Құмар ойынға құмартпа

Ойын автоматтары мен онлайн-казиноларға құмартқандардың арасында мектеп оқушылары да бар. Енді ойын бизнесіне бірқатар шектеу қойылады. Қазақстандықтар бәс тігуден өз еркімен бас тарта алады. Ал оны шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға ұзарды. Яғни өз-өзіне шектеу қойған адамның 10 жыл бойы ойын бизнесіне салған ақшасы қабылданбайды. Соңғы 3 айда 150 мың адамнан осындай өтініш түскен. Сонымен бірге 3,5 млн адам үшін букмекерлік кеңселер мен казинолардың есігі жабық.

Жарты жыл бұрын ғана Астанада ашылған “Психологиялық қолдау орталығына” осы проблемамен 200-ден астам ата-ана жүгінген. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Ұлттық статистика-бюросының мәліметіне жүгінсек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жеткен, ал 2022 жылы 600 млрд теңгеден асып түскен. Бұл сома еліміздегі бірқатар облыстың жылдық бюджетінен әлдеқайда көп. Осыған байланысты көптеген шетелдік зерттеушілер құмар ойындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп-қатер төндіретін түйінді әлеуметтік мәселе деп санайды. Құмар ойындарды насихаттаған блогерлер мен қоғам белсенділері кемі 200 мың теңге айыппұл төлейді. Олардың әлеуметтік желідегі парақшасы бұғатталады. Тиісті заң 60 күннен кейін күшіне енеді.
Гүлмира Капанова, «Психологиялық қолдау орталығы» КММ басшысының міндетін атқарушы:
Көп жағдайда ата-ана баласының лудоманияға шалдыққанын мойындағысы келмейді немесе жасырады. Бірақ ол дұрыс емес. Керісінше балаға жан-жақты психологиялық көмек, қолдау қажет. Себебі арты өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталған жағдайлар аз емес. Ата-ана әсіресе қатты тұйықталып, тез ашуланшақ, көп өтірік айтатын балаларға мұқият болуы керек. Және мұндай балалар тек телефонда отырады. Біз сондай жағдайды байқасақ, баланы бірден кәсіби психиатрларға жолдаймыз.

 Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ