілтипатпен қараған көздерінен шексіз сүйсініс табын байқаған Шырақ: «Мен қараңғылықты жеңдім!..» — деп ерлене мақтанады. Кейде адамдардың бірі-
не бірі: «Шырағың сөнбей, жарқырай берсін!..» —
деп ізгі ықыласпен айтқан тілектерін естіген
сайын, Шырақ та өзінің бойындағы игі қабілеті-нің асылдығын анық сезінеді. Қараңғылықтан пайда табатындар жарық шашатын Шыраққа өшігеді. «Сығырая қадалып, мынау да бір пәле болды-ау» — деп, дән ұрлауға шыққан тышқандардың күңкілдегені Шырақтың жынын қоздырады. Бұрыш-бұрыштағы тесіктер мен қуыстардан көздері жылтылдаған тышқандар Шырақтың сөнуін сарыла күтеді. Бірақ Шырақ көпке дейін сөнбейді. «Демек, әзір асты ұрлаудың жасырын амалын іздеген сұмдардың айласына менің жарығым да кедергі жасайды екен. Бұл тек айламен ғана қамсыз өмір сүруді қалаушылардың күткені емес пе, оған тосқауыл болайын!» — деп марқайған Шырақ жалынын жоғары өрлете жанады.
Жаңбырлы күндері: «Шырақты сөндірмей-ақ қойыңдар, — дейді үйдің ақылман әжесі, ойы сер-гек қара кемпір. – Аспанды бұлт қоршап алыпты.
Жердің бетін қою қараңғылық жауып тұр… Қараңғы
түн – ұрының қалқасы. Шырақ жанып тұрса, баты-на алмай, жасқанады, батыл қимылдай алмайды…»
Сөндірілмеген Шырақтың мерейі арта түседі. Атқарып жүрген қызметінің өте маңызды игі іс екеніне арқаланады. Адамға пайдасын тигізіп отырғанына масайрайды. Сақ күзетшідей, Таң атып, Күн шыққанша жылтылдап жанады да тұрады.
Көкжиектен көтерілген Күннің алқызыл шапағы жамырап, жер бетіне шашырайды. Күн табағы биікке өрлеген. Қараңғы түпкірде әлі де жанып тұрған Шырақ: «Кеше кешкісін қараңғылықтан шошып қашып кетіп еді. Түн бойы тығылып жатып, қараңғылық ғайып болған соң, қайта оралып келіп, өршеленуін қарай гөр мұның», — деп күңкілдейді ызалана бұртиып. Шырақтың өңіндегі бұл құбылысты сезген Күн: «Рақмет саған, Шырағым!.. – деп жарқылдай күледі. – Мен әлемнің арғы бетіндегі қараңғылыққа жарық сәуле сеуіп қайттым. Сен мұнда үйлерге жарық шашып тұрдың. Мәңгі сөнбей, жарқырай бер!..»
Күннің алқаған ықыласы Шырақтың көңілін жады-
ратады. Айналаға көз жіберіп еді, шексіз кеңіс-
тік. Соны жауып, бүркеп тұратын алып қараңғылық-ты Күннің ысырып тастайтыны ойына кіріп шықпап-ты-ау… Қараңғылықты өзінің жарығынан жасқанып, амалсыз тайқыды деп жорығаны қисынсыз екен. Мынау ұшы-қиырсыз кеңістікке жарық себуге шамасы қайдан жете қойсын!..
«Күн аға, ағат айтқан өкпемді кешір, — дейді Шырақ ұялғандай жыпылықтап. – Мен алақандай ғана қараңғылықты жасқағанымды тау қопарғандай сезініппін…»
«Сенің де қызметің зор,
қараңғыда жасалатын зұлым-дыққа тосқауыл қоясың, соған мерейлен!.. Жарық – жақсылықтың жебеушісі. Сенің де жарығың осы міндетті атқарады», — дейді Күн жайраңдай үн қатып.
Әлемдегі қилы-қилы құбылыстардың сырын толық ұғына алмаған Шырақтың жадау көңілін Күннің жарқын жүзі жайнатты. Көлеңкелі жердің бәріне сәуле себетін Күн емес пе!.. Шырақтың да қадірін асырды.