Құмар ойындар – тәуелділік қақпаны

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жуырда өткен Құрылтайда төрт мыңға жуық азаматтың букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін тілге тиек ете отырып, лудоманияның қоғам дертіне айналғанын алға тартты. Президент ойын бизнесінің қаржылық айналымын қатаң қадағалауға алу керектігін назарда ұстады. Ел президенті онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанына тоқталып, осы ретте Үкіметке лудоманияға қарсы күресті кешенді түрде жүргізу мақсатында бірқатар тапсырмалар берді. Мәжіліс пен сенаттан қолдау тапқан ойын бизнесін реттеуге бағытталған заңға қол қойды. Ұзақ қаралған кешенді жоба 6 кодекс және 15 заңды қамтиды. Соңғы кезде лудомания термині Қазақстандағы ең өткір әлеуметтік мәселелердің бірі ретінде жиі айтылып жүр. Тіпті, балалар да құмар ойындарға тартылатыны ащы болса да шындық. Қазір балалар смартфон арқылы түрлі ойындарды өздері тауып ойнай беретін болған. Жастардың бұл дертіне дауа таппаған дүниежүзілік психологтар дабыл қағуда. Қазақстанда статистика мәліметтері бойынша соңғы жылы 170 мыңнан астам жас 36 миллиард теңгені заңсыз ойын бизнесіне тіккен. 350 мыңнан астам қазақстандық лудоман есебінде. Өткен жылдан бері 2 мың сайт бұғатталып, онлайн-казино аккаунттары жұмысын тоқтатқан. Балалардың онлайн ойындарға тәуелділігінің түрлері:
-виртуалды байланыс және виртуалды танысу үшін онлайн ойындарға тәуелділік пен көп көлемде хат алмасуы бар әлеуметтік желілердегі таныстар мен достарға көп мүмкіндік беру.


-Құмар ойынға тәуелділік – бұл әлеуметтік желілердегі ойындарына деген құштарлық.
— қаржылық қажеттілік, онлайн құмар ойындар ойнауға байлану, интернет-дүкендерде қажетсіз сауда жасау. Еңбектеніп тапқан табысын картаға, футбол сияқты букмекерлік кеңселерге салып сан соғып, бармақ тістеп қалып жатқан жастарды көп кездестіруге болады. Негізінен қазіргі кезде осы құмар ойынның кесірінен көп жастарымыздың жұмыс жасауға деген қабілеттері төмендеп, еріншектік қасиеттері басым болып бара жатыр, – дейді мамандар.
Қазақстанда «Ойын бизнесі» туралы заңның 6-бабы, 2-тармағына сәйкес электронды казино және интернет-казино қызметіне тыйым салынған және 15-бабта құмар ойындар ойнауға немесе бәс тігуге жиырма бір жасқа дейінгі жас шектеуі бар екені жазылған. Бірақ дәл осы интернет-казино ойнау жасөспірімдердің арасында белең алған. Зерттеуге сүйенсек, бұның барлығы балалардың үнемі ойнап жүрген ойындарының нәтижесінде болады. Өйткені бала ойыннан жалыққаннан кейін, оңай жолмен шынайы ақша ұтуды қалайды. Содан соң виртуалды кезеңнен өтіп, казиноға құмарта бастайды. Құмар ойындарына деген қызығушылық мектеп кезден қаланады. Жас жеткіншектердің оңай ақша табамын деген пікірінен туындайды. Баланың компьютерлік ойындарға тәуелді болуын ата-анасының назарынан тыс қалғандығымен байланыстыратындар бар. Шектеудің жоқтығы да тікелей әсер етеді. Себебі, қазіргі таңда смартфон да, ғаламтор да қолжетімді. Содан кейін жасөспірімдер құмар ойындарға қасындағы жора-жолдастарына еліктеу арқылы да баруы мүмкін. Алғашында қызығушылықпен ойнап көреді. Одан кейін қайталана берсе, тәуелділікке ұласады. Әлбетте оған психологиялық тұрғыда әсер ететін жағдай – отбасында балаға көңіл бөлмеу. Үйде жақсы эмоция алмаған бала оны сырттан іздейді. Сондықтан ата-аналар, балаларына мейілінше назар аударып, мейірімге бөлеуге тырысуы қажет. Баланың құмар ойыншыға айналуына әсер ететін негізгі факторларға ортасына еліктеу, күйзеліс, эмоцияның жетіспеуін жатқызады.

Алғашында бала ұялы телефондағы ойындарға донат жасап жүреді. Жайлап ережесіз жекпе-жек, футбол іспеттес спорт ойындарына бәс тіге бастайды. Адам ойынға тәуелді болған кезде интернет-казинодағы слоттарға бармаса, ойындарға қатыспаса, психологиялық тұрғыда ашушаң, жүйке жүйесі жұқара бастайды. Алғашқы кезеңде сіз үшін ойын өте жеңіл, әрі еш күмән тудырмайтындай-ақ болып көрінеді. Бірақ уақыт өте жеңіліс табасыз, жалған намыспен өзге нәрсені дәлелдегіңіз келгенмен, ақыр соңы тақырға отыруға тіреледі. Ойын ішінде төлем жасау мүмкіндіктері 2010 жылы Team Fortress 2, содан кейін Overwatch және Call Of Duty: WW2 сияқты танымал ойындарға алғаш енгізілген. Содан кейін ол үрдіске айналды. Candy Crush, Diablo, Final Fantasy сияқты танымал франчайзингтер табыс табу мақсатында микротранзакциялар мен «сыйлыққа» тәуелді ететін ойындарды көптеп шығара бастады. Қазіргі таңда құмар ойынның түрі де көп. Мысалы, лотореяға бинго, джекпот жатса, гэмблингке ойын автоматы, беттингке спорт жарысына бәс тігу қаралады. Карта ойындарына покер, блэкджэк, баккора жатса, казино ойындарына рулетка, бинго, колесо, фортуна және тағы басқа ойындар кіреді.

Құмар ойындарға деген құштарлық патология, яғни, психологиялық ауру ретінде қарастырылып жүр. Мамандардың пікірінше толыққанды отбасынан шықса да шылым шегіп, нашақор болып, қалаберді лудоман болып кететін азаматтар бар. Шектен тыс еркелетіп, әлпештегеннен де бала психологиясы өзгеріске ұшырайды екен. Азарт ойынға еліктеушілікке материалдық жағдайдың төмендігі тікелей әсер етуі мүмкін. Себебі, кейбір жастар бірден ауқатты өмір сүруге ұмтылады. Әр адам түрлі себептермен тәуелділікке бой алдырады.

Психологтар жүргізген зерттеуге көз жүгіртсек, 17-38 жас аралығындағы жастар құмар ойынға жиі әуестенеді. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті үдеріс екені анық. Ойынға тәуелділік кезінде тұлғаның даму процесінде физикалық, рухани, әлеуметтік тұрғыда құлдырап, өз ортасынан алшақтауы байқалады. Бүгінде ойын кеңселерін жастар көп шоғырланған оқу орындарының жанынан, жатақхана маңайынан жиі кездестіресіз. Сондай-ақ бұл кеңселер жарнамасын адам көзі жиі түсетін орындарға орналыстыруды көздейді. Студенттер ғана емес мектеп оқушыларының да құмар ойынның құрбанына айналып жатқаны өкінішті.

Оқушылардың сабақ үстінде, қоңырау барысында әлі де телефонға көп қарауы да тәуелділіктің бір түрі болып табылады. Елімізде жасөспірімдер арасында құмар ойындардың алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар атқарылады. Желіде құмар ойындары бар сайттар анықталып, пайдаланушының «ата-ана бақылауы» жеке кабинеттерінде бұғаттауға ұсынылған 16 сайт анықталған. Қолайсыз мазмұнды қамтитын және бұғаттауға ұсынылатын сайттардың «қара каталогы» құрылған. Интернет-тәуелділіктің, балалар мен жастарға арналған кибербуллингтің алдын алу бойынша онлайн курс өткізіледі. Білім ордаларында мектеп инспекторы, тәрбие ісінің меңгерушісі, әлеуметтік педагог және психолог мамандар бірлесе отырып жоспар құрып, сол бойынша оқу жылы барысында қызу жұмыс жасайды. Ересектермен салыстырғанда бала психологиясы өте иілгіш болады. Көп нәрсе ұстаз бен ата-ананың бала тілін тауып, шектеу қоя білуіне байланысты. Баланың көңіл күйін, ойыннан алатын эмоциясын өзге дүниемен алмастыру арқылы тығырықтан шығуға болады.

Сенат депутаттары мақұлдаған құмар ойынға тәуелділікпен күресуге бағытталған заң жобасының негізгі ережесінің бірі – мемлекеттік, әскери қызметшілердің және борышкерлердің құмар ойын ойнауына тыйым салу. Сондай-ақ букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына шектеулер мен онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Заңдық тұрғыдағы жұмыстармен қатар, тұрғындардың санасында бәс тігуге деген саналы теріс көзқарасты қалыптастыру маңызды. Ел болашағы саналы, білімді жастар. Құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу үшін ата-ана мен мектеп бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана мәселе шешімін таппақ.

Г. Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ