Қош келдің көктем!

Қош келдің менің алтыншы көктемім! Көктем жыл мезгілдерінің ішіндегі ең кереметі. Табиғат жаңарып, айнала жасыл түске оранып, жан-жануар адамзат жаңа өмір тіршіліктерін бастап, күн мен түн теңесіп, күн ұзарып, мал өріске шығып, тіршілік жаңара бастайды. Қартайған апа-аталарымыз бен жастарымыз да 1-ші наурыз айында көрісіп, бір-бірімен амандық сұрасып алғыс айтып, халықтық алғыс айту мерекесін тойлайды. Жер ана құлпырып, сан алуан жайнаған гүлдерге орана бастайды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жанды аналар мерекесі де осы көктемде болады. Көктем адам баласына жаңа шабыт сыйлайды. Көктемдегі Жер-Ана құнарына еккен бір дәніміз күзде мың дән болып шығады. Бұл да көктемнің бір кереметі.

 

Қазақ халқымыздың жыл санауы бойынша, жыл басы жаңа жылымыз да осы көктемнің Наурыз айымен ілесе келеді. Көктемде жаңбыр жауып артынша күн шығып, кемпірқосақ та әр түрлі түстері мен аспанды ерекшелендіреді. Көктемде айнала тазарып, үлкендер айтқан өнегемен «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей су арналары тазартылып арықтар мен үй аула сыртына, «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалға сай, барлық адам баласы әр түрлі жеміс ағаштарын отырғызады. Тау бөктері мен қырлары бәйшешек пен, құлпырған қызғалдаққа толып, көз жауын алардай жайнап сала береді.
Төрт түлік төлдеп, ақ молайып, қазан-қазан көже жасалып, 22 наурызда жаңа жыл тойланады. Мен көктем мезгілін жақсы көремін. Көктемде мереке көп. Сондықтан сіздерді көктемнің әрбір мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Балтабай Айша Бахтиярқызы, Жамбыл облысы, Шу ауданы,
Шу қаласы, Жібек жолы мектеп-лицейі, 3 «а» сынып оқушысы

Сынып жетекшісі: Жексен Жанар Маратқызы

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ