Көркем мінез бен әдеп күнделігі…
Қазіргі заман ішкі жан дүние мен мінез байлығын арттыруды талап етіп отырғаны рас. Себебі қай ғасыр адамы болмасын, қандай ауқатты әулеттен шықсаң да әрқашан бастапқы орында тұратын үлкен қазына – көркем мінез бен әдеп. Осыған орай қазіргі кезде өз замандастарымыздың арасында мен сыныптасым Қарақат екеуміз және жетекшіміз Әбуталипова Әсемгүл Бағытбайқызымен бірге Шәкәрім шығармашылығындағы туындылар негізінде қоғам арасында көркем мінезді қалыптастыру жолын қарастырып жатырмыз. Зерттеуде мінездің көркем түрін қалыптастыратын жолдарын зерделеудеміз.
Қызықты болу үшін арнайы күнделік жасаудамыз. Алғашқы күнделігіміздің бетін (парақшасын) «Ой» туралы бастағымыз келді. Себебі, адам баласының әрбір жасаған іс-әрекеттері ойдан туындайды, ойдан қалыптасады.
Бүгінгі күнге нақыл сөз:
«Жақсының күнде
Бір ойы кеңиді,
Жаманның күнде
Бір ойы кемиді»
Ой. Ой деген не? Неге адамдар ойлайды? Ойлау қабілеті қандай жағдайларға әкеледі? Міне, осындай сұрақтар адам баласының қай-қайсысының болмасын көкейінде жүр деп санаймын. Ал ендеше, осы сұрақтарға ізденіс жасап, жауап алып көрейік.
Ой. Ой деген не? Ой дегеніміз – бұл тек адам баласына тән қасиет немесе құбылыс. Ойлау арқылы біз ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратуда, болашаққа сенімді жоспар құруға, сұрақтарға жауап іздеу кезінде жауабымызды одан әрі тереңдете түскен жағдайда туындайтын іс-әрекет шоғыры. Ойдың жарқын, ашық әрі қарқынды болуы бұл адам баласының іжан дүниесінің тазалығына, түйсігіне байланысты болады.
Неге адамдар ойланады? Жаңа айтып өткеніміздей, адам баласы ойлау арқылы өмірдің қарасы мен ағын ажырата білу, дұрыс іс-әрекеттер жасағанын сезінуді, алға мақсат қоюға, ол мақсатқа жету жолындағы әдістер мен талаптарды ескеруге мүмкіндік береді. Бұл қабілетті дұрыс қолдана білмеген адамның жасаған әрбір ісі тиянақсыз, ұқыпсыз, ұтымсыз келеді. Яғни, ол адамның ойы бірге жиылмаған, шашыраңқы. Мұндай адамдар кейде «өмірге не үшін келгенін де білмейді». Өз-өзіне мүлде қажет емес сұрақтарды қойып басы қатып, мазасызданады. Мұндай адамдардың ойлау қабілеті керісінше кемиді. Бұл ойды қалыптастыруда қателік болып саналады.
Қорыта келе, ой – адам баласына жол көрсетуші, бағыт-бағдар беруші негізгі құралдарының бірі. Ойлау арқылы біз өзіміздің ой өрісімізді кеңітеміз, пікірімізді дамытамыз. Бұл қабілетті дұрыс қолданып, ойлана білмеген адам өмірде сәтсіздікке ұшырап, сүрініп жатады.
Айдана Берікболова,
Қостанай облысы, Рудный қаласы, Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияның
8 сынып оқушысы