«ҚУАНБАҢДАР ЖАСТЫҚҚА» (Данышпан Абайдың жастық шақ жайлы жалынды сөздері)

Қуат Қиықбай – 1990 жылы 13 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Үшбиік ауылында туған. «Көктемдегі көлеңке» (2011), «Бейуақыт» (2017) кітаптарының, мерзімді баспасөз бетінде жарияланған елуден астам әңгімелер мен прозалық туындылардың, «Мазасыз маусым», «Сәкеннің соңғы сөзі» пьесаларының авторы.
Халықаралық «Шабыт 2013» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері, республикалық «Аңсар-2014» проза байқауының Бас жүлдегері, 2016 жылғы республикалық «Үркер Үміт» бәйгесінің лауреаты.

 

Хакім Абайдың кез келген әдеби шығармасы тәлім мен тәрбиеге толы. Ол туындылардың дені жастар тақырыбын қаузайды десек артық айтылған сөз емес. Келер заманның көшін бастайтын солар болғандықтан, ақын өскелең ұрпақ — жастық шақтың, жалын атқан жастың қадірін білсе дегенді өз өлеңдерінде айқын әрі анық аңғарылады.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл — Абай сөзі. Үздігіп жеткен ақын үні. Өз жүрегімен сезінген өкініші. Жалпыға қаратып айтқанмен жастар жадында тұтуға тиіс тағылым. Біз Абай Құнанбайұлының жастарға арнаған өсиетін көңіл таразысына салып, өлшемекке ниет білдірдік.

 

 

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек – деп келетін осы сөздер Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» шығармасынан алынып отыр. Біз үзінді қылған ойлы сөзді санасында сақтаған жастың алға ұмтылары белгілі.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық. Ақын Абай «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңінде дәл осылай депті. Адамның өмір өткелдерінің ішінде маңызды орын алатын кезең – жастық шақ. Осы кезде адам тынымсыз еңбек етіп, жақсылыққа ұмтылып, өмірінің негізін қалайды. Жастық шақтың өтпелі екенін санасына түйген адам оның әр сәтін орынды пайдалануға күш салады.
«Ғылым таппай, мақтан ба» өлеңінде Абай:
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл – дейді. Гүлдей жайнаған көңілді нұрландыратын білім мен ізденіс екенін ескертіп, «Сегіз аяқ» жырында төмендегідей сөздерді тағылым қылады:
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Ажарың тозып, базарың тарқаған соң сан соққан өкініштен басқа ештеңе қолынан келмейді. Ал, Абай жас кезіңде көп білуге еліктесең қартайған шақта жемісін көресің, қадірі мен қасиеті бөлек ақсақал боласың дегенді айтып отыр.
Жастықтың оты, қайдасың,
Жүректі түртіп қозғамай?
Немесе:
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ. Абай мұра етіп қалдырған бұл сөздерден дүниенің мәнін ұғып, ғылымның пайдасына жетік болу үшін жастықтың отын өшірмей өзіңе керекті біл дегенді сезінесің.
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек, жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай – біз үзінді келтірген бұл сөздер Абайдың інісі Оспанға арнаған өлеңінен алынды. Жастықтың оты бар адам жасаулы жаудан бұрылмай, жалын жүрегі суынбастай ғұмыр кешеді. Хакім Абай тағылымының тереңіне көз жіберіп отырып оның жастарға бірыңғай ақыл бере бермей, реті келсе олардың қорғаны болып та отырғанын танисың. Осы ойымызға «Туғызған ата ана жоқ» өлеңіндегі мына сөздер анық дәлел:
Байбайшыл тартып, баға жоқ.
Жастарға жаппас жала жоқ.
Өз оғаш қылығын ақтау арқылы жастарға жала жабатын, болмаса үлкен мен кіші арасындағы мәңгілік тартысты Абай алдымызға тартып отыр.
Мен дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың?
«Боламынмен» жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым. Абай «Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын» өлеңін осылай түйіндепті. Ақын осы сөзімен жастық шақтың зымырап өтерін айтып, қадіріне жетуге талпын дегенді тағы да ұғындырады.
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің –
Кімді көрсең, бәрі дос.
Және тағы да:
Қуанбаңдар жастыққа,
Елірме күлкі, мастыққа — депті Абай. Жастықты қызыққа батып той тойлау, күлкіменен көптің санын арттыру деп ұқсақ құрдымға кеткеніміз. Бұл өсиет сөздер жастықты мастыққа балап ғұмыр кешпей осы сәттен былай өмірдің мәніне, жастықтың бағасына жету керегін көңілге бекітеді. «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас» өлеңінде Абай жастық шақта іс қыламын деп алға ұмтылмасаң жастықтың оты сөнер шақта мұның бекершілік екенін айтады:
Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бәрі тайғақ. Абай жастайынан еңбекке құмар болып, оқу оқып, білім биігіне талпынған жанның жерде қалмасын сезідреді:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Абайды тану – адамды тану. Адамды тану арқылы өзіңді танисың, жүрегіңе үңілесің. Өз бойыңдағы мініңмен күресуді зердеге тоқып, жолға қоясың. Абайдың жастарға тағылым қылған өсиетінен түйгеніміз көп. Адам баласы жастайынан өнер мен білімге бас ұрып, еңбек пен ақылға ден қойса тұлға болып толысып, кеудесі рухани қазынаға кенеледі. Жастықтың отын сөндірмеуге тырысып, оның қуатын жақсылыққа жұмсайық.

ПІКІР ЖАЗУ