Көне Тараздың бүгінгі баһадүрлері
Ұлы дала төсіндегі көне қалаларымыздың бірі Тараз өңіріне жақында іссапармен барып келген едік. Қаланың екі мың жылдық тарихы бар екенін оқырмандарымыз жақсы біледі.
Біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларда Сырдарияның орта тұсынан өрге қарай Тянь-шянь тауының етегін, Қаратаудың солтүстігі мен теріскейінде біздің ата-бабамыз – Сақтар өмір сүрген. Одан шығысқа қарай бүгінгі Жамбыл, Алматы облыстарының жерлерін исседондар мекендеген.
Тарихи деректерде біздің жыл санаумыздың бірінші жартысында Ескендір Зұлқарнайын Самарқандтан асып, түрік қалаларына беттеген. Сол өңірде түріктердің Шу есімді жас қағаны өмір сүрген. Зұлқарнайын оны өзіне бағындырмақшы болады. Шу батыр 40 жігітпен қарсы шығады. Шайқаста Зұлқарнайын жеңілгенін мойындап, Шумен бітімге келеді. Содан екеуі достасып, ел-жұртын қырғыннан аман алып қалады. Кейін Шу батыр Баласағұнға жақын жерден өз атымен қала салдырады.
Тараз өңірінде сәулет өнерінің тамаша үлгісіне айналған мәдени мұралар көп: Қарахан мазары, Айша бибі мен Бабатша Хатун, Шамансүр кесенелері қазір қайта жаңартылуда. Бәйдібек би, Тектұрмас әулие сынды көптеген әулие-әмбиелердің мекені.
Үстіміздегі жыл туғанына 100 жыл толатын қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза ағаларымызды ұрпағымыз жақсы таниды.
Баукеңнің жүрегі нәзік еді
Бауыржан атамыздың туғанына 100 жыл толуына орай, облыс мектептерінде жазушы Шерхан ағамен кездесулер өткізілуде. Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 гимназиясында өткен осындай кездесуге қатысудың сәті түсті. Мәжіліс залында ине шаншар орын қалмаған. Кеш басталғанда Шерхан аға батыр жайында естеліктерін айтты. Кезек оқушыларға келгенде, Шер ағамыз сұрақтың астында қалғандай күй кешті.
— Бауыржан ата өте қатал болды дейді ғой. Сіз қасында қалай жүрдіңіз?
— Батыр атамыз еш нәрседен қаймықпаған дейді. Сізге сол қасиеті қонды ма?
— Сіз жігіт кезіңізде батыр атамен Мәскеудегі «Өзбекстан» мейрамханасында бірге тамақ ішкенде қандай әсерде болдыңыз?
— Бауыржан атамыздай әділеттілік жолында күресу үшін бүгінгі біздер осы бастан қандай мінез қалыптастыруымыз қажет?
— Батыр Баукеңді жүзі сұсты қатал адам еді деп жиі айтады. Мен білетін Баукең жүрегі нәзік, жаны да нәзік жан еді. Ал, оның қаталдығы, сұсты мінезі – нағыз қазақ батырына тән қасиет, өр тұлға деп айтар едім, — деп, нөсердей жайған сұрақтарға тебірініспен жауап беріп, батыр ата жайлы қызықты әңгімелер айтты.
Естелік тыңдаған зал тола ұландар бір сәт тына қалды. Көп өтпей Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабы негізінде балалар дайындаған сахналық көрініс көрсетілді. Кеш аяқталған соң, әлгінде ғана құлаққа ұрған танадай ұйып отырған шәкірттер ду көтерілді. Қолдарында – Шер-ағаның кітаптары, бәрі жапатармағай ұмтылып,жазушы аталарынан Ақ тілекке толы қолтаңба алуға асықты.
— Бала деген періштеосы. Бәрі аман болсын, – деп ақ батасын берген тау тұлғалы Шерхан аға ақырын аяңдай басып, өзін күткен келесі кездесуге бара жатты.
Тараздан онша қашық емес жердегі Айша бибі мазарына арнайы барып, әруақтарға Құран бағыштатып, Жуалыны бетке алдық. Аудандық ішкі саясат бөлімінен соң, аудандық білім бөліміне келдік. Әдеттегідей, мектептердегі кездесулерімізді бастап кеттік. Кездесуді асыға күткен оқырмандарымызбен жылы жүздесіп, балалармен шүйіркелесіп кеттік.
Осындай кездесулер Байзақ, Жамбыл аудандарының, Тараз қаласының мектептерінде де өткізілді.
Байзақ аудандық білім бөлімінің бастығы Баймұрат Жақсыбекұлымен болған кездесуде, мектеп оқушыларының білімге деген құштарлығы, туған тілін қадірлеп, экологияның сақталуына үлес қосуы – ұстазына байланысты деген қағиданы көбірек айттық.
— Қазір патриот болу деген мәселені жиі қозғаймыз. Ұлтжандылыққа тәрбиелеу үшін педагогтың өзі ұлттың тарихы мен салт-дәстүрін, рәсімін жақсы білуі қажет. Оны талап ететін біздер мен мектеп басшылары. Мен мектеп оқушыларының кез келгенін ұлтжанды азамат деп айтар едім. Өйткені, ол білімде, не болмаса өнер мен спортта ерекшеленеді. Ата-анасына қолғабыс етеді. Патриот дегеніміз осы емес пе?! Кейін осы балалар ер жеткенде, елі, халқы үшін аянбай тер төгетін болады деп сенемін, — деді сөзін аяқтап.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Найманова Үміткен бізді жылы қарсы алды. Кәнігі педагог, білім саласында бірнеше жыл еңбек еткен.
— «Мөлдір бұлақ» журналын бұрыннан білемін. Балаларға өте ұнайды. Республикамызда балалар басылымдары көбейіп келеді. Егер әр басылым баланың рухани жандүниесін баурап алып, көмекші бола білсе, көкейінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап таба білсе, қандай ғажап! Басылымда жарияланған әр дүниеден оқушы ғана емес, мұғалім де, ұстаз да тағылым алады. Балалардың шығармалары жарияланып, сәби жүректеріне ұялаған қуаныш ұзағынан сүйіндірсе, бірлесіп атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі сол емес пе! — деді Үміткен Қапанқызы.
Қашанда осындай жылы жүздесулер бола бергей.
Жанастан КУЧУКОВА.