Күләш – опера өнерінің бұлбұлы
Күләш (Гүлбаһрам) Байсейітова (1912-1957 жж) – әнші, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі (1936ж), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948, 1949ж).
Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Оның бойындағы қабілетінің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасанның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектепті бітірген соң Күләш Қазақ педагогика институтына түсіп, көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының тобына қабылданады. Онда алғашқыда шағын-шағын эпизодтық рөлдерде ойнап жүреді. Бірде басты рөлде ойнайтын бір актер ауырып қалады. Қойылым үзілмеуі үшін режиссер сол рөлге Күләшті шақырады. Сонда Күләштің қуанышында шек болмай, бірден келіседі. Бұрынғы актерге қарағанда оның киімі жұпынылау еді. «Маған бәрі бір, үстіме қап жамылсам да, тек сахнаға шықсам болды», — дейтін ол. Аз уақыт ішінде Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н.Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия Тихонованың, М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клавдияның және тағы басқа рөлдерді ойнап, тамаша қабілетімен танылады.
1933 жылы қазақтың тұңғыш Музыкалық театры ашылады. Бұл театрға Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Иса Байзақовтармен бірге Күләш Байсейітова да қабылданады. Театр шымылдығы 1934 жылы М. Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рөлді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы қазақ қызының ар-намыстан жарылғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Аз уақыт аясында лирикалық кейіпкерлер Қыз Жібектің («Қыз Жібек»), Шұғаның («Шұға»), батыр партизан қыз Наушаның («Тұтқын»), ақын Сараның («Біржан-Сара»), Ақжүністің («Ер Тарғын») образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі.
1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің алғашқы декадасы өтеді. Бұл өнер мерекесіне жаңа құрылған қазақ опера театры Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және «Жалбыр» операларын апарып, қояды. Осы операларда басты рөлдерді ойнаған Күләш сахнаға шыға келгенде, қызылды-жасылды киімдері, күлімсіреген нұрлы жүзі, мөлдіреген қара көздерімен сахнаны жарқырата жайнатып, көрермендерді өзіне бірден баурап алады. Ал күмістей сыңғырлаған даусымен опера арияларын, әсіресе әйгілі «Гәкку» әнін тамылжыта орындаған кезде, өнеріне тәнті болған жұрт орындарынан тұрып, ұзағырақ қол соғып, қошамет көрсетеді. Ол сомдаған нәзік те әсерлі әрі шынайы кейіпкерлерге Мәскеудің талғампаз көрермендері құмарта, ынтыға ғашық болады. Операларда негізінен жағымды кейіпкерлерді сомдайтын Күләшқа «Ер Тарғында» жағымсыз кейіпкер Ақжүністі береді. Батыр Ер Тарғынды сұрқиялықпен алдап, арбап, іші-бауырына кіріп баурап алған ханның қызы Ақжүністің кейпін шынайы бейнелегені сондай, залдағы қол соққан көрерменнің сүйіспеншілігінде шек болмайды. Бір жылдан кейін қазақтың жас опера театры Ленинградта да осындай табыспен өтеді. Екі ірі қаланың баспасөзі қазақ өнерпаздарының, әсіресе Күләштің сахна шеберлігін ауыздарының майын тамыза, жарыса жазады.
Дәл сол 1936 жылдың күзінде КСРО Халық әртісі деген жаңа атақ бекітілген болатын. Осы атақпен алғашқы он үш адамның бірі болып Күләш Байсейітова да марапатталады. Сөйтіп Күләшпен бірге бүкіл Қазақстанның өнеріне жоғары баға беріледі.
Күләш опера театрында «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Абай», «Біржан – Сара» сынды қазақ операларын ғана емес, грузин З. Палиашвилидің «Даиси», татар Н. Жигановтың «Алтыншаш», азербайжан М. Магомаевтың «Наргиз», орыс П. Чайковскийдің «Евгений Онегин», итальяндық Д. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» сынды классикалық операларын да биік деңгейде ойнап, шетелдік көрермендердің де ыстық ықыласына бөлене білді. Сөйтіп, өнерде қазақ бұлбұлы атанған Күләш Байсейітова өзінің қырық бес жылдық аз ғұмырында жарқын да қайталанбас бейнелер галереясын жасап кетті.
Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.