Құқықтық тәрбие балалық шақтан басталады

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі – полиция қызметкері Абзал Қайратұлымен әңгімелескен едік.
– Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Қазақстан полициясының құрылып, ел мүддесі, ұлт болашағы, қоғам қауіпсіздігіне қызмет етіп келе жатқанына 33 жыл уақыт өтіпті.
– Расында да Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігінің, тәртіпті қамтамасыз ету мен сақтаудың, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқықтарын қорғаудың, қылмысқа қатаң талап қоюмен қатар қабілеттілігі мықты мемлекеттік жүйе болып табылады. Қазақстандық полицияның қалыптасуы, басты игілігіміз – ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтап қалуымыз болып табылады. Және ол мемлекетіміздің даму тарихымен тығыз байланысты. Тұлға мен қоғамдық құндылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстанда құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам қалыптасуының шарты. Суға батқан баланы құтқару, қызыл жалынға оранған үйден адамдарды шығару, қарт адамға дереу көмек көрсету. Бұл қазіргі тәртіп сақшыларының күнделікті өмірде жасап жатқан ерліктерінің бір бөлігі ғана. Біздің негізгі міндетіміз — қоғамдық тәртіпті сақтау, заң бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
–Жас ұрпаққа бейбіт күннің батырларының қаһармандық ерліктерін дәріптеп, олардың есімдерін ел есінде мәңгіге қалдыру – біздің парызымыз. Бүгінгі күннің батырлары қандай болу керек деп ойлайсыз?
–Нағыз адал азамат қана ел тыныштығына қауіп төнген сәтте тәуекелге бас тігіп, жанын пида етеді. Мұндай сәтте ердің ері ғана, аранын ашқан ажалға тайсалмай қарсы тұра алады. Бұған әркімнің ерік-жігері жете бермейтіні де рас. Міне, осындай бүкіл саналы өмірін халық игілігіне арнаған нар тұлғалы азаматтар бізде де бар. Біз бөлімдегі барлық жас қызметкерге ондай жандар туралы үнемі айтып отырамыз. Олар біздің есімізде нағыз батырлық пен адалдықтың шынайы үлгісі болып сақталады. Отанын сүйген адам ғана ел мүддесін бәрінен биік қоятыны баршамызға белгілі. Полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдамдылық танытып, шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилікті күтемін. Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Дене шынықтырумен айналысу, спортпен машықтану – полиция қызметкерінің өмірінен ойып тұрып орын алатын нәрсе.
–Нағыз өз ісінің маманы қандай болу керек?
–Полицейлер үшін талап пен жігер қажет деп ойлаймын. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты да назарға алынған. Бізде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана, халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасайды. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтады. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны тәртіп сақшылары асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтып жатады. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс. Жасыратыны жоқ, кейде адамдар полицейлер туралы «шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді», — деп сын-ескертпелерді жаудыртып жатады. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – осы елде тұратын әр азамат пен азаматшаның міндеті.
Түйін: Еліміздегі құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күн жыл сайын аталып өтілуде. Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Ел мүддесі, оның тыныштығы мен жарқын болашағы жолында тынымсыз қызмет етіп жүрген барша әріптестеріміздің еңбектеріне толағай табыстар тілеймін. Еліміздің іргесі тыныш болып, көк туымыз тұғырында желбіресін!
Г.Тұрлыбекова