Критериалды бағалау жүйесі (Оның артықшылығы – білімді құндылық ретінде қарастыруы)

 

 Әлем үздіксіз дамып жатқан бүгінгі ақпараттық-технология ғасырында ұрпақты бұрынғы білім жүйесімен, ескі әдіспен оқытуға болмайтыны белгілі еді. Бірақ қай бағытта, қалай оқыту мәселесінде сұрақ көп болатын. Еліміздебілім саласында халықаралық тәжірибелер мен стандарттарға сәйкес сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру мақсатында жасалған түрлі реформалардан кейін, жаңартылған бағдарлама негізінде білім берудің жаңаша методикасы енгізілді. Жаңартылған бағдарламаның тәжірибедегі қазіргі аяқалысы, жетілу, даму бағыты туралы ұстаздан сұраған жөн болар деген оймен Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Асылбек Жұмабайұлымен сұқбаттасқан едік.

–Мемлекеттік деңгейде Білім беру саласында 2016 жылдан 2021 жылға дейін біршама өзгерістер болды. Мектептер жаңартылған бағдарламаға көшті. Критериалды бағалау жүйесі енгізілді. «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасын негізінде жоспарлы жұмыстар жүзеге асып жатыр. Нәтиже қандай, артықшылығы қандай, кемшілігі бар ма?

– Жаңартылған бағдарламаны мұғалімдер шынайы жүзеге асырса, ізденіс болса, білім алушылардың сауаттылығы мен дағдысын дамытуға, білімін жетілдіруге мүмкіндік мол. Егер ізденіссіз, жай қолдансаң жеміссіз. Қазіргі ақпараттың нөпіріне көмілген жаңа ұрпақты бұрынғы оқу жүйесімен білім беру тиімсіз. Ол жүйе тек жалақы үшін жүрген мұғалімге ғана ыңғайлы.

Біздегі олқылықмектептердегі материалдық-технологиялық базаның ескіруі және заманға сай жабдықталмауы. Яғни, мектептер ең қажетті смарт панельдермен, жеткілікті деңгейде интернетпен қамтылмаған. Жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту базалық тұрғыда әлі толық жабдықталып біткен жоқ. Сондықтан өзіндік қиыншылықтары бар.

– Критериалды бағалау жүйесі балалардың оқуға деген ынтасын төмендетіп жіберді. Оқушылар сұрақ жауапқа бейімделіп барады. Сөйлеу тілі жұтаң, қатесіз жазу, көркем жазу деген түсінік ешкімге керек емес деген пікірлерді жиі естиміз. Критериалды бағалау жүйесі жөніндегі пікіріңіз қандай?

Қазір білім жүйесіндегі бағалау мәселесі барлық баланың мүмкіндігін арттыруға және білім баға үшін емес, «білім өзі үшін» деген ұстанымды ұстануына көмектеседі. Демек, оқушы білімді болу кімге не үшін керек дегенді саналы түрде ұқты. Қазір білім алушылар да, ата-аналар да критериалды бағалаудың маңыздылығын, ұтымдылығын түсінді. Білімді құндылық негізінде беруде критериалды бағалау жүйесі өте тиімді.

Бұрын балалар кітап оқуға құмар еді, қазір ешкім кітапоқымайды деген пікір де жиі айтылады. Осы орайда «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңыздылығын айта кету керек сияқты. Жалпы балалардың кітап оқуға құштарлығын қалай оятуға болады?

–Қазіргі өзекті мәселенің бірі– білім алушылардың кітап оқуға деген құлшынысың төмендігі. Бұның себебін бәлкім, балалардан емес, баланың қажеттілігін қанағаттандыра алмаған өзімізден іздеуіміз керек шығар. Қазір баласына ертегі айтып беретін ата-ана жоқ.Немересіне «ерте, ертеде..» деп баланы қиял әлеміне жетелер ата-әжелеріміз қолындағы «екінші өміріне» айналған  смартфонға байланған.

Келесі мәселе, қазіргі жас буынның ХХ ғасырұрпағынан ойлауында, қабылдауында, сұранысында өзгешелік бар.Демек, бүгінгі уақыттың қалыбына лайық кітаптың болуы өте маңызды. Өкінішке орай, жалпыұлттық деңгейде сұранысқа ие қазақ кітабы жоқ! Екінші мәселе, материалдық құндылық алға шыққан заманда, ұлттың интелектуалдық деңгейі көтерілмейді. Интеллектуалдық деңгей төмендеген елде оқу мәдениетін талап ету қиындау.

Мектеп – білім мен тәрбиенің қазыналы ордасы дейміз.Интеллектуалдық деңгейді қалыптастырушы орта да мектеп болуы керек емес пе? Кейде мектеп білім бергенімен, тәрбие мәселесінде ақсап жататын кездер жиі кездеседі. Негізгі өзекті мәселе жас ұрпақ тәрбиесі десек, ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар бұлағы – ұлттық тәрбие екені белгілі. Осы орайда мектептеріңізде ұлттық тәрбие беру жұмыстары қалай жүргізілетінін айта кетсеңіз…

Қазір жұмысқа байланған ата-ананың бала тәрбиелеу рөлін мектеп атқарып жатыр десек қателеспейміз. Қазақ тілді мектептер  ұлттық тәрбие беруге мүмкіндігінше жұмыс жасап жатыр. Негізгі басымдылық ұлттық құндылықтарға бағытталған.

Ата-анада уақыт жоқ деген әрине үлкен мәселе. Ақыры бала тәрбиесін мектептің, мұғалімнің «мойынына» жүктедік.Интеллектуалдық деңгейді қалыптастырушы орта да мектеп болуы керек емес пе?

–Жалпы қоғамның деңгейінде интеллект қалыптасуы керек. Бала көргенін істейді,  үлкендер ұстамаған кітапты, балада ұстауы екіталай.Ең ащы шындық ағартушы саналатын мұғалімдердің өзінен соңғы оқыған көркем әдебиет кітабыңыз деп сұрасаң,  күмілжиді.Ол тұрмақ, әдебиетті оқытатын мұғалімдер, қазіргі буын ақын-жазушыларын танымайды.

– Кітап демекші…Қазіргі оқулықтың сапасына қатысты сыни ескертпелер өте көп. Сапалы оқулық қандай болуы керек?

Орта білім беру жүйесіндегі бас ауруға айналған мәселе– сапалы оқулықмәселесі. Бұл мәселені президенттен бастап, ата-анаға дейін айтудай-ақ айтып жатырмыз. Бұл жауапсыз авторлар мен «қағаз жүзіндегі» сарапшылардың қателігі.

Жыр болып қабылданған«Педагог мәртебесі» туралы заң ұстаздардың проблемасын толық шеше алды ма?

–  Мұғалім ретінде «Педагог мәртебесі» туралы заң мұғалімнің артық жұмыстан босатылуына, жалақысының көтерілуіне әсер етті. Бірақ елдегі инфлацияға байланысты жалақымыз 2000 жылғы жалақымыздың деңгейіне  теңескенін айтуымыз керек.Мұғалімнің жағасынан алған оқушының кейбір адам төзгісіз қылығын, аузына келгенін айтып кететін ата-ананың сөзін шыдамдылықпен тыңдайтын да, көтеретін де, соның бәрінің тігісін жатқызып, ізгілікке қызмет ететін де өкінішке орай,мұғалім.

– Әңгімеңізге рақмет! «Ұстаз болу –жүректің батылдығы» дейді. Қажырлы еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

ПІКІР ЖАЗУ