Креативті ойларды қолдаймыз

Сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері – «Алтын сақа» балалар баспасының жанынан ашылған «Алтын сақа» балалар орталығының жетекшісі, осы аттас ютуб каналының басшысы, жас қаламгер Мәліке СЕРҒАЛЫ.

 

— «Алтын сақаның» ютуб каналы қалай құрылды, ол жерден ұл-қыздар қандай қызықты нәрселер көре алады?
— Алдымен «Алтын сақа» баспасы құрылды, біздің басты мақсат жаңа ұрпаққа танымдық, тәрбиелік ертегілер, әңгімелер жазу, оларды кітап етіп шығару. Қазақы дүниетанымдағы фантастикалық кейіпкерлер ойлап табу да жоспарымызда бар. Әр шығармамызда танымдық, тәрбиелік мән болуы маңызды. Алайда балаларды бірден кітапқа тарту мүмкін емес, бірінші балалар қазір жүрген ортаға біз баруымыз керек деп ойладық. Солай топ болып балалар қызығатын платформаларды қызу зерттей бастадық. Соның ішіндегі кең тарағаны осы ютуб канал, әрі ол жақта қазақша контент жоқ болған соң қолға алуымыз керек деп шештік.
— Каналдың түсірілімдеріне қатысушы балалар жайлы, түсіруші топ туралы ақпарат берсең.
— Түсірілімдеріміз енді басталып жатқандықтан көп балалар жоқ. Алдағы уақытта тұрақты түрде түсіп тұратын 3 баланы бекіттік, олар: Димаш, Бақытгүлі және Мариям деген ұл-қыздарымыз. Ал түсіруші топ – өзіміздің топ. Арамызда сценарист, СММ маманы, видеограф, дизайнер жастар бар. Балаларға арналған канал болғандықтан түрлі эффектер, түрлі анимациялық монтаждарды қажет етеді. Біздің елімізде жаңадан дамып келе жатқан сала болғандықтан сол жағы біраз уақытты алады.
— Жалпы балаларға арналған каналдардан сіздердің каналдың қандай айырмашылығы бар?
— Қазақша каналдар тым аз. Сондықтан біздің балаларымыз жасқа толмай-ақ, тілі шықпастан жатып басқа тілдегі видеоларды көріп жүр. Біздің каналдың басқа ютуб каналдардан айырмашылығы – заман талабына сай, қазіргі балалар қызығып, көріп жүрген шет елдік каналдардың қазақша баламасы болуы. Балалармен жұмыс істеп жүргеніме біраз уақыт болды. Қынжылтатыны қазақ балалары ойын ашық айтуға, қиялдауға біраз тартыншақтайды. Бұған менталитет, тәрбие әсер ете ме, әлде табиғатынан ба, білмедім. Осы күнге дейін әлемде ешкім түсірмеген дүниелер болады деп айта алмаймын.
— Балаларға арналған орысша каналдар, контент көп. Қазақ тілді балаларға дамытушылық, тәрбиелік контент жоқтың қасы. Осы бос кеңістікті сіздер қалай толтыруды жоспарлап отырсыңдар?
— Біздің каналдан балалар қызықты сұхбаттарды, түрлі танымдық айдарларды, ең танымал мультфильмдер талдау видеоларын, балаларға арналған шағын сериалдарды, балалар әлемі туралы әлеуметтік видеоларды және қарапайым чэлендж видеоларды көре алады. Каналды жас ерекшелігіне бөліп, әртүрлі жастағы бала іздеген қызықты видеоларға толтыру жоспарда бар.
— Бұл каналға шыққысы келетін талантты балалар не істеуі керек? Ютуб каналдарыңды қалай көруге болады?
— Біздің инстаграмдағы @altynsaqa деген парақшамызға өзі туралы ақпараттарды жіберіп, бізге хабарлама қалдырса жеткілікті. Ал, ютуб каналымыздың сілтемесі инстаграм парақшамызда көрсетілген немесе Аltynsaqa деп іздесе шығады.
— Бүгінгі Z ұрпақ жайлы пікіріңіз қандай? Жетістігі неде, кемшілігі неде?
— Бүгінгі ұрпақ жайлы пікірім оң. Олар айтқанға көнбейді, кітап оқымайды, жалқау деп айта берудің қажеті жоқ. Оларды өз қалпында қабылдап, керісінше, бойындағы энергияларын, креативті ойларын дұрыс бағытта қолдануды үйретіп, олардың ішкі жан дүниесін тыңдап, қолдау көрсетсек жеткілікті деп ойлаймын.
— Кітап оқу адамды дамытады дейді. Осы орайда біздің оқырман ұл-қыздарға қандай бес кітапты ұсынар едің?
— Иә, келісемін. Әсіресе, балалық шақта оқылған ертегілердің орны ерекше. Өзім ертегі тыңдап, оқып өскен жастардың қатарынанмын. «Ерекше ертегілер», «Алыптың оқиғасы», «Жолтерек», «Әдебі әдемі ханшайым бол», «Жігіттің сұлтаны бол» сияқты біздің баспамыз шығарған кітаптарды ұл-қыздарға оқуға кеңес беремін.
— Ол кітаптарды қайдан табуға болады?
— Алматыдағы оқырмандар қаладағы Kitapal деген кітап дүкендерінен таба алады. Еліміздің басқа өңірлеріндегі оқырмандар Kitapal интернет дүкендері арқылы тапсырыс беруге болады.
— Журнал оқырмандарына қандай тілек айтасың?
— Журнал оқырмандарына айтар тілегім: жүрегіңді тыңдап, еркін бол, үлкенге құрмет, кішіге ізетті болыңдар. Қиялыңды, өз мүмкіндіктеріңді шектемеңдер. Сен ерекшесің, сенің қолыңнан бәрі келеді!
-Сұхбатыңа рақмет!

Сұхбаттасқан – жас тілші
Айгерім Есенгелдиева,
Алматы қаласы

ПІКІР ЖАЗУ