Қуғын-сүргін құрбандарына тағзым
Саяси қуғын сүргінге ұшыраған Алаш зиялылары, ел ардақтылары тарихымызда өте көп. Сол қазақ зиялыларының ерліктерін жастарымызға насихаттап, бойларына қазақи рухты әрі рухани бай болуын қамтамасыз ету аса маңызды.
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ҚМДБ Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен елорданың мешіт жастары мен «Астана» медресе-колледжінің шәкірттері «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барды.
Тағылымды шараға қатысқан жастар зұлмат кезеңнің жазықсыз құрбандарын еске алып, олардың рухына арнайы Құран бағыштады.
«Бұл шара жастардың өткенімізді біліп қана қоймай, сол заманның түрлі қиындығына көз жүгіртіп, бүгінгі мамыражай уақытымызға шүкір етуіне сеп болады. Алла Тағала ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына рақымына бөлесін» дейді ұйымдастырушы ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы.
Ер есімі ел есінде. Қазақ үшін, тәуелсіздік жолында күрескен арыстарымыз мәңгі ұмытылмайды. Ерліктерін еске алып, олардың тарихы, жасаған еңбектері жайлы анағұрлым мәлімет білсек жастарымыздың білімді әрі дана халықтың ұрпақтары екендігіне айдан анық көз жетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен елімізде қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылған болатын. Құрамында тарихшылар, өлкетанушылар, заңгерлер, қоғам белсенділері енген комиссия қазіргі уақытта бірқатар тарихи құжаттарды ақтарып, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ азаматтарын ақтау жолында нәтижелі жұмыс жасауда.
Әділет Қабиденұлы, «Мөлдір бұлақ»